Skip to content

RDR2: Жабайы Батыстың ақыры және нәсілшіл стереотиптер

Red Dead Redemption 2 жабайы Батыстың көлеңкелі тарихын ашады. Ойын нәсілшілдіктің түбінде не жатқанын көрсетеді. Бірақ өзі де осы қайшылықтан қашып құтыла алмайды.

Red Dead Redemption 2 ойыны Америка тарихындағы жерге, ресурс пен билікке деген таласты көрсетеді. Ойын нәсілшілдік артында жекелеген адамдар бойындағы өшпенділік қана емес, мемлекет, бизнес пен «ғылыми теориялар» да тұрғанын әшкерелейді. Тек бір қайшылығы — авторлар алалауды айыптағанымен, ойыншыға сол озбырлықты қайталауға да мүмкіндік береді.

Бұл жай ойын емес

Rockstar Games компаниясы шығарған Red Dead Redemption 2 ойынындағы оқиғалар 1899 жылы өтеді. Ол кезде АҚШ-та теміржол желісі кеңейіп, ірі компаниялар күшейіп жатқан еді. Мемлекет те ел аумағындағы бақылауын арттырып, бұрын еркін өмір сүрген қауымдар біртіндеп жерінен айырыла бастады.

Ойын Датч ван дер Линде бастаған қылмыстық топтың тағдырын баяндайды. Олар бұрынғы еркін өмірін сақтап қалуға тырысып, билікке қарсы күреседі. Алайда ойынның негізгі тақырыбы бұдан әлдеқайда ауқымды. 

Америкада жаңа экономикалық тәртіп орнағанда кім ұтып, кім ұтылды? Red Dead Redemption 2 бұл сұраққа байырғы халықтың, қара нәсілділердің, қытайлық иммигранттардың және қоғамнан шеттетілген басқа да адамдардың тағдыры арқылы жауап береді. «Өркениет орнату» деген ұранмен жасалған өзгерістердің игілігін бәрі бірдей көрген жоқ. Біреулер жерге, мұнайға және саяси билікке ие болса, басқалары туған жерінен, құқығы мен қауіпсіздігінен айырылды.

Жабайы Батыс. Фото: rockstargames.com

Классикалық уестерн артында не тұр?

Холливудтың классикалық уестерн фильмдерінде Американың батысы көбіне игерілмеген, бос жатқан жер деп көрсетілетін. Ақ нәсілді қоныстанушылар қаһарман болып суреттелсе, оларға қарсы шыққан байырғы халық қауіп төндіретін жау бейнесінде беріледі. Осылайша жерді тартып алу мен жергілікті халыққа жасалған зорлық-зомбылық ел дамуының заңды әрі табиғи бөлігі сияқты көрінді.

Red Dead Redemption 2 бұл түсінікті теріске шығарады. Ойында басты қауіп жабайы табиғаттан не жергілікті халықтан емес, жерді, өндіріс пен билікті өз қолына жинаған адамдардан төнеді. Теміржол салу, мұнай өндіру мен қалаларды кеңейту елдің дамуына жол ашқанымен, бұл өзгерістердің артында адамдарды туған жерінен күштеп көшіру, арзан жұмыс күшін пайдалану және мемлекет қысымы тұр.

Ойындағы оқиғалардың 1899 жылы өтетіні де кездейсоқ емес. АҚШ-та Азамат соғысынан кейін қара нәсілділерге берілген құқықтар біртіндеп шектеліп, оңтүстік штаттарда нәсілдік бөлінуді заңдастырған Джим Кроу тәртібі күшейді. Ойындағы Лемойн аймағы сол кезеңдегі жағдайды көрсетеді. Мұнда Азамат соғысында жеңілген Конфедерацияны жақтайтын қарулы топтар жүр, Ку-клукс-клан жасырын жиналыстар өткізеді, ал заң алдында бәрі бірдей емес. Сондықтан ойындағы нәсілшілдік тек жекелеген адамдардың өшпенділігімен шектелмейді. Кемсітушілік полицияның, әскердің, соттың және ірі компаниялардың әрекетінен де көрінеді. Ойында билікпен байланысы бар Пинкертон агенттігінің қызметкерлері де маңызды рөл атқарады.

Уапити тайпасының жері кімге керек болды?

Red Dead Redemption 2 ойынында отаршылдық мәселесі Уапити тайпасының тағдыры арқылы ашылады. Тайпа екі тараптан қысым көреді. Бірі жағынан АҚШ әскері жергілікті халықты ығыстыруға тырысса, екінші жағынан Cornwall Kerosene & Tar компаниясы олардың жеріндегі мұнайды иеленіп алғысы келеді.

Бұл оқиға байырғы халықтың өз ішіндегі келіспеушілікті де көрсетеді. Тайпа көсемі Нөсер жауын (Rains Fall) келіссөз жүргізіп, халқын аман алып қалуға барын салады. Ал оның ұлы Қыран қанат (Eagle Flies) билікпен бейбіт жолмен келісу мүмкін емес деп есептейді. Сондықтан қарулы күрес бастайды.

Әке мен баланың мақсаты бір — халқы мен жерін қорғап қалу. Бірақ оған жетудің жолын әрқайсысы әртүрлі көреді. Датч осы келіспеушілікті өз пайдасына жаратады. Ол Қыран қанаттың ашуын пайдаланып, тайпаның күресін өз тобының мүддесіне пайдаланады.

Ақырында жас жауынгер қаза тауып, тайпа туған жерінен кетуге мәжбүр болады. Бұл оқиға Американың батысын игеру туралы әдемі әңгімелердің артында экономикалық мүдде жатқанын көрсетеді. Жерден мұнай табылғанда компания да, әскер де, мемлекет те оны иеленуге мүдделі болып шығады.

Ақырында мұнайға қол жеткізген компания ұтады, ал ата-бабасынан қалған жерге құқығы болғанымен, оны қорғай алмаған халық жеңіліс табады.

Уапити үнді резервациясы. Фото: imdb.com

Чарльз бен Ленни неге маңызды?

Классикалық уестерн фильмдерінде нәсілдік азшылық өкілдері көбіне ақ нәсілді бас кейіпкердің оқиғасын толықтырып тұратын қосалқы кейіпкер болатын. Ал Red Dead Redemption 2 ойынында Чарльз Смит пен Ленни Саммерстің әрқайсысының өз тарихы, ұстанымы мен таңдауы бар.

Чарльздың әкесі — қара нәсілді америкалық, ал анасы — Американың байырғы халқының өкілі. Шыққан тегіне байланысты ол екі жақтан да кемсітушілік көрген. Соған қарамастан Чарльз — топтағы ең байсалды, адамгершілігі мол кейіпкердің бірі. Оның табиғатқа деген көзқарасы да өзгеше.

Мысалы, ойындағы бір тапсырмада Чарльз бизондарды қырып жүрген аңшыларға қарсы шығады. Аңшылар жануарларды азық үшін емес, байырғы халықты қорлау мақсатында өлтірген. Бұл оқиға кездейсоқ қосылған тапсырма емес. Ойын бизондарды қыру арқылы жергілікті халықтың күнкөріс көзін де жойғанын көрсетеді.

Чарльз Смит. Фото: rockstargames.com

Ленни Саммерс те қара нәсілділер туралы қалыптасқан түсінікті өзгертетін кейіпкер. Ол сауатты, көп кітап оқиды және елдегі саяси өзгерістерді жақсы түсінеді. Ленни қара нәсілділер құлдықтан босатылғанымен, әлі де ақ нәсілділермен тең құқыққа ие болмағанын ашық айтады. Оның отбасы бірнеше ұрпақ бойы құлдықта өмір сүрген, ал өзі жас кезінен заңнан қашуға мәжбүр болған.

Ленни ойыншы аяуға тиіс дәрменсіз адам болып көрсетілмейді. Керісінше, ол өзін кемсітіп отырған қоғамның қалай жұмыс істейтінін түсінеді және сол туралы ашық айтады. Осылайша ойын қара нәсілді кейіпкерді оқиғаның сыртында қалдырмай, оған өз көзқарасы мен ұстанымы бар адам ретінде орын береді.

Ван дер Линде тобы шынымен тең қоғам ба?

Датч ван дер Линденің тобы сыртқы әлеммен салыстырғанда әділеттірек көрінеді. Мұнда адамның қайдан шыққаны мен терісінің түсінен гөрі оның қабілеті және топқа адалдығы маңызды. Сондықтан Чарльз бен Ленни топ ішінде өздерін салыстырмалы түрде еркін сезінеді.

Бірақ бұл топты бәрі тең, бәрі бақытты орта деуге болмайды. Себебі мұндағы теңдік бәріне ортақ ережеге емес, Датчтың беделіне байланысты. Оның шешімдеріне күмән көбейген сайын еркіндік туралы сөздерінің астарында билік пен байлыққа деген құмарлық жатқаны байқалады.

Ойын осы арқылы маңызды мәселеге назар аударады. Қоғамнан шеттетілген адамдарға пана беру мен оларға шын мәнінде еркіндік беру деген — екі бөлек нәрсе. Егер бәрі бір адамның шешіміне тәуелді болса, мұндай ортада теңдік орнатқан қиын.

Ван дер Линде қылмыстық тобы. Фото: rockstargames.com

Нәсілшілдер неге қорқынышты емес, күлкілі көрсетілген?

Red Dead Redemption 2 ойынында Ку-клукс-клан мүшелері айбарлы не құдіретті адамдар болып көрсетілмейді. Керісінше, олардың түнде өткізетін рәсімдері көбіне сәтсіз аяқталады. Бірі отқа оранса, енді бірі құлаған крестің астында қалады. Бұл көріністер ойынға жай күлкі үшін қосылмаған.

Ойын авторлары нәсілшілерді осылайша келемеждейді. Олар қатыгез болғанымен, дәрменсіз әрі күлкілі адамдар ретінде бейнеленеді. Оның үстіне ойыншы клан мүшелеріне шабуыл жасаса, әдетте қарапайым тұрғындарға шабуыл жасағандағыдай жаза алмайды.

Лемойн қарақшылары да осы ойды толықтыра түседі. Олар Азамат соғысында жеңілген Конфедерацияны аңсап, құлдықтың жойылуын үлкен қасірет санайды. Бірақ олардың сағынып жүрген дәуірінде бір адамдардың артықшылығы басқалардың еркіндігін шектеу арқылы сақталған еді.

Осы кейіпкерлер арқылы ойын өткенді дәріптеу дегер тарихты құрметтеу емесін көрсетеді. Кейде адамдар бұрынғы артықшылықтарынан айырылғанын мойындағысы келмегендіктен өткенде аңсайды.

Сен-Дени: прогресс кімнің еңбегіне сүйенді?

Сен-Дени — Red Dead Redemption 2 ойынындағы ең дамыған қала. Мұнда трамвай жүреді, зауыттар жұмыс істейді, порт пен қаржы орталықтары бар. Бірақ қаланың көркейіп, байып жатқаны — ондағы адамдардың бәрі бірдей жақсы өмір сүріп жатыр деген сөз емес.

Мысалы, көшеде ақ нәсілділердің өзгелерден туа біткен артықшылығы бар деп насихаттайтын Норрис Форсайтты кездестіруге болады. Ол нәсілшіл көзқарасын ғылыммен дәлелдеуге тырысады. Бұл кейіпкер XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында кең тараған евгеника идеяларын еске салады. Сол кезде кейбір адамдар тұқым қуалаушылықты желеу етіп, бір нәсілді екіншісінен артық көрсетуге тырысқан.

Ойында тағы бір қызық ерекшелік бар. Егер Артур көшеде нәсілшіл көзқарасты насихаттап тұрған Норрис Форсайтты ұрып жіберсе, полиция әдетте оны жазаламайды. Бұл XIX ғасырдағы полицияның әрекетін дәл көрсетеді деген сөз емес. Ойын авторлары осылайша нәсілшілдікке қарсы ұстанымын білдіреді.

Сен-Денидегі тағы бір мәселе — иммигранттардың жағдайы. Қытайлық жұмысшылар қала экономикасына қажет болғанымен, қоғамнан шеттетілген. Басқаша айтқанда, қала олардың еңбегін қанайды, бірақ өздерін басқа тұрғындармен тең көрмейді.

Сен-Дени қаласы. Фото: imdb.com

Осылайша Сен-Дени ел дамуының екі түрлі қырын көрсетеді. Қала көркейіп, жаңа ғимараттар салынып, байлық көбейгенімен, оның игілігін бәрі бірдей көрмейді. Ал сол байлықтың жиналуы үшін ең көп еңбек еткен адамдардың өзі қоғамнан шеттетілуі мүмкін.

Ойын нәсілшілдікті сынаса, ойыншы неге оны қайталайды?

Red Dead Redemption 2 ойынының ең үлкен ерекшеліктерінің бірі — ойыншының еркін әрекет ете алуы. Әзірлеушілер ойында нәсілшілдік пен отаршылдықты сынағанымен, ойыншыға көптеген әрекетті өз қалауынша жасауға мүмкіндік береді. Кейде бұл еркіндік ойын авторлары жеткізгісі келген ойға қайшы шығып кетеді.

Мысалы, ойындағы әйелдердің сайлау құқығын талап ететін кейіпкерге шабуыл жасалған видеолар интернетте кең тарады. Кейбір ойыншылар әйелдердің тең құқығын жақтайтын осы кейіпкерді әдейі нысанаға алып, оны келемеждеп көрсетті. Сондай-ақ Red Dead Online режимінде қара нәсілді не байырғы халық өкіліне ұқсас кейіпкер таңдаған ойыншылар да кемсітушілікке және қастандыққа тап болғанын айтып шағынған.

Бұл жерде мәселе Rockstar Games компаниясының қандай ой жеткізгісі келгенінде ғана емес. Ойын шыққаннан кейін әзірлеушілер адамдардың оны қалай қабылдайтынын және қалай ойнайтынын толық бақылай алмайды. Әр ойыншы берілген мүмкіндіктерді өз көзқарасына сай пайдаланады. Ал әлеуметтік желілерде жұрттың шамына тиетін видеолар тез тарайды.

Сондықтан Red Dead Redemption 2 бір-біріне қайшы екі құбылысты көрсетеді. Бір жағынан ойын Америка тарихындағы нәсілшілдікті әшкерелейді. Екінші жағынан кей ойыншылардың әрекеті мұндай көзқарастардың бүгінгі қоғамда да бар екенін аңғартады.

Артур Морганның өзгерісі нені білдіреді?

Ойынның қоғам мен билік туралы айтқысы келген ойы тек оқиғалар мен қосалқы кейіпкерлер арқылы берілмейді. Оны басты кейіпкер Артур Морганның өзгеруінен де байқауға болады.

Ойынның басында Артур өз тобының мүддесін бәрінен жоғары қойып, Датчтың айтқанына күмән келтірмейді. Бірақ уақыт өте келе оның көзқарасы өзгере бастайды. Ол Уапити тайпасының басына түскен қайғыны, Чарльз бен Леннидің көрген кемсітушілігін, бұрынғы құл иеленушілердің өшпенділігін және ірі компаниялардың қатыгездігін өз көзімен көреді. Осы оқиғалар Артурды бұрын сенген нәрселеріне басқаша қарауға мәжбүрлейді.

Артур қоғамдағы әділетсіздіктің бәрін жоя алмайды. Бірақ қолындағы мүмкіндікті кімге және қалай көмектесуге жұмсайтынын өзі таңдай алады. Ойындағы «ар-намыс» жүйесі де осыған негізделген: ойыншының жасаған ісі кейіпкердің қандай адамға айналатынына әсер етеді.

Осы тұрғыдан қарағанда, Red Dead Redemption 2 ойынының негізгі сұрағы «Жабайы Батыста кім жеңді?» дегенмен шектелмейді. Ойын әділетсіз жүйенің бір бөлігі болған адам кеш те болса өз қатесін түсініп, дұрыс таңдау жасай ала ма деген сұрақ қояды.

Артур Морган. Фото: rockstargames.com

RDR2-дың айтпағы не?

Red Dead Redemption 2 Американың батысындағы тарихты батыр ковбойлар мен «жабайы» тайпалардың арасындағы күрес етіп қана көрсетпейді. Ойын жерді кім иеленгенін, табиғи байлық кімнің қолына өткенін, мемлекет кімнің мүддесін қорғағанын және ел дамуының ауыртпалығын кім көтергенін түсіндіруге тырысады.

Ойынның көрсетуінше, жаңа Америкада заң, ірі капитал мен технологияның ықпалы күшейді, бірақ бұл өзгерістер бәріне бірдей мүмкіндік берген жоқ. Байырғы халықтар жерінен айырылды. Қара нәсілділер заң жүзінде құлдықтан босатылғанымен, кемсітушілік пен нәсілдік алалаудан құтыла алмады. Ал иммигранттардың еңбегі қажет болғанымен, өздері қоғамның тең мүшесі атанып кеткен жоқ.

Red Dead Redemption 2 ойынының құндылығы сол — ол тарихтағы әділетсіздікті әшкерелеп қана қоймайды, билік пен байлық қалай аз адамның қолына шоғырланғанын және мұны ақтау үшін қандай әңгімелер айтылатынын көрсетеді.

Сондықтан бұл ойынды тек XIX ғасырдағы Америка туралы деп қалмаңыз. Ол бүгінгі билік «прогресс», «даму», «жаңа мемлекет» не «жаңа заң» деп таныстырған өзгерістердің пайдасын кім көреді, ал ауыртпалығын кім көтереді деген мәселені де талқыға шығарады.

Соңғы