Skip to content

Тамақ ысырабына қарсы Sarqyt қолданбасы. Шыңғыс Қараұлдың жобасы

Кешке дейін сатылмай қалған тағам қайда кетеді? Sarqyt оны ысырап етпей, арзан бағаға ұсынады. Жобаны студент Шыңғыс жасаған.

Фото: SarqytApp.com

Sarqyt App — күнде кешкісін наубайханалар мен мейрамханаларда сатылмай, артылып қалған тағамдарды ысырап қылмай, жұртқа арзан бағада ұсынатын стартап. Студент Шыңғыс жасаған жобаны алғашқы он күнде 5 мыңнан астам адам жүктеп алған. nükte. стартап авторымен сөйлесіп, жобаның қалай жұмыс істейтіні туралы сөйлесті.

Жоба қалай пайда болды?

21 жастағы Шыңғыс Қараұл — Нархоз университетінің 4-курс студенті, IT саласында жұмыс істейді. Биыл тамызда Алматыдағы кофеханалардың бірінде отырып, кешке қарай онда көп тағам сатылмай, артылып қалғанын байқайды. Сонда істейтін достары да жұмыс күні аяқталғанда сатылмаған асты қоқысқа тастаймыз деген. Сол кезде тамақ ысырап болмасын деп, оның бәрін бір жерге жинайтын қолданба жасау идеясы келген.

Шыңғыс Қараұл, Sarqyt стартабының негізін қалаушы. Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Қазақта қонақ күткеннен кейін немесе той-томалақтан соң дастарқаннан сарқыт алып қайтатын дәстүр бар. Осы ұлттық ұғымды негізге алған Шыңғыс қолданбаны Sarqyt деп атауды шешкен. Бір-екі аптаның ішінде Шыңғыс жобаның идеясын ойластырып, презентациясын істейді. 15 қыркүйекте мобиль қолданба ресми түрде жұмысын бастады. Оны қазір App Store мен Google Play платформаларынан жүктеп алуға болады.

Шыңғыс жобаға алдымен маркетиңмен айналысып, серіктестерді тарта алатын мамандарды табады. Өйткені даму стратегиясы болмаса, кез келген стартаптың тоқтап қалу қаупі жоғары. Шыңғыспен бірге Sarqyt-ты жобаның операциялық директоры және негізін салушы серіктесі Таирхан Бахытжан дамытып жүр.

Шыңғыстың айтуынша, Sarqyt — әлеуметтік маңызы бар жоба. Алғашында қолданбаның негізгі аудиториясы тек студенттер болады деп ойлаған. Себебі елде қымбатшылық күшейіп, табыстың көп бөлігі тамаққа кетіп жатыр, студенттердің де қалтасы жұқа. Бірақ уақыт өте келе Шыңғыс қолданбаны көпшілік белсенді қолданатынын байқаған.

Екі аптаның ішінде стартапқа Алматыдағы оннан астам тамақтану орны қосылған. Жоба қазанның аяғына дейін серіктестер санын 55-ке жеткізуді жоспарлап отыр.

Стартаптың мақсаты — тек коммерциялық пайда табу емес, алдымен халықтың жағдайын ескеру және тамақты босқа ысырап етпеу.

Sarqyt қалай жұмыс істейді?

Қолданбадағы ақпарат түскі үш-төрттен бастап жаңарады. Сол кезде тамақтану орындары кешке жақын сатылмай жатқан тағамдарды жүктей бастайды. Жұрт тауарларды жұмыс уақыты аяқталғанға дейін сатып ала алады. 

Шыңғыстың айтуынша, Sarqyt — тұтынушылар мен тамақтану орындарын жалғайтын көпір. Қолданбаның екі түрі бар: бірі — серіктестерге, екіншісі — сатып алушыларға арналған. Серіктес дәмханалар мен наубайханалар қолданбаға тағамдардың суретін, бағасын және қалған санын жүктейді. Дербес деректерді қорғау туралы заңға сәйкес, платформа авторы ол мәліметтерге немесе фотоларға өзгеріс енгізе алмайды. 

Ал сатып алушылар картадан өзіне жақын орынды таңдап, тамақты отыз бен жетпіс пайыз аралығындағы жеңілдікпен сатып алып, сол жерден алып кетуі керек. Қолданбада әзірге тек Kaspi арқылы ғана төлем жасалады. Сатып алушы мейрамханаға немесе дәмханаға барғанда Sarqyt-тағы кодты немесе QR-кодты көрсетуі керек. 

Қолданбада жеткізу қызметі жоқ. Шыңғыстың айтуынша, жеңілдікпен алған тамаққа курьер ақысы қосылса, ақша үнемдеудің мәні болмайды. Оның үстіне, жеткізу қызметін ұстап тұруға үлкен команда мен қаржы керек. Sarqyt қазір серіктестерге тегін алаң ұсынып отыр. 

Кейбір күндері дәмханаларда артық тамақ қалмай, ұсыныстар шықпай қалатын сәттер болады. Сол себепті стартап серіктестерге ең кемі екі-үш позицияны қалдырып отыруды ұсынып, осы мәселені қарастырып жатырмыз.

Sarqyt — әзірге өзін-өзі қаржыландырып отырған стартап. Шыңғыс жобаға басқа жұмыстан алатын жалақысын жұмсап отыр. Оның айтуынша, инвесторлар қазір жасанды интеллект жобаларына қаржы құюға көбірек құлықты. 

Шыңғыс ЖИ-ді уақытын үнемдеу үшін көмекші құрал ретінде пайдаланады. Мәселен, заңдар немесе өзгерістерді тез оқып-шолуға, бухгалтерлік есепті жүргізуге көмегі бар. Бірақ ЖИ-ді қолданған кезде клиенттер мен серіктестердің жеке деректері берілмейді дейді.

Стартаптың әлеуеті мен жоспарлары

Еуропа елдері мен Америкада тамақты ысырап етпеуге арналған мұндай жобалар жақсы дамыған. Мысалы, 2016 жылы Копенгагенде негізі қаланған «Too Good To Go» жобасы тоғыз жыл ішінде 21 елде жұмыс істейтін деңгейге жеткен, 120 миллионнан астам қолданушы тіркелген, 180 мың белсенді бизнес серіктесі бар. 

Шыңғыстың сөзінше, қазіргі таңда жобаға қосылып жатқан серіктестердің басым бөлігі — АҚШ немесе Еуропада болып, осындай жүйені көрген кәсіпкерлер. Ұжым алғашқы он серіктесті тарту үшін шамамен отыз орынға шығуға тура келген, мұндай көрсеткіш стартап үшін «қатты төмен емес» деп бағалайды.

Sarqyt жақын арада Қарағанды қаласындағы бизнестермен жұмыс істей бастамақ. Шыңғыстың айтуынша, команда бәсекелестерге назар аудармайды, алдымен өздерінің ішкі мәселелерін шешіп, жүйені дамытуға күш салып отыр. Қазір қолданбадағы қолданушылар санын көбейткен әлдеқайда маңыздырақ дейді.

Шыңғыс бухгалтерлік есепті өзі жүргізіп, заңгерлермен бірге құжаттарды да тексереді, сондай-ақ кешкі уақытта қай серіктестің қанша тамақ салғанын, нешеуі сатылғанын бақылап отырады. Кейде қолданушылар жеткізу қызметі жоқ екенін байқамай, тапсырыс беріп қойып, кейін бас тартып жататын жағдайлар да болады. Қолданбаға шыққан тауарлар кейде екі минут ішінде, ал кейде екі сағатта сатылып кетеді дейді жоба авторы.

Sarqyt клиенттерден 15 пайыз сервис алымын алады. Бұл ақша серверлерді төлеуге және қолданбаның басқа да шығындарын жабуға жұмсалады. Стартап болған соң, алғашқы бір жарым жылдай шығынға ұшырайтынымыз анық дейді Шыңғыс. Бірақ ол бұған аса алаңдамайды. Осы қарқынмен қолданушылар саны жылдың аяғына дейін 50 мыңнан асса, жоба төрт-бес айдың ішінде нөлге шығады деп жоспарлап отыр. Қазір қолданбаға күніне 100, 500 немесе 600-ге жуық адам тіркеліп отыр.

Соңғы