24 қыркүйекте режиссер Қуаныш Бейсектің «7 қарақшы» фильмі кинотеатрлардан көрсетіле бастады. Жарнамасы жер жарып, біраз адамды күттіріп қойған картина экшн мен атыс-шабысқа толы, Холливудтың сәнді стильдері мен арнайы эффектілерін аямай пайдаланған фильм болып шығыпты. nükte. авторы, киносыншы Ернар Бекенов фильмді көріп қайтты.
Жеті қаһарман тақырыбы сонау 1950 жылдардан бері келе жатыр. Акира Куросава 1954 жылы шығарған «Жеті самурай» фильмі жапонның ғана емес, әлем киносының жақұтына айналды. Осы кинотуынды қалдырған мифологиялық шаблон түрлі интерпретациямен басқа елдердің киносында да көрініс тапты. Соның ішінде Холливуд бірнеше ремейк жасады («Керемет жетілік»), түрлі анимациялық фильмдер, телесериалдар, тіпті заманауи төбелес өнеріне сүйенген боевиктер де жетерлік.
Жетіліктің ерлігін баяндайтын фильмдердің сюжетінде кейбір айырмашылық болса да, өзгеріссіз қалатын жақтары, олардың түбі бір екенін білдіретін ортақ қасиеттері бар. Мысалы, жай өмірде кездессе, ешқашан басы бірікпейтін адамдар әлдебір себеппен бір-бірімен достасуға мәжбүр болады, осыдан кейін олардың арасында қақтығыс пен шиеленіс туады. Әр автор бұл заңдылықты өзінше көрсетуге тырысады, жаңашылдық әкелмесе де, кейіпкерлер алуандығымен әлгі шиеленіске басқа қырынан қарауға тырысады. Қуаныш Бейсектің жұмысы дәл осы тұсқа келгенде сүрінеді.

Куросава жол салып кеткен мұндай фильмдердің басты идеясы неде еді? Мінезі мен тірлігі бір-біріне ұқсамайтын кейіпкерлердің ортақ мүдде жолында жұмылады. Қорлық көрген әлсіздерді дөкейлерден қорғау, әділет үшін күресу. Сюжеттің осы идеясы комикстарда, кейін солардың экранизацияларында көрініс тауып жүр. Кейінгі жасалған дүниелерден жиі еске түсетіні — DC-дің «Жанкештілер жасағы» («Suicide Squad»): қаныпезерлер мен жендеттерден құралған антиқаһармандардан жасақ құрылып, оларға әлемді құтқару міндеті артылады.
«7 қарақшы» да қалтарысы мен бұлтарысы белгілі, сюжеттері талай ойналған, кейіпкерлер жолы талай жүрілген таптаурыннан алыстай қоймайды. Мұнда да ұрлықпен айналысқан, түрлі жағдайға байланысты істі болған адамдар бар. Оларға жойқын жарылыс жасауға әкеле жатқан бомбаның өзегін ұрлау тапсырылады.

Бастан өткен қызық та қауіпті оқиғаларға құрылатын осындай adventure фильмдердегі маңызды нәрсе — кейіпкерлер арасындағы қарым-қатынас. Өзара болатын қақтығыс та, бір-бірімен бауырласу да түрлі оқиғалар кезінде сыналып, жетіліп отыруға тиіс. Өкінішке қарай, «7 қарақшы» кейіпкерлерінің арасында байланыс, бір-екеуін айтпағанда, өте әлсіз болды.
Еркебұлан Дайыровтың кейіпкері (қарақшылардан команда құрған арнайы агент) олардың жеке құжатын оқитын сәтті айтпағанда, команда мүшелерін онша тани алмаймыз. Сюжет барысында да олардың мінезін ашуға мүмкіндік берілмейді. Түрлі ресейлік фильмдерден көрініп жүрген неміс актері Винценц Кифер сұсты, мақсатына жету үшін ештеңеден аянбайтын антагонисті ойнағанымен, финалында фильм емес, мультфильмдегі залымға айналып кеткендей болды.
Кейіпкерлер арасында байланыс әлсіз болғаннан кейін оларды командаға біріктіретін, алға жетелейтін мотивацияның да мәні жоғалады. Олар миссияны орта жолдан тастап (сюжетте соған ұқсас сәт бар), әркім өз жолымен кетсе де қарсы уәж табылмас еді. Сондықтан жеті қарақшы істі соңына дейін апаруға бел буғанда мұның себебі сенімсіздеу көрінеді.

Тұтас фильмнің көздегені не? Мұны түсінген қиын. Бұл «7 самурай» немесе «Керемет жетілік» сияқты мифологиялық шаблонды қазақ болмысына салып қайталау ма, әлде сол шаблонды ирония құралы етіп, қазақ жерінде болған қасіретті оқиғаларды жаңа қырынан баяндауға деген ұмтылыс па? Ремейк қой десек, жанрға тән белгілердің көп қолданылғаны сонша — осының бәрі әзіл-оспақ үшін жасалғандай көрінеді. Ирония ғой десек, көтерген тақырыбы (Семей жеріндегі ядролық жарылыс сынақтары) белгілі бір жанрды әжуа қылатын форматқа келіңкіремейді.
Қуаныш Бейсек технология жағынан Холливуд фильмдерінен кем түспеуді мақсат еткен тәрізді, орындалуы күрделі түсірілімге барын салғаны көрініп тұр. Атпен шауып жетіп, пойызға секіріп міну де, тар вагон ішіндегі, болмаса ұзын дәліз бойындағы қоян-қолтық төбелес те, жойқын жарылыс пен сұмдық өрт те, совет заманындағы Алматының көшелерінде мәшинемен қуғын жасау да бар. Экшннан бөлек, фильмде динамикалық кадрлар мен жылдам ауысатын үзінді өте көп. Көптігі сонша — оның бәрін бірдей оқып та, көріп те үлгермейсің. 1 секундтық кадрлардың экраннан толассыз төгілгені көзге жағымсыз әсер етіп, басың айналып кетеді. Деректі және тарихи фильмдердің кадрларын сонша көп қосқанның не қажеті болғанын ұқпадым.

Мұның бәріне Қуаныш Бейсектің клипмейкерлігі себеп болды ма деген ойға келесің. Фильмде музыкалық видеоға ұқсайтын эпизодтар да жетерлік. Бір ән ойнаса, сол әннің ырғағына сай кадрлар мен қимылдар, дыбыстар мен соққылар легі басталады. Бір әуен біткен соң артынан көп күттірмей екінші әннің кезегі басталады. Фильмді қиған монтажшының әлде режиссердің сүйікті әндерінен құралған плейлист пе дерсің. Кей жерінде әннің алдыңғы планға шығып кеткені сонша — әдемі әрі динамикалық кадрлар сол әндерге көрнекілік үшін түсірілгендей. «7 қарақшы» музыка жағынан кенде емес, кейде тіпті тым көп.
Boney M тобының «Rasputin» әні фильмнің басты саундтрегі екені де осыған дейін хабарланды. Бұл — сюжет қай дәуірде өтетінін білдіретін белгі рөлін атқарады. Жалпы, совет заманындағы Алматы көрінісі жақсы берілген. Қала ішінде аз да болса сақталып қалған сол заманның локациялары, сол дәуірден хабар беретін реквизиттер, киім-кешек пен автокөліктер, ғимараттар ұтымды қолданылған. Оның үстіне культқа айналған тұлғалар, қазақ тарихы мен мәдениетіндегі айтулы оқиғалардың көріністері слайд-шоу секілді көз алдыңнан сырғып өтіп, совет дәуіріндегі Қазақстанға бір шолуға мүмкіндік береді. Әйтсе де, бұл кадрлар тизерден-ақ көрсетіліп қойды және фильмнің жалпы сюжетіне пәлендей әсер етпейді екен.
Баяндалу стилінде де ерекшелік байқалады. Авторлар кейіпкерлердің жоспарды талқылауын және оны жүзеге асырғанын араластырып береді. Мұндай баяндалу стилі — әлем киносы үшін жаңалық емес, бірақ Қазақстан киносында кездесе бермейтін жаңа тәсіл. Авторлардың сюжетке ерекшелік қосуға талпынысын бағалаймын, бірақ бұл стиль фильмнің шешуші сәтіне келгенде қатты кедергі болды. Фильмнің бас жағында бұл — жоспар мен операцияны көрсетудің әдемі визуалдық түрі деп қабылданса, соңына қарай бұл көрініс — әлі талқыланып жатқан жоспар ма, әлде операцияның өзі ме деп шатаса бастайсың.

«7 қарақшы» фильмі 2 сағатқа созылады. Бірақ, айтпақ ойы мен көрсетпек әдемі көрінісі түгелдей 2 минуттық трейлеріне сыйып кетіпті, мұны фильмді көріп болған соң түйдім. Бір жақсысы, режиссер мұны шын деректерге сүйенген тарихи фильм деп ұсынбайды және көрерменін тарихи шындыққа сендіруге де ұмтылмайды. Бастапқы титрдан-ақ бұл ойдан құрастырылған фильм екенін ескертеді.
Авторлар саяси салмағы бар тақырып көтеріп, үн тастағысы келгенімен, комикс, аниме сияқты стильдер миксінің, клипке тән музыкалық қойылымдардың арасынан оның бәрі көрінбей қалған. Киноға жаңа дүние әкелгісі келгенімен, батыс үлгісіндегі экшн фильмдерді қайталайтын көшірме болып қалды. Ал стильдер мен жанрларды араластырғаны визуал тұрғысынан әдемі болса да, мазмұнын қойыртпақ көже қылды.