Skip to content

«Қара алтын» — қазақтың бизнес туралы үздік фильмі

«Қара алтын» — мұнай мен кәсіп туралы ғана фильм емес. Мұнда арманға ұмтылыс, тәуекел, әке мұраты және адам үшін маңызды құндылықтар қатар өріледі.

Фото: IG/Қара алтын

10 қыркүйекте Мұрат Есжанның «Қара алтын» картинасы прокатқа шықты. Бұл — арман жолында басыңды қатерге тігуді, болашағы бұлыңғыр іске бола тәуекелге баруды, әке мұраты мен ата-баба аманатына адал болуды, әділдік үшін күресуді сөз ететін күрделі драма. Киносыншы Ернар Бекенов nükte. редакциясының өтінішімен фильмді көріп қайтты.

Сюжетке тәуелсіз Қазақстанның алғашқы жеке кәсіпкерлерінің бірі Медғат Құлжанов өмірі арқау болған. Желідегі ақпаратқа сенсек, ол — Қазақстанда алғаш болып жеке компания ашқан, Қазақстанның бизнес саласына холдинг деген түсінік әкелген адамдардың бірі. Алайда оның кәсіпкерлік жолынан бөлек Абай мен Шәкәрім мұрасын әлемге танытуға зор үлес қосқан және елдің түрлі өңіріндегі әлеуметтік жобаларға демеуші болған еңбегі де зор.

"Қара алтын" фильмінің трейлері

Тоқсаныншы жылдары бизнеске жол ашылғанда — өндірісте, экономиканың ірі салаларында жүрген талай қайраткер кәсіпкерлікке бет бұрды. Олардың кейбірі бүгінгі таңда ел экономикасына айтарлықтай әсері бар ірі кәсіпорындарды басқарып отыр, құрметке бөленген ел ағаларына айналды. Бас кейіпкерге прототип болған Медғат Құлжанов та солардың қатарында. 

Әйтсе де қайраткер туралы шыншыл кино түсіру мәселесі көтерілсе оны еске бірден келе қалатын тұлға деп те айту қиын, қатардағы азамат ол жайында Уикипедияда жазылған өмірбаянынан асырып ештеңе де айта алмайды. Бірақ, кино авторлары әдеттегідей Алаш зиялылары, ұлтқа қызмет еткен басқа да ұлы тұлғалар өмірін таспалаудың орнына (оңай да бәріне белгілі жолды таңдаудың орнына деп түсініңіз), екінің бірі біле бермейтін жаңа заман адамдары туралы айтуға бел буғаны — үлкен тәуекелге бару деп білемін.

"Қара алтын" фильмінен кадр. Фото: IG/Қара алтын

Оның үстіне, тәуелсіз Қазақстан бизнесмендері туралы түсіремін деп көзі тірі, аты елге мәлім аға-көкелерді сюжетке кірістіруге тура келеді. Бұл да қатер. Біреуге жақпай қалса, сюжеттегі образы ұнамай қалса жолыңа бөгет жасауы әбден мүмкін.

Сондықтан да шығар, Ақан Сатаев түсірген «Бизнесмендер» картинасы тәуелсіз Қазақстанда бизнес әлеміне жол ашқан қайраткерлерді көрсеткісі келгенімен, Қазақстан реалиясынан сәл алыстап кетеді. Шын өмірде кездесетін бюрократия, коррупция тақырыбына терең үңілмейді, өмірде бар адамдардың атын атап, түсін түстемейді. Сол себепті «Бизнесмендер» біздің заман туралы бола тұра, ешкімге кір келтірмейтін, жақсылап сүзгіленген фильм болып шықты. 

Ал «Қара алтын» авторлары Қазақстанда кәсіпкерге тұсау болатын проблемаларды айтудан жалтармайды. Мұнда жаңа заман мен жаңа істің бұрын-соңды ешкім білмеген қиындықтары да айтылады, коррупция мен бюрократия тақырыбы да қозғалады, тоқсандардағы әлімжеттік жасап тартып алу мәселесі де көтеріледі. 

"Қара алтын" фильмінен кадр. Фото: IG/Қара алтын

Баяндалу стиліне келсек, сюжет бір желі бойымен емес, параллель оқиғалар болып беріледі. Бас кейіпкердің кәсіпке қатысты қабылдаған белгілі бір шешімінен бала кезіндегі әлдебір оқиғалармен байланыс көреміз. Ал кабинеттен кабинетке жүгіріп, табалдырық тоздыратын бюрократия азабын бас кейіпкер Қасымның кішкентай қыздарына «Мақта қыз бен мысық» ертегісін айтып отырған сәтімен қатар көрсеткені — мәселені түсіндірудің ең ұтымды әрі иронияға толы тәсілі дер едім.

Режиссер әрі сценарий авторы Мұрат Есжан эксперимент жасаудан қашпайды. Мысалы, фильмнің өзін жанрлар миксі деуге болады. Бастапқыда мотивация беретін драма деп қабылдайсың. Бас кейіпкердің кәсіпкерлік жолындағы алғашқы қадамына қарап отырып Уилл Смит ойнаған «Бақытқа ұмтылу» («The Pursuit of Happyness»), болмаса Пол Томас Андерсонның «Мұнай» («There Will Be Blood») картиналары немесе бизнес құру туралы Холливудтың басқа да шабыттандыратын фильмдері еске түседі. 

«Қара алтын», «Бақытқа ұмтылу», «Мұнай» фильмдерінің постерлері. Фото: IG/Қара алтын, imdb.com

Алайда режиссер көрермен ынтасын ояту үшін сондай фильмдерде қолданылатын шаблондармен шектеліп қалмайды. Сюжет өрби келе бұл жерде драмадан бөлек бағыттарды да аңғарасыз. Сюжет параллель баяндалғанының арқасында кейіпкердің бала кезі мен қазіргі кезін қатар қойып, оны алға жетелеген сәттердің мәнін ұғасың. Бір жанрдан екінші жанрға өтсе де, сюжеттің бұлай құбылғаны фильм тұтастығына нұқсан келтірмейді. Бәлкім, атмосферасы құбылса да, күңіренген музыканың бастан-аяқ өзгеріссіз сүйемелдегені картина тұтастығына әсер еткен шығар. 

Қазақ фильмдерінде ақсап тұратын нәрсенің бірі — диалог пен тіл. Сюжеттің өрбуіне қатысы жоқ бос әңгіме мен мақсаты белгісіз құр сахна, ебедейсіз айтылған әзіл мен диалог кейде тәп-тәуір картинаны құртып жіберетін рас. Автор кейіпкерлер арасында тұщымды диалог болғанына, жалпы драматургия қаңқасын дұрыс құруға ден қояды. Фильм тілі қазақша, бірақ қажет кезінде орысша сөйлеуге ауысатын сәттер өмірдегідей табиғи шығады, кей фильмдердегідей еш себепсіз бір тілден екінші тілге ауыса салуды бұл жерден кездестірмейсіз. 

"Қара алтын" фильмінен кадр. Фото: IG/Қара алтын

Музыка фильм құрылымында маңызды рөл атқарады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, кейіпкерге прототип болған Медғат Құлжанов — Шәкәрімінің ұмыт болған өлеңдерін қайта жинауға, оны жарыққа шығаруға зор үлес қосқан азамат. Сюжетте кәсіпкердің осы еңбегі кейіпкерді жақсы қырынан ашатын құрал ретінде емес, сюжет желісіне тігісі жазылып кірістірілген маңызды деталь болып ашылады. Ал финалда ойналатын британ композиторы Карл Дженкинстің «Шәкәрім» симфониясы кейіпкердің бойындағы әлдебір бекзаттықты, бала кезден берілген асыл тәрбиені жырлағандай болады.

Бұл симфонияны тыңдап отырып, автор фильм атауын мұнайға бола «Қара алтын» деді ме, әлде араға жылдар салып халықпен қайта қауышқан Шәкәрім жырларына бола осылай аталды ма деп ойға ерік бересіз.

Жалпы, фильмде қуғын-сүргін тақырыбы да сөз болады. Совет заманында тыйым салынған әдебиетті тығылып оқу, іскерлік ортада қазақ тілінің құпталмағаны көрсетіледі. Әсіресе, соңғы мәселе әлі күнге дейін шешілмегенін бәрімізге мәлім. Бас кейіпкер Қасым Исағалиев образы осы проблемамен күрескен ұлтжанды азамат деп сипатталады.

Алайда бас кейіпкер образын фильмдегі бірді-екілі кемшіліктердің бірі дер едім. Қуандық Қыстықбаев орындаған рөл ұяңдау болып шықты. Сюжетте оны біреу пысықтығының арқасында алысқа барады деп сипаттайды. Бірақ шақырылмаған жиналысқа кіріп шетелдіктерді келіссөзге шақыратын, тіл білмесе де Лондонда өзіне тиімді мәміле жасай алатын адам ұяң, тұйықтау адам болмаса керек. 

"Қара алтын" фильмінен кадр. Фото: IG/Қара алтын

Жалпы фильмнің ең әлсіз тұсы — кейіпкерлер секілді. Әрине, барлығына мін тағуға болмайды. Бірақ бас кейіпкерді қиын-қыстауда қолдау көрсетуге, оның көшбасшы тұлға болып қалыптасуына әсер етуге тиіс адамдардың әлсіз жасалғаны байқалады. Мысалы, әйелі кадрда бірнеше секунд қана көрінеді. Бас кейіпкердің қандай адам екенін аша түсуге, оның отағасы ретіндегі образын тереңдетуге мықты әйел образы сұранып тұр еді. 

Осы проблема кейіпкер компания құрып, төңірегіне мамандар жинағанда да байқалады. Бет-бейнесі жоқ, статист кейпіндегі адамдардың арасында көшбасшыны харизма да, оның мықтылығын айшықтайтын басқа қасиеттері де құтқармайды. Бәлкім, прототип өмірде тұйық адам шығар, бірақ киноның заңы басқа. Харизмасы жоқ адам осындай орасан зор жетістікке өз күшімен жетті дегенге көрермен сене қоймайды. Мысалы, Қасымның жанында көмекші рөлін ойнаған Әділ Ахметов эпизод актері деңгейінде қалып, фильм ортасында ұмыт болды. 

"Қара алтын" фильмінен кадр. Фото: IG/Қара алтын

Осындай бірді-екілі кемшіліктеріне қарамастан бұл — шынымен айтуға тұрарлық үлкен жұмыс. Мұрат Есжанның қолынан байопик жазу және түсіру келеді, оны «Міржақып. Оян, қазақ!», «Ахмет. Ұлт ұстазы» телефильмдерімен дәлелдеді. Оның «Қара мұнайы» да көруге, талқылауға әбден лайық. Бизнеске арналған, мотивация беретін фильмдерді бөлек бағыт деп қарастырсақ, бұл — бүгінгі таңда Қазақстанда түсірілген ең үздік картина.

Соңғы