Skip to content

Депозиттен сукукқа дейін: Қазақстанда шариғатқа сай инвестициялаудың қандай жолдары бар?

Ақшаны көбейтіп, сонымен бірге діни ұстанымнан айнымай инвестиция жасауға бола ма? Қазақстанда мұндай мүмкіндік беретін бірнеше исламдық қаржы құралы бар. Депозиттен бастап сукукқа дейінгі нұсқаларды саралап шықтық.

Фото: nükte.

Қазақстанда инвестициямен айналысатындар қатары көбейген сайын қаражатымды діни ұстанымыма қайшы келмейтіндей, адал жолмен қалай көбейтсем болады деген сұрақты жиі қоя бастады. Дәстүрлі банктегі депозиттің пайызы шариғатта өсім (риба) деп есептеледі, ал биржадағы кез келген акция халал санала бермейді. Ендеше оның қандай баламасы бар? nükte. Қазақстан нарығындағы исламдық қаржы құралдарын зерттеп, олар қалай жұмыс істейтінін және нені ескеру керек екенін анықтады.

Ақша құр жатса, уақыт өте келе оны инфляция жеп, құны жоғалады. Жиналған қаражаттың айналымда болып, ортақ игілікке жұмыс істегені экономикаға да, жеке тұлғаға да пайдалы. 

Ислам қаржысының логика бойынша, ақша — өздігінен ақша тудыратын тауар емес. Сондықтан пайызбен қарыз беру, пайыздық кредит пен дәстүрлі депозит сияқты рибаға негізделген құралдарға тыйым салынады. Оның орнына қаржы нақты активке, саудаға, қызметке не бизнеске араласып, тараптар табыс пен тәуекелді мәміле сипатына қарай бөлісуі керек. Осы қағидаттарға сай келетін Қазақстанда бүгінгі таңда түрлі қаржы инструменттері бар.

Дәстүрлі депозитке балама құралдар
Дәстүрлі депозитте клиент банкке ақшасын қарызға беріп, оның үстінен бекітілген үстеме пайыз алады, ал ислам қаржы моделі басқа модельдер ұсынады. Шариғатқа сай салымда клиент банкке немесе қаржы ұйымына қаражатын шариғат талаптарына сай жобаларға инвестициялауға береді: банк сіздің ақшаңызды тек рұқсат етілген, нақты бизнес-жобаларға салады. Тиісінше, клиент алдын ала кепілдендірілген пайыздан емес, бизнестің өндірген нақты пайдасын банкпен бөліседі және табыспен қатар қаржылық тәуекелді де арқалайды.

Paidax ұсынатын исламдық жинақ
Дәстүрлі долларлық депозиттерге тиімді баламалардың бірі — Paidax платформасындағы исламдық жинақ шоты. Платформа мәліметінше, бұл құрал доллармен жылына 3,08%-ға дейін табыс ұсынады. Шотты Paidax қолданбасы арқылы 1 доллардан бастап ашуға болады. Кіріс күн сайын есептеледі, ал қаражатты кез келген уақытта айыппұлсыз шешіп алуға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, платформа теңгемен де жинақ шотын ұсынады. Мәліметке сәйкес, кірісі 11,5%-ға дейін жетеді. Жинақ шариғатқа сай компанияларға инвестиция жасайды әрі доллар шотындағыдай қаражатты айыппұлсыз шешіп алуға болады.

Компания мәліметіне сүйенсек, бұл өнімде қаражат тәуекелі салыстырмалы түрде төмен, консерватив құралдарға инвестицияланады. Сондықтан ол ақшасын ұзақ мерзімге бұғаттағысы келмейтін, бірақ инвестицияны шариғатқа сай жасасам дейтін азаматтарға қызық болуы мүмкін.

Zaman Bank-тің «Вакала» депозиті

Қаражатына шариғат талаптарына сай табыс іздейтіндерге Zaman Bank ұсынатын «Вакала» депозиті балама бола алады. «Вакала» моделінде банк клиенттің уәкілі, яғни агенті ретінде әрекет етіп, оның қаражатын Шариғат кеңесі мақұлдаған жобаларға инвестициялайды. Салымды ZAMAN BANK мобильді қолданбасы арқылы теңге, доллар немесе еуромен 3 айдан 3 жылға дейінгі мерзімге ашуға болады.

Банк шарттарына сәйкес, теңгемен 36 айға орналастырылған қаражаттың ең жоғары күтілетін кірісі жылына 20%-ға дейін жетуі мүмкін. Клиент түскен табысты ай сайын алып отырса да, оны негізгі сомаға қосып, қайта капитализацияласа да болады.

Алайда мұнда ескеретін шектеулер бар. Шотты тек алғашқы 30 күн ішінде толықтыруға болады. Ал қаражат мерзімінен бұрын алынған жағдайда есептелген табыс сақталмауы мүмкін. Сондықтан мұндай өнімді таңдағанда тек ықтимал кіріске емес, ақшаның қанша уақытқа салынатынына және мерзімінен бұрын алу шарттарына да назар аударған дұрыс.

Алтын мен басқа да бағалы металға инвестиция

Алтын мен басқа да бағалы металдарға инвестиция жасау — капиталды сақтаудың ең көне тәсілдерінің бірі. Акция немесе инвестициялық қордан айырмашылығы, алтынның негізгі міндеті көбіне жинақтың құнын ұзақ мерзімде қорғау.

Шариғат тұрғысынан алтынмен жасалатын мәмілелерге арнайы талаптар бар. Соның ішінде инвестор сатып алған алтынның нақты активке байланған болуы және оған меншік еткеніңіз маңызды. Яғни, шариғат бойынша, сіз алтын сатып алған кезде ол сіздің меншікке өтуге тиіс.

Қазақстанда осыған ұқсас құралдардың бірі — Tabys платформасындағы Gold Coin.

Tabys қолданбасындағы «Gold Coin-ға» инвестиция

2025 жылы Ұлттық банк пен Tabys платформасы цифрлық форматтағы Gold Coin инвестициялық алтынын іске қосты. Бұл құрал инвесторларға алтынды тұтас құйма не монета түрінде емес, бөлшектеп сатып алуға мүмкіндік береді.

Бір Gold Coin алтынның 1/20 трой унциясына тең. Оның бағасы әлемдік алтын нарығындағы LBMA котировкалары мен теңгенің долларға шаққандағы бағамына байланысты өзгеріп отырады.Құралдың маңызды ерекшелігі — цифрлық жинақты кейін нақты алтынға айырбастау мүмкіндігі. Инвестор 20 Gold Coin жинаса, оны Ұлттық банктің тиісті филиалдарында 999,9 сынамалы, салмағы 31,1 грамм болатын физикалық «ÚKI» алтын монетасына айырбастай алады.

Мұрат Қылышбайдың айтуынша, құралдың шариғатқа сай болуы үшін инвестор 20 Gold Coin-ды бірден сатып алуы қажет. Өйткені сол кезде ғана инвестордың қаражаты нақты физикалық алтын монетаға байланады. Ал бөлшекке келетін болсақ, оны айырбастай алмағандықтан, бұл жерде шариғат талаптары толық орындалмай қалады.

Tabys қолданбасында Gold Coin-ды сатып алуға, сатуға және басқа адамға сыйлауға болады. Алайда алтынның бағасы үнемі өсе бермейтінін ескерген жөн.

Қор нарығына инвестиция

Қор нарығында компаниялардың акцияларын, инвестициялық қорларды және басқа бағалы қағаздарды сатып алу арқылы капиталды көбейтуге болады. Мұнда инвестор қаражатын жай сақтап қоймай, нақты бизнестің капиталына қатысады.

Бірақ шариғат тұрғысынан кез келген компанияның акциясын сатып алуға болмайды. Әдетте компанияның негізгі қызметі, қарыз деңгейі, пайыздық кірісінің үлесі және басқа қаржылық көрсеткіштері тексеріледі. Мысалы, алкоголь, құмар ойын, шариғатқа сай емес қаржы қызметтері секілді салаларда жұмыс істейтін компаниялар халал инвестиция сүзгісінен өтпейді. Бұл туралы терең мағұлмат алғыңыз келсе, біздің халал акция туралы мақаламызға зер салыңыз.

Қазақстанда осындай бағалы қағаздарды іріктеуге көмектесетін бірнеше құрал бар.

Paidax қолданбасы
Шариғат талаптарына жіті мән беретін азамат үшін қор нарығына инвестиция жасауға келгенде Paidax отандық өнімі ерекшеленіп тұрады. Басқа брокерлік қызметтер көбіне өсімнен пайда табатын банк инфрақұрылымының бөлшегі ретінде қызмет көрсетеді немесе облигация, опцион, фьючерс сынды шариғатта рұқсат етілмеген құралдар ұсынады. Бұл тұрғыдан алған кезде Paidax-тың брокерлік қызметі шариғат талаптарына анағұрлым жақын деуге болады. Қолданбада Ailat скрининг жүйесі арқылы шариғат талаптарына сәйкес акцияларды іріктеуге болады. Сонымен қатар инвесторларға халал ETF-терге инвестиция жасау мүмкіндігі ұсынылады.Мұндай скрининг инвесторға мыңдаған компанияның қаржылық есебін өз бетінше тексермей-ақ, белгілі бір шариғат стандарттары бойынша сүзгіден өткен бағалы қағаздарды табуға көмектеседі.

Қазіргі таңда Paidax қолданбасында АҚШ биржасында саудаланатын 10000-нан астам құнды қағазға инвестиция жасауға болады.

Tabys Islamic қолданбасы
Қор нарығынан шариғатқа сай активтерді іздейтіндер үшін тағы бір құрал — Teniz Capital мен Ailat бірлесіп іске қосқан Tabys Islamic мобильді қолданбасы. Платформа мәліметінше, онда AAOIFI халықаралық стандарттары негізінде тексерілген 1400-ге жуық бағалы қағаз бар.

Tabys Islamic жеке қолданба ретінде де, Tabys Pro экожүйесіндегі арнайы «Halal» режимі арқылы да жұмыс істейді. Алайда бұл платформа арқылы әзірге халал ETF-тарға инвестиция жасау мүмкіндігі жоқ.

Ұқсас мүмкіндікті Halyk Finance та іске қосты. Компания Ailat жүйесімен интеграция арқылы шариғат скринингінен өткен бағалы қағаздарды іріктеуге мүмкіндік береді.

«Wardat Al Hayat» инвестициялық пай қоры

Қор биржасындағы активтерді өз бетінше таңдап, әр компанияны жеке талдағысы келмейтін инвесторлар исламдық инвестициялық қорларды қарастыра алады.

Осындай құралдардың бірі — BCC Invest басқаратын «Wardat Al Hayat» инвестициялық пай қоры. Қордың стратегиясына сәйкес, жиналған қаражат әлемдік нарықтағы шариғат талаптарына сәйкес компаниялардың акциялары мен исламдық сукук құралдарына инвестицияланады.

Яғни инвестор әр акцияны өзі таңдаудың орнына қаражатын кәсіби басқарушыға сеніп тапсырады. Басқарушы компания портфельді белгіленген инвестициялық стратегия мен шариғат талаптарына сәйкес қалыптастырады.

Компания мәліметіне сәйкес, қордың жылдық кірісі шамамен 4% деңгейінде. Алайда инвестициялық қордың табысы кепілдендірілмейтінін және нарықтағы жағдайға байланысты өзгеретінін ескерген жөн.

«Tayyab» корпоратив сукугі

Ислам қаржысында дәстүрлі облигацияға балама ретінде сукук қолданылады. Облигацияда инвестор компанияға немесе мемлекетке ақша қарызға беріп, пайыздық кіріс алады. Ал сукукта инвестордың табысы белгілі бір активтен, саудадан немесе жобадан түсетін кіріске байланысты құрылады.

Қазақстанда осындай құралдардың бірі — Астана халықаралық қаржы орталығы алаңында ұсынған «Tayyab» корпоративтік сукугі.

Эмитент ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл құрал арқылы тартылған қаражат исламдық автокөлік қаржыландыруына бағытталады. Инвестордың кірісі көлік саудасына байланысты нақты мәмілелерден қалыптасады. Өнім бойынша күтілетін табыстылық жылына 23%-ға дейін жетеді деп көрсетілген.

Құрал AAOIFI шариғат стандарттарына сәйкес құрылып, оған 100 мың теңгеден бастап 2 жылдан 5 жылға дейінгі мерзімге инвестиция салуға болады.

Алайда маңызды шектеу бар: салынған қаражатты мерзімінен бұрын шешіп алу қарастырылмаған. Негізгі капитал инвестиция мерзімі аяқталғаннан кейін қайтарылады.

«Халал» деген «тәуекелі жоқ» деген сөз емес

Исламдық қаржы құралдарын таңдағанда жиі ескеріле бермейтін маңызды нәрсе бар: инвестицияның шариғатқа сай болуы оның қауіпсіз, табысты немесе шығынсыз болатынына кепілдік бермейді. Акция арзандауы, алтын бағасы төмендеуі, валюта бағамы өзгеруі мүмкін. Инвестициялық қор шығын көрсетуі немесе сукук шығарған компания қаржылық қиындыққа тап болуы ықтимал.

Тіпті бірдей «халал инвестиция» санатына кіретін екі құралдың тәуекелі мүлде бөлек болуы мүмкін. Мысалы, доллардағы өтімді жинақ құралы жылына 3,08%-ға дейін, ал ұзақ мерзімді корпоративтік сукук 23%-ға дейін күтілетін кіріс ұсынуы мүмкін. Бірақ осы екі санға қарап, екінші құрал біріншісінен жеті есе тиімді деп қорытынды жасауға болмайды. Біріншісінде қаражатты жылдам алу мүмкіндігі болуы мүмкін, екіншісінде ақша бірнеше жылға байланып қалады. Валютасы, тәуекелі, табыстың қалыптасу механизмі де әртүрлі. Бұның бәрін инвестор жеке-жеке қарастыруы қажет.

Сондықтан шариғатқа сай инвестицияда да классикалық инвестиция қағидаларын ескерген жөн. Барлық қаражатты бір ғана активке салмай, инвестицияны әртараптандыру, төтенше жағдайға арналған резервті бөлек сақтау және жоғары күтілетін табыс әдетте жоғары тәуекелмен қатар жүретінін түсіну маңызды.

Мысалы, инвестордың қолында 1 миллион теңге бар делік. Оның бәрін жылына 20–23% табыс ұсынатын бір құралға салу жоғары кіріс әкелуі мүмкін, бірақ бұл қаражаттың түгелдей бір эмитентке немесе бір инвестициялық модельге тәуелді болуына әкеледі. Ал ақшаның бір бөлігін өтімді жинақта, бір бөлігін алтында, қалғанын акциялар, қорлар немесе сукук сияқты құралдарда ұстау тәуекелді бөлуге мүмкіндік береді.

Бұл мысал нақты инвестициялық стратегия емес, әртараптандыру қағидатын түсіндіру үшін ғана келтірдік.

Сонымен қайсысын таңдаған дұрыс?

Қазақстандағы исламдық қаржы нарығы біртіндеп әртүрлі мақсатқа арналған құралдарды ұсына бастады. Қаражат кез келген уақытта қажет болуы мүмкін болса, өтімді исламдық жинақ құралдарын қарастыруға болады. Ақшаның сатып алу қабілетін ұзақ мерзімде қорғауды көздеген адам алтынға назар аудара алады. Ал капитал өсімін көздейтін және нарықтағы баға құбылуына дайын инвестор шариғат сүзгісінен өткен акциялар мен ETF-терге зер салса болады.

Активтерді өз бетінше таңдауға уақыты не тәжірибесі жоқ адам инвестициялық қорларды қарастыра алады. Ал ақшасын бірнеше жылға орналастыруға дайын инвестор үшін сукук секілді құралдар балама бола алады.

Дегенмен бұл өнімдерді тек жылдық кірісіне қарап салыстырған дұрыс емес. Инвестор кемінде үш сұраққа жауап бергені жөн: ақша маған қашан қажет болады, қандай көлемдегі тәуекелге дайынмын және құралдың шариғатқа сәйкестігін кім әрі қандай стандарт бойынша растаған?

Сондықтан «ақшамды қайда салсам көбірек табыс табамын?» деген сұрақпен қатар «бұл табыс қайдан пайда болады және инвестицияның тәуекелін кім көтереді?» деген сұрақты да қойған дұрыс.

Исламдық қаржының негізгі ерекшелігі де осында: мәселе капиталды тек көбейтуде емес, оның қандай жолмен көбейгеніне де мән беруде.

Ескерту

Бұл мақаладағы ақпаратты және аталған қаржы құралдарын тек танымдық-ақпараттық мақсатта ұсынамыз. Бұлар нақты қаржылық немесе инвестициялық кеңеске жатпайды. Мақалада көрсеткен кіріс көрсеткіштері мен пайыздық мөлшерлемелерге кепілдік берілмейді. Қаржы нарығындағы өткен кезеңдердің нәтижелері болашақтағы кірістің көрсеткіші не кепілі бола алмайды.

Инвестициялық шешім қабылдамас бұрын таңдаған қаржы құралының ресми құжаттарымен, тәуекелдерімен және комиссияларымен мұқият танысуды ұсынамыз. Қажет болған жағдайда тәуелсіз қаржы маманымен, шариғат талаптарына сәйкестігі маңызды болса, білікті шариғат маманымен кеңесіңіз.

Соңғы