2027 жылы Қазақстан Ұлттық қордан 4,43 триллион теңге алмақ. Бұл бұған дейін қарастырылған сомадан шамамен 60 пайыз көп. Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, негізгі мәселе — үкіметтің Ұлттық қордан ақша алғаны емес, бюджеттің соған тәуелді болып бара жатқаны. Ол қор қаражаты күнделікті шығындарды жабуға емес, дағдарыс кезінде экономиканы ұстап тұрғанға және ұзақмерзімді пайда әкелетін жобаларға жұмсалуы керек еді деп есептейді.
Әуелгі мақсат пен өзгерген саясат
Ұлттық қор — мұнай мен басқа да табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін жинап, болашаққа қаржы сақтауға арналған мемлекеттік қор. 2000 жылы құрылған бұл қордың қаражат жинау және дағдарыс кезінде «өрт сөндіру» дейтін негізгі екі міндеті бар еді.
Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт түрінде ақша алу 2007 жылы басталды. Сол жылы қордан 258 миллиард теңге даму бюджетінің шығындарын жабуға жұмсалды, ал 2008–2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы кезінде қордың тұрақтандыру қызметі алғаш рет пайдаланылып, экономика мен қаржы жүйесін қолдауға 10 миллиард доллар бөлінді.
Осылайша Ұлттық қордың қаржысы бюджеттің тұрақты қаржы көзіне айнала бастады. Трансфертерге үкіметтің үйреніп кеткені сонша — кейінгі үш жылдың өзінде қордан бюджетке триллиондаған теңге аударылды: 2023 жылы трансферт көлемі — 4,1 триллион теңге болса, 2024 жылы — 5,6 триллион теңгеге, 2025 жылы 5,25 триллион теңгеге жетті. Яғни Ұлттық қор тек дағдарыс кезінде қолданылатын «қауіпсіздік жастығы» емес, бюджеттің жыртығын жамайтын құралға айналып барады.
Экономист Қасымхан Қаппаров мұндай трансферттер үкіметке «шамасына қарай өмір сүрмеуге», бюджет пен квазимемлекеттік сектордағы тиімсіздікті жабуға мүмкіндік беріп, жүйелі реформаларды кейінге ысырады деп есептейді. Halyk Finance сарапшылары мұны проциклдік бюджет саясаты деп атаған. Мұндай саясат Ұлттық қор резервін азайтып, мемлекеттік қаржының осалдығын арттырады және қордың дағдарыс кезінде экономиканы қолдау мүмкіндігін әлсіретеді.
Қазақстан үкіметінің 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасы бойынша, 2027 жылы салықтан түсетін кіріс бұрынғы жоспардан шамамен 1,3 триллион теңгеге азайған. Соның ішінде қосылған құн салығынан түсетін кіріс 11,52 триллион теңгеден 9,53 триллион теңгеге дейін төмендетілген. Соған қарамастан, бюджеттің жалпы кірісі азаймайды, өйткені жетпеген қаржының бір бөлігі Ұлттық қор есебінен жабылмақ.
Бұған дейін 2027 жылы Ұлттық қордан 2,77 триллион теңге алу жоспарланған еді. Енді бұл сома шамамен 60 пайызға өсіп, 4,43 триллион теңгеге жетеді. 2028 жылы Ұлттық қордан 3,93 триллион теңге, ал 2029 жылы 3,5 триллион теңге алу жоспарланған.
Ұлттық қордан қосымша ақша алынғанына қарамастан, 2027 жылғы бюджет тапшылығы 4,56 триллион теңге болады деп жоспарланып отыр. Бұл бұрын осы жылға есептелген 3,5 триллион теңге тапшылықтан шамамен 30 пайыз көп. Осылайша, салықтан түсетін кіріс болжамы төмендеген тұста үкімет Ұлттық қор қаражатына көбірек иек артпақ. nükte. редакциясы бұл өзгерістің экономикаға ықпалы және Ұлттық қордан осынша көлемде ақша алудың салдары туралы экономист Мақсат Халықтың пікірін сөзбе-сөз беріп отыр.
Ұлттық қор не үшін керек және оған неге қайта сүйеніп отырмыз?
Қазақстанда бюджет тапшылығы бар. Сондықтан жыл сайын бюджетке Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт аударылады. Қазір оның көлемі — 2,77 триллион теңге. Ал келесі жылы бұған қосымша тағы 2 триллион теңге мақсатты трансферт алу көзделіп отыр. Сонда Ұлттық қордан алынатын қаражат қайтадан 5 триллион теңгеге жуықтайды.
Бұл соманың қаншалықты үлкен екенін түсіну үшін 2007–2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысын еске түсірейік. Сол кезде Ұлттық қордан 10 миллиард доллар бөлініп, экономиканың бірнеше секторын қолдауға жұмсалды. Оның 4 миллиард доллары банктерге, 2 миллиард доллары үлескерлердің мәселесін шешуге, 2 миллиард доллары шағын және орта бизнеске, 1 миллиард доллары агроөнеркәсіп кешеніне, тағы 1 миллиард доллары индустриялық-инновациялық жобаларды тоқтатпауға бағытталды.
Сол кездегі 10 миллиард доллар қазіргі бағаммен шамамен 5 триллион теңгеге тең. Бірақ ол кезде әлемдік қаржы дағдарысы болды. Ал өткен жылы Қазақстан экономикасы, керісінше, 6,5 пайыз өсті, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың доллардан асты, жалпы ЖІӨ көлемі 300 миллиард доллардан асты деген көрсеткіштер айтылды.
Осындай жағдайда Ұлттық қордан 5 триллион теңгеден астам қаражат алу, меніңше, қордың негізгі функциясына сәйкес келмейді. Мұндай көлемде қаржы пайдалану Ұлттық қор қаражатын тиімсіз жұмсауға алып келуі мүмкін.
Әрине, бұл Ұлттық қордан мүлдем ақша алмау керек деген сөз емес. Қорды құрудағы негізгі мақсаттың бірі — келешек ұрпаққа қаражат жинау. Екіншісі — ел экономикасы қиын жағдайға тап болған кезде оны тұрақтандыру құралы ретінде пайдалану.
Мысалы, дағдарыс кезінде немесе мұнай бағасы күрт төмендегенде Ұлттық қор қаражатын қолдануға болады. Мұны бюджеттің контрциклдік саясаты деп атайды. Норвегияда, мұнай өндіретін араб елдерінде және басқа мемлекеттерде де осындай қорлар экономикалық шок кезінде пайдаланылады.
Мәселе экономикада дағдарыс жоқ, керісінше өсім бар кезде қордан көп көлемде ақша алынғанда туындайды. Өткен жылы экономика 6,5 пайыз өскеніне қарамастан, Ұлттық қордан 5 триллион теңгеден астам қаржы аударылды. Биыл бюджетте 2,77 триллион теңге кепілдендірілген трансферт қарастырылған. Бастапқыда мақсатты трансферт болмайды делінген еді. Бірақ келесі жылдың бюджетінде қосымша 2 триллион теңге мақсатты трансферт сұралып отыр. Меніңше, негізгі мәселе — осы.
Алдағы үш жылдық бюджетте де Ұлттық қордан қосымша 5 триллион теңге алу жоспарланып отыр. Яғни экономикада белгілі бір деңгейде өсім бар болса да, біз қор қаражатына қайта сүйене бастадық.
Бұл Қазақстан экономикасының мұнайға қаншалықты тәуелді екенін де көрсетеді. Мұнайға тәуелділікті тек мұнай саласының экспорттағы үлесімен өлшеу жеткіліксіз. Мемлекеттік бюджет мұнайдан түсетін кірісті алып тастағанда өзін қаншалықты қамтамасыз ете алады деген сұрақ та маңызды.
Егер мұнайдан түсетін кірістерді алып тастасақ, бюджетте үлкен тапшылық пайда болады. Қазір мұнайдан түсетін кірістердің көлемі ЖІӨ-нің шамамен 4,9 пайызына тең. Бұл — триллиондаған теңге. Үкімет те осы көрсеткішті біртіндеп азайтып, мұнайға тәуелділікті төмендетуді мақсат етіп отыр.
Егер Ұлттық қордан жыл сайын осындай көлемде ақша ала берсек, оның ұзақмерзімді салдары болады. Қорда шамамен 65 миллиард доллар бар. Ал жыл сайын 10 миллиард долларға жуық қаражат алсақ, қорды біртіндеп сарқып алуымыз мүмкін.
Сондықтан Ұлттық қор жинақталып, оның көлемі ұлғайып отыруы керек. Қор келешек ұрпақ үшін жинақ болу функциясын да атқаруға тиіс.
Қорды ұлғайтудың бір жолы — оның инвестициялық портфелінің кірістілігін арттыру. Ол үшін білікті кадрларды тартып, инвестициялық басқарудың сапасын көтеру қажет. Мысалы, Норвегия қорының жылдық кірістілігі кей кезеңдерде 8–9 пайызға жетеді деп салыстыруға болады, ал біздегі көрсеткіш 3 пайыздан төмен деңгейде.
Кірістілік жоғары болса, қордағы қаражаттың өзі де көбейеді. Соның ішінде балаларға аударылып жатқан қаражат та көбірек өсер еді.
Ұлттық қорды толықтырудың тағы бір мүмкіндігі — елге қайтарылып жатқан заңсыз шығарылған активтер. Мен экономист ретінде мұндай активтер үшін бөлек қор құрудың орнына, оларды тікелей Ұлттық қорға аударуды ұсынар едім.
Шетелге шығарылған активтердің көлемі жөнінде әртүрлі есеп бар. Кей деректе 160 миллиард доллар, кейбірінде 200 миллиард доллар деп айтылады. Тіпті 160 миллиард доллардың тең жартысын қайтара алсақ та, Ұлттық қордың көлемі едәуір ұлғаяр еді.
Бюджет тапшылығын қалай жабуға болады және оның экономикаға әсері қандай?
Әрине, қазір бюджет тапшылығы үлкен. Оны жабудың негізінен төрт жолы бар: салықты көбейту, мемлекеттік шығындарды қысқарту, қарыз алу немесе Ұлттық қордан қаражат аудару.
Бірақ осы тәсілдердің әрқайсысының салдары бар. Салықты бірден қатты көтерсек, бизнеске салмақ түсіп, іскерлік белсенділік төмендеуі мүмкін. Мемлекеттік шығындарды күрт қысқарту әлеуметтік салдарға әкеледі. Ал шамадан тыс қарыз алу болашақта пайызымен бірге қайтарылатын қосымша міндеттеме туғызады. Әсіресе қарыз шетел валютасымен алынған болса, валюта бағамының өзгеруі оны өтеуді қиындатады.
Сондықтан қазіргі жағдайда Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт алудан бірден бас тарту қиын болуы мүмкін. Бірақ ең кемі мақсатты трансферттерді қысқарту керек деп есептеймін. Кейін бюджет өзінің кірісі есебінен шығынын көбірек жаба бастағанда, кепілдендірілген трансферттердің көлемін де біртіндеп азайтуға болады.
Ұлттық қордан аударылатын триллиондаған теңгенің инфляцияға, теңге бағамына және жалпы экономикаға да әсері бар. Ұлттық қордағы қаражаттың едәуір бөлігі шетел валютасында сақталады. Оны бюджетке аудару үшін доллар сатылып, теңге сатып алынады. Бұл теңгеге уақытша қолдау береді. Кей айларда Ұлттық қордан 800 миллион долларға дейін валюта сатылған кездер болды. Сондықтан трансферттер күрт қысқарса, теңгеге түсіп тұрған осындай қолдау да азайып, бұл бағамға әсер етуі мүмкін.
Бірақ оның екінші жағы да бар. Ұлттық қордан түскен қаражат теңгеге айналып, бюджет арқылы экономикаға кірген кезде жиынтық сұранысты арттырады. Ал сұраныстың артуы бағаға қысым жасап, инфляцияны күшейтуі мүмкін.
Осындай инфляциялық қысымды тежеу үшін Ұлттық банк ақша-несие саясатын қатаң ұстап, базалық мөлшерлемені жоғары деңгейде сақтауға мәжбүр болады. Ал бюджет Ұлттық қор қаражатына азырақ тәуелді болса, ақша-несие саясатын жүргізу де жеңілдер еді.
Инфляция төмендеп, базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік туса, несие пайызы да төмендейді. Бұл бизнеске берілетін несиенің және ипотеканың арзандауына ықпал етуі мүмкін.
Ұлттық қордың ақшасы қайда жұмсалуы керек?
Ұлттық қордан алынатын ақшаның көлемі ғана емес, оның қайда жұмсалатыны да өте маңызды. Биыл қордан 2,77 триллион теңге кепілдендірілген трансферт қарастырылған. Бірінші шілдеге дейін оның 1,86 триллион теңгесі аударылған, қалған бөлігі жыл соңына дейін беріледі.
Егер бұл қаражат жалақыға, әлеуметтік төлемдерге немесе күнделікті әкімшілік шығындарға жұмсалса, ол бүгінгі тұтынуды қаржыландыру болып шығады. Ақша жұмсалып кетеді де, болашаққа актив қалмайды.
Ал Ұлттық қор қаражаты энергетика, су, жол, логистика және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға салынса, ол капитал қалыптастырады. Мұндай нысандар болашақ экономикалық өсімге жұмыс істеп, келесі ұрпаққа актив болып қалуы мүмкін.
Сондықтан Ұлттық қор қаражатын инфрақұрылымдық жобаларға пайдалануға болады деп есептеймін. Бірақ бір шарт болуы керек: сол жобаға салынған ақшаның экономикалық тиімділігі қаражат Ұлттық қорда инвестиция ретінде тұрған кезде әкелетін кірістен жоғары болуға тиіс. Сонда ғана қордан алынған ақша өзін ақтайды.
Мен экономист ретінде салықты көбейтуден бұрын мемлекеттік шығындарды оңтайландыруға көбірек мән беру керек деп есептеймін. Оның ішінде квазимемлекеттік сектордың шығындарын, экономикалық қайтарымы жоқ жобаларды, тек бюджетті игеру үшін жұмсалып жатқан қаражатты мұқият талдау қажет.
Тиімсіз шығындарды қысқарту арқылы бюджет шығынын да, сонымен бірге бюджет тапшылығын да азайтуға болады. Негізгі проблема — Ұлттық қордың ақшасын пайдалану емес. Негізгі проблема — Ұлттық қорсыз қалыпты жұмыс істей алмайтын бюджет жүйесінің қалыптасуы. Қазір бізде осындай тәуелділік пайда болып отыр.
Егер Ұлттық қордан ақша алынатын болса, ол нақты экономикалық игілікке, ұзақмерзімді тиімділікке жұмыс істеуі керек. Ал қаражат тек ағымдағы бюджет тапшылығын жабуға кетсе, біз болашақтың ақшасын бүгін жұмсап жатырмыз деген сөз.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, қазіргі шығындарды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру — болашақ ұрпақтың мұнайдан түсетін табысының бір бөлігін бүгін жұмсау. Өйткені мұнай — қалпына келмейтін ресурс. Бүгін өндіріп, сатып жіберген бір баррель мұнайды келесі ұрпақ екінші рет сата алмайды. Ұлттық қордың негізгі идеясы да осы: жер астындағы табиғи ресурсты қаржы активіне айналдырып, оның бір бөлігін болашақ ұрпаққа сақтау. Сондықтан қор ұрпақтан ұрпаққа қызмет етуі керек.
Бюджет тапшылығын түгел Ұлттық қордан жабу да дұрыс емес. Олай істесек, қорды тез сарқып аламыз. Бір нұсқа — қордың инвестициялық кірісінің белгілі бір бөлігін ғана пайдалану. Бұл негізгі капиталды сақтауға мүмкіндік береді.
Сондықтан мәселе Ұлттық қордан мүлдем ақша алмауда емес. Мәселе — қордың негізгі капиталын сақтап, бюджет пен экономиканың оған тәуелділігін біртіндеп азайтуда. Ұлттық қордан алынған әр теңге бүгінгі шығынды ғана жабуға емес, болашақта экономикалық нәтиже беретін актив қалыптастыруға жұмыс істеуі керек.