Қазақстанда әлемдегі ең ірі жасыл сутегі жобаларының бірі — Hyrasia One іске асқалы жатыр. Жоспар бойынша Маңғыстау даласына мыңдаған жел турбинасы мен күн панелі орнатылып, солар өндірген электр қуатымен Каспийден алынған су электролиз арқылы сутегіге айналады. Жоба жылына 2 миллион тоннаға дейін жасыл сутегі өндіруді көздейді, оның басым бөлігі Еуропаға экспортталмақ. Ауқымды инвестиция мен жаңа жұмыс орындары туралы уәде болғанымен, жобаның Қазақстан экономикасына, Каспий экологиясына және жергілікті халыққа нақты қандай пайда әкелетіні жөнінде сұрақ көп.
nükte. Rosa Luxemburg Foundation жоба менеджері Жаннат Бөбекбаева мен Назарбаев университетінің зерттеушісі, Bilim Barine қоғамдық қорының жасыл технологиялар жөніндегі сарапшысы Бауыржан Биахметовтің Hyrasia One жобасының әлеуметтік, экономикалық және экологиялық қырларын талдаған мақаласын оқырман назарына ұсынады.
Әлемде жоспарланып отырған ең ірі жасыл сутегі жобаларының бірі Қазақстанда іске асқалы жатыр. Жоба жүзеге асса, алдымен күн мен желден электр энергиясы өндіріледі, кейін сол энергияның көмегімен судан электролиз әдісі арқылы сутегі алынады. Бір қарағанда, бұл Қазақстанға пайдасы мол жоба сияқты көрінуі мүмкін. Алайда ол Қазақстаннан гөрі инвестор елдің, яғни Германияның мүддесіне көбірек қызмет ететіндей.
Германияға Қазақстанның жасыл сутегісі не үшін керек?
Климат өзгерісімен күресу үшін әлем елдері түрлі стратегиялық бағдарламалар қабылдады. Германияның стратегиясында дамушы елдерден жасыл сутегі импорттау да қарастырылған. Германия қазба отыннан алынатын сутегіні біртіндеп жасыл сутегімен алмастырып келеді. Оны мүмкіндігінше өз аумағында өндіруге тырысады. Бірақ басқа елде өндіру экономикалық жағынан тиімді болса, сол жақтан импорттау жолдарын да қарастырып, тиісті жобаларды іске асырып жатыр.
Алдағы жылдары Германияда сутегіге сұраныс арта түспек. Сондықтан ел сутегі өндіру көлемін едәуір ұлғайтуды көздейді. Соған қарамастан қажетті сутегінің жартысын немесе одан да көп бөлігін шетелден импорттауды жоспарлап отыр. Себебі Германия аумағы тығыз қоныстанған, сондықтан жасыл сутегіні ел ішінде көп көлемде әрі тиімді өндіру мүмкіндігі шектеулі. Осыған байланысты Германия Африка, Оңтүстік Америка және Азияның көптеген елімен экспортқа арналған жасыл сутегі жобаларын қолға ала бастады. Қазақстан да осы серіктестердің қатарына кірді.
Маңғыстау облысының бір шеті Каспий теңізіне тіреледі, өңірде жел күшті, күн сәулесі де мол. Неміс-швед компаниясы Svevind Energy қолдайтын Hyrasia One жобасын дәл осы жерде жүзеге асыру жоспарланған. Жоба іске асса, ол әлемдегі ең ірі жасыл сутегі нысандарының біріне айналады. Оның ауқымын сандардың өзі көрсетеді: қуаты 40 ГВт болатын жел және күн электр станциялары мен 20 ГВт электролиз қондырғылары орнатылмақ. Бұл жылына 2 миллион тоннаға дейін жасыл сутегі өндіруге мүмкіндік береді. Өндірілген сутегінің басым бөлігі Еуропаға экспортталмақ. Жобаға шамамен 50 миллиард еуро инвестиция салынады деп болжанып отыр. Ал жел және күн электр станциялары Астана қаласының аумағынан 7–8 есе үлкен жерді алып жатпақ. Мұндай алып жоба өңірді сөзсіз өзгертеді. Сондықтан оның әлеуметтік, экономикалық және экологиялық салдарын түсіну өте маңызды.
Hyrasia One Маңғыстауға не береді?
Маңғыстауда жазда ауа температурасы 50°C-қа дейін көтеріледі, ал жылдық орташа жауын-шашын мөлшері шамамен 150 миллиметр ғана. Мұндай табиғи жағдайда өмір сүру Қазақстанның басқа өңірлеріне қарағанда әлдеқайда қиын. Жер егіншілікке жарамсыз, ауыл шаруашылығынан түсетін табыстың үлесі де елдегі ең төмен көрсеткіштердің бірі. Экономиканың басқа салалары да нашар дамыған. Бірақ Қазақстан мұнайының шамамен алтыдан бірі Маңғыстауда өндіріледі. Жергілікті халықтың көбі мұнай-газ компанияларында немесе соларға қызмет көрсететін салаларда жұмыс істейді.
Мұнай-газ саласына инвестиция құйылып, кен орындары игеріле бастағанда өңірдің болашағы жарқын көрінді. Бұл сала жұмыссыздық пен ауыр әлеуметтік-экономикалық жағдай сияқты бұрыннан келе жатқан мәселелерді шешеді деген үміт болды. Алайда жергілікті халықтың тұрмысы күткендегідей айтарлықтай жақсармады. Соның салдарынан халық пен билік арасындағы әлеуметтік шиеленіс күшейе түсті.
Мұнай-газ саласы өңірде жаңа жұмыс орындарын ашты, ондағы орташа жалақы да басқа салалардан едәуір жоғары. Бірақ екі себепке байланысты бұл салаға жұмысқа орналасу жылдан-жылға қиындап барады. Біріншіден, өңір халқы тез өсіп келеді. Екіншіден, негізгі мұнай қорлары сарқылуға жақындап, мұнай өндіру қиындай түсті. Соның салдарынан Маңғыстаудағы мұнай-газ өндірісі төмендей бастады. Яғни жұмыс іздейтін адам көбейіп жатқанда, мұнай саласындағы жұмыс орны азайып келеді.
Бұл жағдайдың қалыптасуына бұрынғы үкіметтердің саясаты да әсер етті. Олар өңірдің мұнай мен газға тым тәуелді болып қалуына жол беріп, экономиканы әртараптандыру үшін жеткілікті шара қабылдамады. Мұнайлы өлке атанғанына қарамастан, 2024 жылдың төртінші тоқсанында Маңғыстау кедейлік деңгейі 7,9 пайыз болып, бұл көрсеткіш ең жоғары өңірлердің ішінде екінші орын алды. Оның үстіне мемлекеттік саясат ұзақ жыл бойы сырттан инвестор тартуға бағытталды. Ал жергілікті халық мұнайдан түсетін пайданың аз ғана бөлігін көріп, көбіне жұмыс күші ретінде қарастырылды.
Мұнай-газ қоры таусылған соң инвесторлардың өңірден кетуі де ықтимал. Ондай жағдайда жергілікті халықтың жағдайы одан әрі нашарлауы мүмкін. Сондықтан Маңғыстауда шиеленіс пен наразылық жиі қайталанады. 2011 жылы Жаңаөзенде күштік құрылымдар ереуілге шыққан мұнайшыларға оқ атып, 14-тен 17-ге дейін адам қаза тапты. Бұл тәуелсіз Қазақстан тарихындағы еңбек наразылығын ең қатыгез басып-жаншу оқиғасы болды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы да Маңғыстауда автогаз бағасының күрт қымбаттауына қарсы наразылықтан басталып, кейін бүкіл елге тарады.
Қазіргі үкімет өңір экономикасын әртараптандыру қажет екенін мойындап, Маңғыстауға басқа өңірлерге қарағанда көбірек көңіл бөле бастады. Үкімет Hyrasia One жобасын аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жеңілдетуі мүмкін бастамалардың бірі деп қарайды. Бірақ жоба бұл мәселелерді қаншалықты шеше алатыны әзірге белгісіз.
Жобаны іске асыратын компанияның мәліметінше, Hyrasia One шамамен 1800 жұмыс орнын ашады. Халқы 740 мыңға жуық өңірде мұнай-газ саласы ондаған мың адамды жұмыспен қамтып отыр. Аймақтағы ең ірі компания — «Өзенмұнайгаздың» өзінде 10 мыңнан астам адам еңбек етеді. Осы көрсеткіштермен салыстырғанда 1800 жұмыс орны көп емес. Оның үстіне жаңа сала толық қалыптасқанша білікті әрі тұрақты қызметтерге шетелдік мамандар тартылуы мүмкін. Инвестициялық келісім бойынша жоба қызметкерлерінің 90 пайызы қазақстандықтар болуы керек, ал тұрақты жұмыс орындарының басым бөлігі Маңғыстау тұрғындарына берілуге тиіс.
Жасыл энергия кімге қызмет етеді?
Әлеуметтік-экономикалық мәселелерден бөлек, Hyrasia One Қазақстан тарихындағы ең ірі жаңартылатын энергия жобасы болмақ. Жалпы қуаты 40 гигаватт болатын жел және күн электр станциялары Қазақстанда қазір орнатылған жаңартылатын энергия қуатынан он еседен астам көп. Оның бәрін бір онжылдық ішінде еліміздің бір ғана өңірінде салу жоспарланған.
Климат өзгерісіне қатысты міндеттемелерімізді орындау, яғни таза энергия көздерін дамыту тұрғысынан қарағанда, бұл қуанышты жаңалық болуы керек еді. Бірақ бұл қуаныштың Қазақстанға қатысы шамалы. Жел турбиналары мен күн панельдері өндіретін электр энергиясының барлығы дерлік сутегі өндіруге жұмсалады. Ал сутегінің өзі негізінен Германияға жөнелтіледі. Яғни өндірілетін таза энергия да, жасыл сутегі де ең алдымен Қазақстан үшін емес.
Қазақстанның ішкі энергия жүйесі бүгінгідей күйінде қала береді: елдегі электр энергиясының шамамен 70 пайызы көмірден өндіріледі. Қазақстан 2030 жылға қарай ішкі электр өндірісіндегі жаңартылатын энергия үлесін 15 пайызға жеткізуді көздейді. Бірақ Маңғыстауда іске асқалы жатқан жоба бұл мақсатқа жетуге қатыспайды. Сонда әлемдегі ең ірі жасыл энергетика жобаларының бірі қазақ жерінде салынады, бірақ оның негізгі пайдасын басқа мемлекет көреді.
Қазақстанның өзі де сутегі энергетикасын дамытуға мүдделі және бұл бағытта арнайы стратегиялық құжат қабылдаған. Сол құжат бойынша Қазақстан 2030 жылға қарай 25 000 тонна сутегі өндіруді көздейді, оның кемінде жартысы «жасыл» болуы керек. Сол уақытқа дейін жылына 15 000 тонна сутегі экспорттау және бүкіл сутегі саласына бір миллиард теңге, яғни шамамен екі миллион еуро инвестиция тарту жоспарланған.
Ал Hyrasia One жобасының өзі 2031 жылдан бастап жылына 2 миллион тоннаға дейін сутегі өндіруді ұсынып отыр. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 50 миллиард еуро деп көрсетілген. Яғни бір ғана жобаның өндіріс көлемі ұлттық мақсаттан шамамен сексен есе, ал инвестиция көлемі бүкіл ел бойынша қойылған мақсаттан шамамен жиырма бес мың есе көп. Сондықтан осындай алып жобада өндірілетін жасыл сутегінің бір бөлігін Маңғыстау мен жалпы Қазақстан өнеркәсібінің қажетіне пайдалану мүмкіндігін де қарастырған жөн.
Қазақстанның сутегі энергетикасын дамытуға арналған құжатында елдің оңтүстік және орталық өңірлері сутегі өндіруге жеткілікті суы бар аймақтар ретінде көрсетілген. Маңғыстау бұл тізімде жоқ. Құжатта өңір сутегі өндіретін аймақ ретінде мүлдем аталмайды, тек табиғи газ көзі ретінде көрсетілген. Маңғыстауда салынғалы жатқан алып жоба да бұл құжатта ескерілмеген. Мұндай жобалар елдің сутегі стратегиясында көрініс тауып, ұлттық сутегі энергетикасына қандай үлес қосатыны нақты жазылуы керек.
Қазақстандағы жоба Германия үшін алғашқы тәжірибе емес. Германия Марокко, Намибия және Сенегалмен де осындай жобаларды іске асыру жөнінде келісімге келген. Кейбір сыншылар мұны «жасыл отаршылдық» деп атайды. Яғни, жаңартылатын энергия инфрақұрылымы өндіруші елде салынады, ал одан түсетін экологиялық пайда импорттаушы елге тиеді.
Яғни таза энергия бір мемлекетте өндіріледі де, кейін басқа елге жөнелтіледі. Ал оны өндірген ел электр энергиясын бұрынғыдай көмірден немесе басқа қазба отыннан өндіре беруі мүмкін. Импорттаушы мемлекет болса, энергияны басқа елден әкелсе де, парниктік газ шығармай өндірілген энергияны пайдаланып отыр деп есептеледі.
Каспий мен Үстіртке қандай салмақ түседі?
«Жасыл сутегі» деген атауына қарап, мұндай жобаның жергілікті табиғатқа зияны аз немесе мүлдем жоқ деп ойлап қалуға болады. Бірақ оның экологиялық әсерін түсіну үшін қандай ресурстар қанша көлемде қажет болатынын және табиғатқа түсетін салмақты есептеу керек. Сутегі өндіруге ең алдымен су мен электр энергиясы қажет.
Негізгі химиялық есеп бойынша 1 кг сутегі алу үшін 9 литр деиондалған су керек. Ал суды тазарту мен электролиз қондырғыларын салқындатуға кететін суды қоссақ, әр килограмм сутегіге тағы 10–20 литр жұмсалады. Сондықтан тұщы суды пайдаланатын нақты өндірісте 1 кг сутегіге шамамен 20–30 литр су қажет.
Ал су теңізден алынса, оны тұщыландыру кезіндегі шығындарды да есептеу керек. Сонда әр килограмм сутегі үшін шамамен 70–100 литр шикі теңіз суы қажет болады. Демек жылына жоспарланған 2 миллион тонна сутегіні өндіру үшін Каспий теңізінен жыл сайын шамамен 80–140 миллион текше метр су алу керек. Каспийдің су деңгейі төмендеп жатқанын ескерсек, мұндай көлем теңізге қаншалықты әсер етеді деген сұрақ туады.
Каспий — бірегей әрі өте осал экожүйе. Жабайы табиғатта тек осы жерде кездесетін Каспий итбалығы, әлемдегі бекіре тұқымдас балықтардың басым бөлігі және басқа да көптеген эндемик түр осы теңізді мекендейді. Мұнай-газ өндірісі, климат өзгерісі, су алудың көбеюі мен ластану салдарынан Каспий итбалығы мен бекіре тұқымдас балықтардың саны онсыз да азайып кеткен. Мысалы, соңғы 100 жылда Каспий итбалығының саны шамамен 90 пайызға кеміген.
Осы жағдайды ескерсек, Каспийден қосымша су алу экожүйеге тағы бір салмақ түсіреді деген алаңдаушылық бар. Алайда жылына алынуы мүмкін 80–140 миллион текше метр су Каспийдің жалпы көлемімен, жыл сайын буланатын және өзендерден құйылатын сумен салыстырғанда өте аз. Бұл Каспий жыл сайын жоғалтатын су көлемінің шамамен 0,1–0,2 пайызына ғана тең.
Сондықтан сутегі өндірісінің Каспийге төндіруі мүмкін ең үлкен қаупі суды алу көлемінен емес, өндірістен кейін қалатын тұзды ерітінді мен ағынды судан туындауы мүмкін.
Hyrasia One жобасы туралы ашық дереккөздер мен құжаттарда көбіне жалпы көрсеткіштер ғана берілген. Мысалы, өндірілетін сутегі көлемі, күн және жел электр станцияларының қуаты көрсетілген. Ал табиғат үшін маңызды мәселенің бірі — тұзды ерітіндінің қайда жіберілетіні туралы нақты ақпарат жоқ.
Ең арзан әрі оңай жолдардың бірі — оны қайтадан теңізге ағызу. Бірақ мұндай ерітіндідегі тұз мөлшері бастапқы теңіз суынан екі-үш есе, кейде одан да көп болуы мүмкін. Оны теңізге төге беру тұздылығы тым жоғары аймақтардың пайда болуына әкелуі ықтимал. Мұндай жерде теңіз жануарлары мен өсімдіктерінің көпшілігі тіршілік ете алмайды. Сондықтан жоба туралы ашық ақпаратта тұзды ерітінді мен ағынды судың қалай жойылатыны және оның қоршаған ортаға әсері нақты көрсетілуі керек.
Судан бөлек, жобаға аса көп қажет болатын екінші ресурс — электр энергиясы. Ол Маңғыстауда салынатын күн және жел станцияларында өндіріледі. Өңір даласында жаңартылатын энергияның бес кластерін салу жоспарланып отыр. Олар шамамен 5500 шаршы шақырым жерді қамтиды. Бұл Астана қаласының аумағынан шамамен жеті есе үлкен.
Тек жел электр станцияларына 5000-нан астам турбина қажет. Әр турбинаның қалағының ұшына дейінгі биіктігі 225 метрге жетеді. Ал күн панельдері шамамен 150 шаршы шақырым жерді алып жатпақ. Жобаны іске асыратын компания күн және жел станциялары салынатын аумақты бос жер деп сипаттайды. Компания мәлімдемесінде бұл жерлерде тұрғындар мен тұрғын үйлер жоқ екені айтылған.
Энергия кластерлерінің бірін Үстірт қыратында салу жоспарланған. Кейбір экобелсенділер адам қолы тимеген, бірегей Үстіртте мұндай құрылыс жүргізуге қарсы екенін айтқан. Бірақ ол жерде ешкім тұрмайтыны бұл жер ешкімге қажет емес деген сөз емес. Сырт көзге иен дала болып көрінгенімен, Маңғыстау тұрғындары үшін бұл жерлердің мәні терең.
Маңғыстау — елдегі ең киелі аймақтардың бірі. Мұнда 362 әулие жерленген. Олардың бесеуі ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандарының алдын ала тізіміне енген. Жобаны іске асыратын компания Маңғыстаудағы ескерткіштердің мемлекеттік тізімін қарап, оларды сақтау үшін жоба аумағына өзгеріс енгізгенін айтады. Алайда бұл тізімге жергілікті халық әлі күнге дейін зиярат ететін көптеген киелі орын кірмеген.
Оның үстіне компания айтып отырған өзгеріс далада орналасатын энергия кластерлеріне емес, жағалаудағы зауыт аумағына ғана қатысты. Бұл жерде де су мәселесіндегідей жағдай байқалады: жергілікті халықпен байланыс жеткіліксіз, тұрғындар жобаға қатысты шешім қабылдауға толық араласпай отыр. Бұл болашақта тұрғындар, компания мен үкімет арасында қақтығыс болмаса да, түсініспеушілік туғызуы мүмкін.
Бірқатар басылым Маңғыстау құстардың ірі көші-қон жолында орналасқандықтан, жоба көптеген құс түрінің ұшу бағытына кедергі келтіруі мүмкін деп алаңдайды. Әзірге жобаның бұл популяцияларға қалай әсер ететіні белгісіз. Экологтар мен биоәртүрлілікті зерттеушілердің БАҚ-тағы пікірлерінен басқа, тиісті экологиялық бағалау нәтижелері немесе рецензияланған ғылыми зерттеулер ашық жарияланбаған.
Маңғыстауда жойылып кету қаупі төнген бірнеше түр де мекендейді. Олардың қатарында Алдыңғы Азия қабыланы, Үстірт муфлоны — арқары және ақбөкеннің Үстірт популяциясы бар. Осындай алып жобаның онсыз да әлсіреген өңір биоәртүрлілігіне қалай әсер ететіні де әзірге белгісіз.
Иә, жобаның ауқымы орасан. Сондықтан оның әлемдегі жасыл энергетиканың дамуына қосатын үлесі де елеулі болуы мүмкін. Алайда Hyrasia One «жасыл отаршылдық» деп сипатталатын үлгіге ұқсайды. Өндірілген сутегінің барлығы дерлік экспортқа кетеді, ал жергілікті халық серіктес емес, көбіне жұмыс күші ретінде қарастырылады. Пайданың басым бөлігі сутегі өндірілетін елде емес, оны импорттайтын елде қалмақ.
Жоба Маңғыстаудың әлеуметтік, экономикалық және экологиялық келбетін сөзсіз өзгертеді. Бірақ бұл өзгерістің нақты қандай болатыны туралы әзірге толық түсінік жоқ. Қазір қолда бардың көбі — экологтар мен белсенділердің БАҚ-та айтқан алдын ала бағалары. Жоба туралы нақты жауаптан гөрі сұрақ көп, ал оның шынайы әсерін бағалауға қажет көптеген көрсеткіш әлі белгісіз.
Сондықтан жобаны жоспарлау мен іске асыру кезінде жергілікті тұрғындардың пікірі шын мәнінде ескерілуі керек. Әлеуметтік ахуалы онсыз да күрделі өңірде тұрғындар, компания мен үкімет арасындағы шиеленісті күшейтпеудің бір жолы осы. Ал басты сұрақ әзірге жауапсыз қалып отыр: Hyrasia One жобасының Қазақстанға пайдасы қандай болмақ?