2024 жылдан бастап Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтарына жыл сайын Ұлттық қордан қаражат аударылады. Бағдарлама «Ұлттық қор — балаларға» деп аталады. Оған сәйкес, қордың бір жылдағы инвестициялық кірісінің 50 пайызы Қазақстан балаларының арнайы жинақ шоттарына 18 жасқа толғанға дейін аударылады. Қаржы бүкіл балаға теңдей бөлінеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша, бір балаға 130,71 АҚШ доллары түскен. Бұл қаражатты қалай тексеріп, қалай алуға болады және оны неге жұмсауға рұқсат етілген? nükte. арнайы нұсқаулық жазып шықты.
Бағдарламаның шарттары қандай?
«Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ресми түрде іске қосылған. Соған сәйкес, жобаға 2006 жылы және одан кейін туған азаматтар қатысатын болды. 18 жасқа толмаған бала Қазақстан Республикасының азаматы болуға тиіс.
Қаражат Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) жеке шоттарға түседі. Шот ашу үшін банкке барудың, болмаса басқа адамдарға жүгінудің қажеті жоқ. Себебі шот мемлекеттік деректер базасындағы ақпарат негізінде әр балаға автоматты түрде ашылады. Қаражат балалардың шотына жылдың басында доллармен түседі. eGov Mobile қосымшасынан немесе порталынан балаңыздың деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні) дұрыс жазылған ба, тексеріп алыңыз.
Бала 18 жасқа толғанға дейін бұл ақшаны қолма-қол шешіп алуға немесе тамақ, киім сияқты заттарға жұмсауға болмайды. 18-ге толған соң ғана бұл қаражатты AQYL депозитіне аударуға, баспана мәселесін шешуге, яғни пәтер немесе жер үй сатып алуға, ипотеканы жабуға немесе бастапқы жарнаға қосуға, «Отбасы банкіндегі» баспана депозитіне аударуға болады. Одан бөлек, Қазақстандағы немесе шетелдегі колледждер мен университеттердегі оқу ақысын төлеуге ала алады.
Бала 18 жасқа толғаннан кейін бұл ақша шотта он жыл сақталады. 28 жасына дейін қолданбаса, ақша оның зейнетақы шотына аударылады.
Осы уақытқа дейін қанша ақша жиналғанын kids.enpf.kz сайтынан немесе eGov Mobile және Kaspi.kz, Halyk Bank сияқты екінші деңгейдегі банктердің қосымшаларынан тексеруге болады. kids.enpf.kz сайтында кез келген адам баланың ЖСН-ін енгізіп, соманы тексере алады. Ал eGov Mobile мен банк қосымшаларында бұл ақпарат баланың ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке аккаунтынан көрінеді.
Ақшаны қалай алуға болады?
Бала 18 жасқа толғаннан кейін шотта жиналған ақшаны алу үшін ресми рұқсаты бар банктердің бірінен АҚШ долларымен шот ашып, онлайн өтініш жіберуі қажет. Ақшаны үй алуға немесе ипотекаға жұмсағысы келсе, «Отбасы банкіне» жүгінуге тиіс. Ал оқу ақысын төлеуге алатын болса, «Отбасы банк», Halyk Bank немесе «Банк ЦентрКредит» арқылы өтініш бере алады.
«Отбасы банк» арқылы алу
БЖЗҚ-дағы ақшаны «Отбасы банк» шотына аудару үшін ЭЦҚ арқылы enpf-otbasybank.kz платформасына кіру керек. Кейін «Ұлттық қор — балаларға» бөлімін таңдаңыз. Бұл жерде сізге ЭЦҚ-мен деректерді өңдеуге келісім беру, міндеттемелер мен келісімшарт деген төрт құжатқа қол қою қажет. Содан кейін ақшаны қайда жұмсайтыныңызды таңдап, соманы АҚШ долларымен көрсетіңіз.
Кейін «Өтінішті растау» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы «Көзделген жинақтарды төлеуге арналған өтініш» құжатына қол қою қажет. Сосын «Өтінішті жіберу» батырмасын басыңыз. Өтініштің статусын Enpf-otbasy.kz сайтындағы жеке кабинетіңізден бақылай аласыз. БЖЗҚ оны қарауға қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде жауап қайтарады.
Өтініш мақұлданса, статусы өзгеріп, ақшаның арнайы шотыңызға түскені көрінеді. Осыдан кейін ақшаны неге жұмсайтыныңызды растайсыз, қажет болса, мақсатыңызды өзгертуге де болады.
Сізде теңгедегі шот болмаса, ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қойып, жаңадан шот ашасыз. Содан соң өтінішті жібересіз. Енді валютаны теңгеге айырбастау (конвертация) қажет. Ол үшін «Айырбастауға өтініш» құжатына қол қою керек. Конвертациядан кейін ақшаны «Отбасы банктегі» қай депозитіңізге аударатыныңызды таңдап, ЭЦҚ-мен құжатқа қол қойыңыз.
Halyk Bank арқылы алу
БЖЗҚ-дағы жиналған ақшаны алу үшін Halyk қосымшасынан кез келген уақытта өтініш бере аласыз. Банктің жаңа клиенті болсаңыз, App Store немесе Google Play-ден Halyk қосымшасын жүктеп алуыңыз керек. Қосымшаны ашып, «Тіркелу» батырмасын басыңыз. «Ұлттық қор — балаларға» бөлімін таңдап, экранда не жазылып тұр, соны істеуіңіз қажет.
Halyk банкті бұрыннан қолданатын болсаңыз, кейінгі нұсқасына дейін жаңартыңыз. «Ұлттық қор — балаларға» бөлімінде ақшаны қайда аударатыныңызды таңдайсыз.
Жиналған ақшаны AQYL білім беру депозитіне аударуға болады. Оның кәдімгі депозиттен айырмасы — жинаған қорыңызға банк сыйақысымен бірге мемлекет те жыл сайын 5-7 пайыз сыйақы қосады. Бірақ AQYL әр жағдайда ең тиімді депозит бола бермейді.
БЖЗҚ өтінішті бес жұмыс күні ішінде қарайды, жауабы банк қосымшасынан хабарлама болып келеді. Банкке Қазақстандағы оқу орнымен жасалған келісімшарт пен төлем шоты керек. Шетелде оқитындар оқуға қабылданғаны туралы анықтаманы да жіберуге тиіс. Банк құжаттарды тексеріп, он жұмыс күні ішінде ақшаны аударады.
Ескерту! Ақша 45 жұмыс күні ішінде пайдаланылмаса, БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Осы уақытқа дейін қанша ақша түсті?
2025 жылдың қорытындысы бойынша, бір балаға — 130,71 АҚШ доллары, ал 2024 жылы — 129,38 АҚШ доллары, 2023 жылы 100,52 АҚШ доллары аударылған.
БЖЗҚ-ның мәліметінше, 2024 жылғы ақпаннан 2026 жылғы қыркүйекке дейін бұл бағдарлама аясында 365 553 балаға жиналған ақшасы аударылған. Қаражаттың жалпы сомасы — шамамен 76,11 миллион АҚШ доллары.
2026 жылдың басынан 1 қыркүйекке дейін 170 156 азаматқа 44,84 миллион АҚШ доллары аударылған. Оның ішінде 119 279 адам баспана жағдайын жақсартуға 31 миллион доллардан астам қаражат алса, 50 877 адам оқу ақысын төлеуге 13,83 миллион доллар жұмсалды.
Ескерту! Ұлттық қордан ақша алуға құқығы бар бала қайтыс болса, оның шотына ақша аудару тоқтайды. Мұндай жағдайда жиналған қаражатты оның ата-анасы, отбасын құрып үлгерген болса, жұбайы немесе басқа да заңды мұрагерлері БЖЗҚ-ға өтініш беріп, заң бойынша ала алады. 2026 жылғы 1 қыркүйектегі мәліметке сәйкес, 226 мұрагерге 74,46 мың АҚШ доллары төленген.
Бала 18 жасқа толғанға дейін жиналатын ақша БЖЗҚ-дағы шотында сақталып, Ұлттық қор оны инвестициялап отырады. Түскен табыстың есебінен баланың есепшотындағы ақша да көбейіп отырады.
Балаңыз 2008 жылы немесе одан кейін туған болса, оның есепшотында орта есеппен 370,56 АҚШ доллары жиналған болуы мүмкін. 2006, 2007 және 2008 жылы туғандар 18 жасқа толғандықтан, ақшасын қазірден бастап шешіп ала алады.
Әлеуметтік желі қолданушыларының бұл бағдарлама туралы пікірі әртүрлі. Бірі ақшаны алып, өз қажетіне жұмсап жатқанын айтса, енді бірі қаражаттың доллармен жиналатынына байланысты «болашақта бұл доллардың құны болмай қалатын сияқты» деп алаңдайды.