«Өрмекші-адам: Жаңа күн» фильмі әлемдік премьерадан бір апта кешігіп, 6 тамыздан бастап Қазақстан прокатына шықты. Киносыншы Ернар Бекенов nükte. өтінішімен бірнеше күннен бері бұл фильмге деген қызығушылық неге бәсеңдемей тұрғанын және көптің әйгілі қаһарманға деген ықыласы бұл жолы неге ерекше екенін түсіндіріп берді.
Көрермен бұл фильмді ерекші күткені рас. Сөзімізге оның алғашқы табысы дәлел. Дистрибьютор Ascar Cinema компаниясының хабарлауынша, фильм алғашқы күні 375 миллион теңгеге жуық табыс тапқан. Бұл — бірінші күн табысы жөнінен Қазақстан прокатындағы рекорд көрсеткіш.
«Жаңа күн» — Том Холланд ойнаған Өрмекші-адам туралы фильмдер сериясының төртінші бөлімі. Дей тұрғанмен, Marvel мен Sony студиялары сюжет желісіне нұқсан келтірмей кейіпкерге кішігірім ребут жасауды шешті. Яғни, суперқаһарманның осыған дейін көрсетілген өмірі жалпы сюжеттен өшірілмейді, бірақ оның қаһармандық жолы жаңадан басталады. «Жаңа күн» (ағылшынша — Brand New Day) деп аталуы да сондықтан.
"Өрмекші адам: Жаңа күн" фильмінің қазақша трейлері
Қаһарманды қайта қалыптастыру талпынысы
Осыған дейін Өрмекші-адам туралы түсірілген басқа фильмдер классикалық жолмен жүретін. Тоби Магуайр ойнаған трилогия да, Эндрю Гарфилд ойнаған дилогия да мектеп оқушысын радиоактив өрмекші шағып алған сәттен бастау алатын. Осыдан кейін барып кейіпкер желісі әрі қарай өрбіп, комиксте айтылатын қас жауларымен күресетін.
Том Холланд ойнаған Өрмекші-адам кино әлеміне басқа жолмен келді. Ол Marvel-дің Кек алушылар жасағының құрамына бірден топ ете қалды. Тони Старк (Темір адамның) шәкірті болды, сол жасап берген озық технологияларды пайдаланды. Әлемнің ең сүйікті комикс қаһармандарының бірін осылай сипаттау — байлыққа еңбекпен емес, әке-көкесінің арқасында кенелген тәлпіш баладай көрінетіні рас. Көрермен оны жоғары технология өнімдеріне толы костюмі үшін емес, өмірі жолы болмайтын жуас баладан мықты қаһарманғанға айналып, супер күші бола тұра өзінің адами қасиетін сақтап қалғаны үшін жақсы көретін.

Сондықтан студияға Өрмекші-адам желісіне өзгеріс енгізіп, оған классикалық сюжет беру қажет болды. 2021 жылы шыққан «Spider-Man: No Way Home» — әрі трилогияны қорытындылады, әрі Питер Паркердің басынан кешкендерін жаңадан бастауға алғышарт болды: сюжетте бүкіл әлем Питер Паркер — Өрмекші-адам екенін ұмытып қалады.
Сол себепті төртінші фильмде біз адамзатты планета аралық ауқымы бар қауіптен құтқаратын емес, өз қаласындағы қылмыскерлермен күресетін кәдімгі үйреншікті «ақкөңіл көршіні» көреміз. Мұнда әлемге қауіп төндіріп тұрған зұлыммен күресуден бұрын, «мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеуге көп көңіл бөлінеді.
Әйтсе де, фильм авторларына қоятын сұрақ та жоқ емес. Айтып өткеніміздей, қазіргі Питер Паркер — костюмін өзі тігетін, әлемді кұтқару жүгін арқаламайтын, үшінші фильмде көрсетілген оқиғадан кейін өмірін жаңадан бастауға бел буған жалғыз басты жас жігіт. Сөйте тұра, костюмін жай ғана матадан тігілген киім дей алмаймыз. Оған да Тони Старктың Джарвис, Фрайдей, Эдит не Карен деген көмекші жүйелеріне ұқсас жасанды интеллект орнатылған. Алдыңғы сюжетте барлығынан бас тартып, баз кешуге бел буған кейіпкердің мұндай қымбат технологияға қол жеткізуі қисынға келмей тұр.
Алайда бұл артықшылық жоқ жерден пайда болды деп те айта алмаймыз. «Marvel's Spider-Man» компьютерлік ойынында да осыған ұқсас технологияны көруге болады. Авторлар сол ойынға сілтеді ме де екен деген ой туады. Айтпақшы, «Жаңа күн» көрерменді көбірек қуанту үшін Өрмекші-адамға қатысты барлық өнімнің артықшылықтарын жинаған секілді. Кейбір сәттерде шынымен жоғарыда айтып өткен ойынды ойнап отырғандай күй кешесің. Ракурстары, қаһарманның төбелестері ойынның кейбір сәттерін қайталайды. Сонымен қатар Тоби Магуайр, Эндрю Гарфилд ойнаған фильмдердің жақсы жерлерін теріп алғандай. Культқа айналған Сэм Рэймидің трилогиясындағыдай кәдімгі өмірге жақын шынайылық, Марк Уэбб дилогиясына ұқсас мықты арнайы эффектілер кездеседі.

Жеңіл ребут екенін фильмнің тұтас атмосферасы да көрсетіп тұр. Бұрынғыдай, Marvel фильмдеріне тән қызылды-жасылды көз тартар түстер оңды-солды қолданыла бермейді. Тіпті, кейбір жерін түс реңкі мен музыкасына қарап хоррор деп қабылдауға болады.
Marvel суперқаһарман туралы жеке фильм түсіргенде өз киноәлемінде көрініп жүрген бір кейіпкерді суырып алып, бас кейіпкермен қатар қолданатыны жаңалық емес. Алдыңғы үш фильмде біз Өрмекші-адамға көмекке келген Темір адамды, Ник Фьюриді, Хәппи Хоганды, Доктор Стренжді көрдік. Бұл жолы да Marvel осы әдетінен жаңылған жоқ. Брюс Беннер (Халк) кадрдан көрінетінін барлығымыз трейлерден білеміз.

Disney бірнеше жыл бұрын 21st Century Fox студиясын бүкіл фильмдер, кейіпкерлер қорымен қоса сатып алғаны белгілі. Осы студияға тиесілі Икс-адамдар әлемі ерте ме, кеш пе Marvel суперқаһармандар қатарын толықтыратыны айтпаса да белгілі еді. «Жаңа күн» сол бастама жүзеге асқан алғашқы картина деуге болады.
«Жаңа күнде» көрінген тағы бір кейіпкер — Жазалаушы (Фрэнк Касл). Бұл кейіпкер Marvel киноәлемінің бір бөлшегі ретінде бұрын Netflix стримингінен көрінді. Алдымен «Daredevil» сериалынан дебют алып, кейін бұл қаһарман туралы 2017 және 2019 жылдары екі маусымнан тұратын бөлек сериал шықты. Жазалаушының бір ерекшелігі — оған Disney мен Marvel фильмдеріндегідей цензура қойылмайды, атыс-шабыс төбелестері де жас көрерменге арналмаған. Алайда Marvel эксперимент жасағысы келді ме, қатал да қатыгез Фрэнк Каслды жас шектеуі бар «Өрмекші-адамға» қосыпты. Бір жағынан, балағат сөзден тиылған Жазалаушыны көру қызық, екінші жағынан — оның репликасына және қан жоса көріністерге қойылған цензура кейіпкердің шын болмысын ашуға кедергі болды ма деп екіұдай ойға қаласың.

Дубляжына бірер сын
Қазақша дубляжынан бір байқағаным — әдеби кеңесшінің жоқтығы көрініп тұр. Қате аудармалар кездеседі: хабарлама не хат деудің орнына хабарландыру деп айту («хабарландыру» орысша — «объявление» ғой, бірақ фильмде телефонға келген хат не хабарлама туралы сөз болды), моншаны «баня» деу (қазақта әп-әдемі балама сөз бола тұра), басқа да оғаш әрі қате сөздер бар. Ғылыми аббревиатураларды көбіміз орысша естіп үйреніп қалғанбыз. Терминдерді қазақша аббревиатура күйінде айту оғаш естіледі. ДНК сөзін «ДыНыҚы», мРНК сөзін «мыРыНыҚы» деп дыбыстамай-ақ, қабылдауға жеңіл балама сөз тауып қолданса сюжетке еш нұқсан келмес еді.
Жалпы мұндай олқылықтар тек «Жаңа күнде» ғана кездесетін проблема емес. Кейінгі жылдары дубляждалып жүрген біраз фильмнен осындай кемшіліктер байқалып жүр. «Болашақ» ассоциациясының бастамасымен 2010 жылдары аударылған картиналарға әдеби кеңесші мамандарды тартқаны бар. Сол жағы қайта қолға алынса екен деген тілек бар.
Осындай ұсақ-түйек кемшіліктерге қарамастан, фильм тартымды болып шықты. Орнымен қолданылған әзіл-оспақ та, жан түршіктірер қорқынышты сахналар да жетерлік. Marvel-дің кейбір фильмдері қымбатқа түсірілсе де, графика мен сюжет жағынан кейінгі жылдары сынға қалып жүрді. «Өрмекші-адам: Жаңа күн» айтылған сынның бәрін ескерген секілді. Экшнға, графикасына, диалогы мен жалпы сюжетіне кінә арта алмайсың.
Ең бастысы — Питер Паркердің болмысы құтқарушы қаһарман образымен шектеліп қалмайды, жалғызсыраған, өзін іздеген, болғалы тұрған өзгеріске рефлексия жасаған адамның да кейпіне тереңдік беріледі. «Жаңа күн» тағы бір трилогияға жол ашып бергендей.