Алматыда 20–30 тамыз күндері QYZQARAS кинофестивалі өтеді. Биыл фестиваль бағдарламасына әйел режиссерлер түсірген қазақстандық және шетелдік фильмдер енген. Фестивальді қазақстандық режиссер Кристина Михайлованың «Ózenniń tústeri» деректі фильмі ашып береді. Қазақстандағы премьерасы 20 тамызда «Целинный» заманауи мәдениет орталығында өтеді.
QYZQARAS — әйелдердің кинодағы еңбегіне назар аударып, әйел режиссерлердің фильмдерін көрсететін тәуелсіз кинофестиваль.
Фестивальді ашып беретін «Ózenniń tústeri» деректі фильмін қазақстандық режиссер, продюсер әрі суретші Кристина Михайлова түсірген. Картина Қазақстандағы әйелдердің тұрмыс-тіршілігі туралы баяндайды.
Фильмде режиссер Ақсай өзенінің бойында тұратын әртүрлі әйелдермен сөйлесіп, олардың арманы, қорқынышы, қарым-қатынасы және қоғамдағы орны туралы әңгімесін тыңдайды.
Фильмнің негізгі бейнесі — өзен. Кейіпкерлер өздерін өзен ретінде елестетіп, осы метафора арқылы өмірі мен болашағы туралы айтады. Деректі сұхбаттар табиғат көріністерімен және поэтикалық бейнелермен қатар беріледі. Фильм бес жыл бойы түсірілген. Жоба авторлары осы уақыт ішінде жүзден астам сұхбат жазған.
«Ózenniń tústeri» фильмінің әлемдік премьерасы 2026 жылғы Берлин халықаралық кинофестивалінде өтті. Ол Берлиналенің Forum бағдарламасына қатысып, осы бөлімдегі Экуменикалық қазылар алқасының жүлдесін жеңіп алған. Қазылар алқасы фильмде өзен Қазақстандағы жас әйелдердің тәжірибесі, өкпе-реніші мен үмітін жеткізетін метафораға айналғанын атап өткен. Берлиналеден кейін фильм бірнеше халықаралық кинофестивальде көрсетілді. Соның ішінде Нью-Йорктегі Margaret Mead Film Festival бағдарламасына еніп, Солтүстік Америкадағы премьерасы өтті.
Биыл QYZQARAS бағдарламасына 21 толықметражды фильм енген, оның бесеуін Орталық Азия режиссерлері түсірген. Фильмдер тізімі мен билетті мына сілтемеден алуға болуға болады.