Skip to content

«Одиссея» — Ноланның соғысқа қарсы манифесі

«Одиссея» — Кристофер Ноланның Гомер эпосына жасаған жаңа көзқарасы. Фильмінің жаңа интерпретациясы көрерменге не ұсынады?

Фото: imdb.com

23 шілдеде Қазақстан прокатына Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмі шықты. Бұл — Гомердің эпосын жаңаша баяндайтын ауқымды картина. Киносыншы Ернар Бекенов nükte. медиасының өтінішімен фильмді көріп қайтты.

Әйгілі шығарма желісімен кино түсіру — опа бермейтін іс. Фильмнің алғашқы трейлері шыққан кезде кейбір көрермен сауыт-сайман, кадрдағы басқа да заттардың тарихи шындыққа сәйкес келмейтінін біраз сөз еткені бар. Бірақ тарихи оқиға дегеннен гөрі халық ауыз әдебиетіне әлдеқайда жақын шығармадан дәлдік іздеу қаншалықты дұрыс деген сұрақ та туады. Заманауи сөздердің қолданылуы, қара нәсіл актерлердің түскені де (мысалы, Елена сұлуды Лупито Нионго ойнағаны, жыршы рөлінде рэпер Тревис Скотт көрінгені) қызу талқыланды. Мұны кино суреткерінің авторлық көзқарасы деп те, кинодағы қазіргі трендке ілескені деп те түсінсек болады. 

«Одиссея» фильмінің ресми трейлері

Түпнұсқа шығарма мен соның желісімен түсірілген киноны екі бөлек қарастырған дұрыс. Өйткені кино — өзінің заңдылықтарына байланысты әдеби шығарманы ешқашан айна-қатесіз бейнелеп бере алмайды. Сол күйінде берсе, бірізді желісі жоқ, динамикасы әркелкі болғындықтан сюжеті қызықсыз, визуалында реттілік жоқ қойыртпақ шығар еді. Өйткені әдеби туынды мен киноның баяндалу тәсілі, идеялық мазмұны бір-біріне ұқсамайды.

Ноланның «Одиссеясы» — Гомер поэмасының сюжеттік желісін және кейіпкерлерін пайдаланды демесеңіз, идеясы мен ойы бөлек дүние. Мұнда бізге әдебиеттен және осыған дейін жасалған экранизациялардан таныс кейіпкерлердің барлығы дерлік бар. Бірақ автордың (сценарийді Кристофер Нолан өзі жазды) айтпағы Одиссея туралы осыған дейін түсірілген фильмдерден біраз өзгеше болып шықты.

Фильм кадры. Фото: imdb.com

Идея тұрғысынан «Одиссея» — Ноланның осыған дейінгі «Дюнкерк» және «Оппенгеймер» фильмдеріндегі ойды жалғайды. Бұлар — соғысты және соғыстың салдарын сынайтын үш үлкен монолог деуге болады. «Дюнкерк» соғыс сұмдығын дәл оқиға орнынан көрсетеді, «Оппенгеймер» соғысқа себепші болуды, миллиондаған адам өмірі мен өліміне жауапты болуды сөз етеді. Ал «Одиссея» — соғыстың адам жаны мен жадында қалдыратын жарақатын баяндайды. Бұл тұрғыдан Ноланның жаңа жұмысы Сильвестр Сталлоне ойнаған бірінші «Рэмбо» фильмімен идея тұрғысынан ұқсастығы бар.

Гомердің Одиссейі соғыстан кейін үйіне асыққан қаһарманды, адалдық пен қайсарлықты жыр етті. Гомердің Одиссейіне үйге жетуіне құдайлар мен құбыжықтар кедергі болды. Ал Ноланның Одиссейіне қолбайлау болған себептерді түсіндіруге басқа тәсіл қолданылады. Меніңше, эпосқа жаңаша интерпретация жасаудың қызығы да осында. Нолан кейіпкердің іс-әрекеті мен мотивациясына мүлдем жаңа мағына береді. Мэтт Дэймон ойнаған Одиссей — Троя соғысынан кейінгі жан жарасының мәніне үңілуден қашып, жолындағы құбыжықтармен алысып кеткен кейіпкер.

Дей тұрғанмен, бас кейіпкердің эволюциясы түпнұсқа шығармадан алыстап та кетпейді. Бәріне де түсінікті сапар мен мақсатты көреміз: бару, алу, оралу. Бұл желіге Кирк Дуглас ойнаған 1954 жылғы картинада да, 1997 жылғы телефильмде де куә болдық. Бір қызығы, Одиссей туралы әр жаңа фильм ауқымымен, үлкен технологиялық жетістіктерімен кино тарихынан өз орнын алуға тырысты. Италия режиссерлері Марио Камерини мен Марио Бава түсірген 1954 жылғы картинада Холливудтың жарық жұлдызы Кирк Дуглас ойнап, декорациялары мен новаторлық арнайы эффектілерінің арқасында мифология жанрының эталонына айналса, Андрей Кончаловский түсіріп, Арманд Ассанте ойнаған екі бөлімнен тұратын 1997 жылғы телефильм сол кезең үшін орасан бюджетімен, қымбат компьютерлік графикасымен ерекшеленді.

Амбицияға бой ұрмаған — Уберто Пазолинидің 2024 жылғы «Оралу» («The Return») картинасы ғана. Мұнда Итака патшасының қызыққа толы оқиғалары да, фантастика да, қымбат эффектілер де жоқ. Фильм үйіне арып-ашып жеткен Одиссейдің уайым-қайғысын суреттейтін психологиялық драма болып шықты.

«Ulysses» (1954), «Одиссей» (1997), «Оралу» (2024), «Одиссей» (2026) фильмдерінің постерлері. Фото: imdb.com

Енді Нолан туралы айтайық. Режиссер бұрынғы «Одиссей» экранизацияларымен жарысқа түсіп, ауқымы мен салмағы жөнінен асып түсуді мақсат еткендей. Тек атақты жұлдыздардан құралған актерлер тобы фильмнің салмағын арттыра түседі. Кейіпкер жолында кездескен құбыжықтар мен сынақтар саны — жоғарыда аталған екі фильмді қоса алғаннан да асып түспесе, кем болған жоқ. 

Нолан әдеттегі сюжет баяндау тәсілінен жаңылмай, оқиғаны хронометраждың әр жерінен құрақ көрпедей жинайды. Бастапқыда шашыраңқы сюжет финалға жақындаған сайын бір желі бойына қатарласып, түсінікті бола түседі. Табиғи түсірілім мен компьютерлік графиканың жақсы үйлескені сонша — еш жері оғаш шықпай, шынайы көрініс береді. Біресе тастай қараңғы, біресе найзағайдың көз қарықтырар жарқылы ойнап, дүлей теңіздің асау толқындары бетке (экранға деп түсініңіз) ұрғанда, табиғат алдындағы фобияларыңның барлығын қоздырып жібергендей болады. Әлбетте, бұл жерде оператор Хойте Ван Хойтема мен музыка жазған Людвиг Горанссонның еңбегі зор. Олар режиссермен талай жыл істес болған, оның сенімді серігіне айналған мамандар, екеуінде де «Оппенгеймер» үшін алған «Оскар» бар. 

Кристофер Нолан мен Хойте Ван Хойтема. Фото: imdb.com

Сондықтан бұл фильмді орындығы қозғалып, бетіңе су бүркитін 4DX кинозалға барып қараудың қажеті де жоқ. Иммерсив әсері онсыз да сезіліп тұр. Алдағы «Оскар» маусымында «техникалық» номинацияларда топ жаруға алғышарттар жетерлік.

Кристофер Нолан технологиясы озық түсірілімге, ескі сюжеттен жаңа идея жасауға көңіл бөлемін деп, кейіпкерлердің күрделі мінезін (Одиссей мен Пенелопаны қоспағанда) ашу жағын елеусіз қалдырғандай көрінді. Біразына харизма мен тереңдік жетіспейді. Антинусты ойнаған Роберт Паттинсонға, Агамемнонды ойнаған Бенни Сэфдиге, Афинаны ойнаған Зендеяға, Еленаны ойнаған Лупита Нионгоға экран уақыты жетпей қалды. Супер жұлдыздарды қажетінше пайдалана алмасаң, оларды жаппай киноға шақырудың мәні не деген сұрақ туады. Режиссер аталған актерлердің біразымен бұрыннан істес болып келе жатыр, сол жағы да рөл атқарған болуы керек.

«Одиссея» фильмінің актерлер құрамы. Фото: imdb.com

Қалай дегенде де, талқылануға тиіс және талқыланатын үлкен фильм шықты. Біреулер «Одиссеяны» Гомер поэмасының экшн мен әдемі кадрға толы жаңа экранизациясы деп қабылдасын (мұндай пайым еш қате болмайды), ал өзім мұны режиссер Ноланның соғысқа қарсы манифесі деп түйдім.

Соңғы