Skip to content

Әлеуметтік көмектен кім қағылмақ? Қандай жәрдемақы тоқтайды?

«1 қазаннан бастап 14 жәрдемақы төленбейді» деген хабар тарады. Бұл қаншалықты рас? Жаңа өзгерістің мәнін түсіндіріп береміз.

Фото: minber.kz

Қазақстанда «1 қазаннан бастап 14 түрлі жәрдемақы төленбейді» деген ақпарат тарап жатыр. Әсіресе декреттегі әйелдер мен мұқтаждарға көмек тоқтайды екен деген хабар көптің сынына ұшырады. Кейбір медиалар әлеуметтік төлемдердің тізімін жариялап, мемлекет бұл ақшаны төлеуді тоқтататынын жазды. Бұл рас па? nükte. жай-жапсарын түсіндіріп береді.

14 түрлі жәрдемақы 1 қазаннан бастап жаппай тоқтамайды. Қазақстан билігі 14 түрлі жәрдемақыны тағайындау ережесін өзгертуді жоспарлап отыр. Үкіметтің 21 қыркүйекте жариялаған ресми хабарламасында әлеуметтік қолдаудың бір бөлігін азаматтардың мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындау жоспарланып отырғаны айтылған. Бірінші кезеңде жиыны 36 әлеуметтік төлемнің 14 түрін қамтиды. Ал 1 қазаннан бастап азаматтарға осы өзгерістер туралы хабарлау басталады.

Бірақ маңыздысы — 14 түрлі жәрдемақыға қатысты өзгеріс туралы әлі заң шыққан жоқ. Үкімет заңға түзетулер енгізді. Енді оны Құрылтай қарайды. Депутаттар өзгерісті мақұлдаса, өзгерістер 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енуі мүмкін.

1 қаңтардан бастап не өзгеруі мүмкін?

Қазір әлеуметтік төлемдер азаматтың белгілі бір санатқа жатуына байланысты беріледі. Мысалы, төрт не одан да көп баласы бар отбасының бәрі көпбалалы отбасына арналған жәрдемақы алады, яғни бала санына байланысты талапқа сай болсаң, болды, жәрдемақы тағайындалды. Енді жаңа ереже бойынша талапқа тағы бір өлшем қосылады. Ол — отбасының әл-ауқаты.

Өзгеріс енсе, мемлекет «Бұл адам жәрдемақы алуға жататын санатқа кіре ме?» деген сұрақпен шектелмей, «Оған мемлекет көмегі шынымен қажет пе?» деген сұрақ қояды. Үкімет бұл өзгерісті «жәрдемақы тек мұқтаж азаматтарға берілуі керек» деп түсіндіреді. 

14 жәрдемақы түріне мыналар жатады:

  1. Бала тууына байланысты берілетін біржолғы жәрдемақы;
  2. 1,5 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы;
  3. Көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақы;
  4. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне берілетін төлемдер;
  5. Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы;
  6. I топтағы мүгедектігі бар адам күтіміне берілетін төлем;
  7. Мүгедектік бойынша жәрдемақы (I, II топтағылар мен балаларды қоспағанда);
  8. Асыраушысынан айырылғаны бойынша жәрдемақы (тұл жетімдерді қоспағанда);
  9. Жерлеуге берілетін біржолғы төлем;
  10. Тәжік-ауған шекарасы, Ирак, Таулы Қарабақ соғысы ардагерлеріне берілетін арнаулы жәрдемақы;
  11. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына берілетін төлемдер;
  12. «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» атағы бар адамға берілетін төлем;
  13. «Халық Қаһарманы» атағы бар адамға берілетін төлем;
  14. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы барларға берілетін арнаулы жәрдемақы (зейнеткерлерден бөлек).

Кімдердің төлемі қайта қаралады?

Әл-ауқаты жоғары («А») және қанағаттанарлық («В») санатына жататын адамдарға 14 жәрдемақы берілмей қалуы мүмкін. Қазақстанда «Отбасының цифрлық картасы» бойынша отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бес деңгейге бөледі. Әр деңгей балдық жүйе арқылы анықталады:

А — жоғары, 1800 және одан жоғары балл.В — қанағаттанарлық, 730–1799 балл.С — төмен, -30–729 балл.D — дағдарыс, -460–-29 балл.Е — мүшкіл, -461 және одан төмен

Адамның әлеуметтік әл-ауқат деңгейі тек жалақсымен өлшенбейді. Мемлекет мына жағдайларды есепке алады:

  • әлеуметтік жағдайы;
  • жұмыспен қамтылуы;
  • кірістері;
  • несиесі;
  • ауыл шаруашылығына қатысты мәліметтер;
  • жылжымалы мүлік;
  • әлеуметтік қорғалуы;
  • денсаулық жағдайы;
  • білім деңгейі;
  • тұрғын үй жағдайы.

Жаңа ереженің ерекшеліктерінің бірі — отбасының кәмелетке толған мүшелері де есепке алынады.

Сол үшін мемлекет 1 қазаннан бастап бұған дейін жәрдемақы алып келген азаматтардың дербес деректерін, оның ішінде отбасының кәмелетке толған мүшелерінің деректерін өңдеуге келісім беру туралы SMS хабарлама жібере бастайды. «Бұл отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау үшін қажет» дейді үкімет.

1 қазаннан бастап үкімет табысы жоғары азаматтарға әлемуетік қолдаудан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін де хабарлама жібереді.

1 қазаннан бастап не болады?

Бұл күні халықты алдағы өзгерістерге дайындау және отбасы туралы деректерді нақтылау кезеңі басталады. Халыққа жәрдемақы тағайындауға қатысты өзгерістер туралы ақпарат кезең-кезеңімен жіберіле бастайды. Хабарламалар телефонына SMS, eGov Mobile мен банктердің мобильді қосымшалары арқылы жіберіледі.

Әкімдіктер азаматтармен «Отбасының цифрлық картасы» арқылы сауалнама және түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл — халықты алдағы өзгеріске дайындау және отбасы туралы деректерді нақтылау кезеңі.

Үкімет жариялаған жоспар бойынша реформа екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің мақсаты — атаулы, яғни мұқтаждық бойынша әлеуметтік қолдауға көшу үшін нормативтік база қалыптастыру. Бірінші кезең 36 әлеуметтік төлемнің 14 түрін қамтиды.

Бірақ бұл өзгерістің бәрі әзірше жоба күйінде тұр. 21 қыркүйекте жарияланған ақпаратқа қарағанда, үкімет ұсыныстар бойынша заңға түзетулер әзірлеп жатыр. Енді оны Құрылтайдың қарауына жібереді.

Екінші кезеңде жергілікті атқарушы органдар, яғни әкімдіктер беретін әлеуметтік көмектің 13 түрін төрт түрге біріктіру жоспарланып отыр. Олар да адамның мұқтаждық деңгейіне қарай берілуге тиіс. Ардагерлерге жасалатын мемлекеттік қолдауды мұқтаждық қағидаты бойынша іріктеу, ер адамдарға бала күтіміне байланысты демалыс беру мүмкіндігі, бала күтімі қызметтерін дамыту, балабақшадағы орын санын көбейту және бала күтімі кезеңінде әйелдерге көрсетілетін қолдау форматын жетілдіру мәселелері де қаралып жатыр. Бәрі әзірше ұсыныс деңгейінде тұр.

Осылайша, үкімет 2027 жылдан бастап әлеуметтік төлемдердің бір бөлігін мұқтаждық деңгейіне қарай тағайындауға көшуді жоспарлап отыр.

Соңғы