Skip to content

АҚШ соты Meta-ға 567 млн доллар айыппұл салды. Неге?

6 тамызда АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот Meta компаниясын балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін тағы 567 миллион доллар айыппұл төлеуге міндеттеді. Бұл — әлеуметтік желі компаниясына балалардың қауіпсіздігі мәселесіне байланысты салынған ең ірі айыппұл.

Фото: AdobeStock

Судья Брайан Бидшайд Meta өз платформаларының балаларға төндіретін қаупі туралы қоғамды жеткілікті деңгейде ескертпеген деп тапты. Оның айтуынша, компанияның әрекеті ауаның ластануы сияқты «қоғамдық қауіп» тудырады. Сондықтан бұл қаражат болашақта мұндай зиянның алдын алуға арналған арнайы қорға аударылуы керек. 

Бұл шешім бұған дейін осы іс бойынша шығарылған 375 миллион долларлық айыппұлға қосылды. Осылайша Meta төлеуге тиіс жалпы сома 942 миллион долларға жетті.

Судья Meta-ны өнім шығаратын зауытпен салыстырды. Оның айтуынша, бұл «зауыттың» өнімі — жарнама мен контент, ал «қалдықтары» — балаларға келетін психологиялық зиян мен олардың жыныстық қанауға ұшырауы. 

Instagram, Facebook, WhatsApp пен Threads платформаларына иелік ететін Meta сот шешімімен келіспейтінін айтып, оған шағым түсіреміз деді. Компанияның өкілі: «Біз платформаларымыздағы пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салып келеміз. Сондай-ақ зиян келтіретін адамдар мен қауіпті контентті анықтаудың және жоюдың қаншалықты күрделі екенін ашық айтып жүрміз. Біз жасөспірімдерді интернетте қорғай алатынымызға сенімдіміз және фактілерді бұрмалайтын айыптауларды жоққа шығаруды жалғастырамыз» деді.

Meta бұған дейінгі 375 миллион долларлық айыппұлға да шағымданатынын хабарлаған. Ол іс Нью-Мексико штатының балалар қауіпсіздігіне қатысты Meta-ны сот арқылы жауапқа тартқан алғашқы ісі болған. Қазір Meta АҚШ-та осыған ұқсас мәселелер бойынша мыңдаған талап-арызға тап болып отыр.

Іс неден басталды?

Нью-Мексико штатының заңгерлері 2023 жылы Meta-ға қарсы сотқа жүгінген. Олар компания өз платформалары арқылы балаларды қауіпке ұшыратты, оларға сексуал сипаттағы материалдардың қолжетімді болуына және жыныстық қылмыс жасаушылармен байланыс орнатуына жол берді деп мәлімдеген.

Соттың алғашқы кезеңінде Meta Нью-Мексико штатының адал емес коммерциялық тәжірибеге қатысты заңын бірнеше рет бұзғаны анықталды. Судьяның айтуынша, компанияның ұсыным алгоритмдері жас пайдаланушыларды зиянды контент пен қауіпті адамдарға «бағыттап отырған». Ұсыным алгоритмдері — Meta пайдаланушыға қандай контент көрсетілетінін автоматты түрде таңдайтын жүйелер.

Істің екінші кезеңінде судья Meta келтірген зиян «қоғамдық қауіп» деңгейіне жеткен деген қорытындыға келді. Яғни, мәселе кеңінен таралып, тек жекелеген адамдарға ғана емес, жалпы қоғамның денсаулығы мен қауіпсіздігіне әсер етіп отыр.

Бұл шешім балалардың қауіпсіздігіне қатысты Meta-ға салынған ең ірі айыппұл ғана емес. Сонымен қатар әлеуметтік желі компаниясының алғаш рет қоғамдық тәртіпке қауіп төндіргені сот арқылы мойындалған жағдай болуы мүмкін.

Судья шешімінде: «Зауыттан шыққан зиянды қалдықтар адамдардың таза ауамен тыныстау құқығына қалай әсер етсе, Meta платформаларының балаларға тигізетін зияны да сол платформалардың аясымен шектелмейді. Оның салдары бүкіл интернетке, тіпті шынайы өмірге де таралады. Бұл балаларға, олардың отбасыларына, мектептерге, ауруханаларға және құқық қорғау органдарына қосымша ауыртпалық түсіреді» деп жазған.

Келесі аптада Калифорнияда Meta-ға қарсы тағы бір ірі сот процесі басталады. АҚШ-тың 30-ға жуық штатының бас прокурорлары компанияны балалардың жеке деректерін қорғау туралы заңдарды бұзды деп айыптап отыр.

Өндірілген қаражат қайда жұмсалады?

Судьяның шешімі бойынша, Meta қаржыландыратын арнайы қор құрылуға тиіс. Ол келтірілген зиянның ауқымды салдарын азайтуға бағытталады. Қордағы қаражаттың 420 миллион доллары Meta платформаларынан зардап шеккендердің салдарын емдеуге жұмсалады. 

Бұл ақша психикалық денсаулық мамандарын және тиісті клиникалық әрі басқа бағдарламаларды қаржыландыруға бөлінеді. 

Қаражаттың тағы бір бөлігі мұғалімдер мен медицина қызметкерлеріне арналған оқыту бағдарламаларына, сондай-ақ әлеуметтік желілердің балаларға тигізетін зияны туралы ақпараттандыру және алдын алу жұмыстарына бағытталады.

Meta қандай өзгерістер енгізуге міндеттелді?

Сот компанияға бірқатар қосымша талап қойды. Атап айтқанда:

  • 18 жасқа толмаған пайдаланушылардың аккаунттарын ересектерге ұсынбау;
  • ересектердің кәмелетке толмағандарға хабарлама жіберуіне жол бермеу;
  • кәмелетке толмағандардың жалаңаш дене бейнелері бар суреттерді жіберуіне немесе қабылдауына тыйым салу;
  • балаларды жыныстық қанауға қатысты әрекет жасаған ересектерге «бір ескерту» саясатын енгізу.
  • 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға «лайк» санын көрсетуді алып тастау;
  • Оларға күн сайын сағат 22:00-ден 07:00-ге дейін, сондай-ақ оқу жылы кезінде 08:00-ден 15:00-ге дейін (демалыс күндерінен басқа) push-хабарламалар жіберуді тоқтату;
  • Instagram мен Facebook-та 18 жасқа толмаған пайдаланушыларға айына 90 сағат, яғни күніне шамамен үш сағат пайдалануға міндетті шектеу енгізуге тиіс.

Соңғы