Қазақстанда 16 жасқа толмаған балалар әлеуметтік желіге тіркеле алмауы мүмкін. Үкімет бұған заң арқылы тыйым салуды ұсынып отыр. Президент те мұны қолдаймын деп, балаларға арналған міндетті SIM-карталарды енгізу тәжірибесін жаппай таратуды тапсырды. Мұндай тәжірибе бар елдерде не болып жатыр? Оның әсері қандай? nükte. бұл мәселені шолып шықты.
Қазақстанда не болып жатыр?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл тамызда бұл мәселені екі рет көтерді. «Басқа да елдер осындай шара қабылдады, бізге де балалардың психологиялық жай-күйіне төнген қауіптің салдарымен күресуді доғарып, алдын алатын кез келді деп ойлаймын. Әйтпесе бұл қоғамның тұрақтылығына кері әсерін тигізеді» деді. Тоқаевтың айтуынша, бұл заң іс жүзінде нақты жұмыс істеуі керек.
2018 жылы елде «Балаларды денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау туралы» заң қабылданған. Бұл заңға кейін бірнеше рет өзгерістер мен түзетулер енгізілген. Оған сәйкес, бұқаралық ақпарат құралдары, кино, кітаптар мен ойындарға балалардың жасына байланысты шектеу қою міндеттелген. Сондай-ақ олардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін, қоғамға жат және құқыққа қайшы әрекеттерге арандататын, эротикалық, дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды және педофилияны насихаттайтын ақпаратты таратуға тыйым салынған. Тоқаевтың айтуынша, қазіргі жағдай бұл заңды қайта қарап, үлкен өзгерістер енгізуді талап етеді.
Балаларға әлеуметтік желілерге кіруге шектеу қою мәселесі былтырдан бері жиі талқыланды. Үкімет жаңа заң жобасын биыл маусымда парламент қарауына ұсынған. Бұған дейін оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова ведомство балаларға арналған SIM-карталарды тіркеу, 14 жасқа дейінгі балалар көретін контентті бақылау және заңсыз материалдарды бұғаттау, мектептерде оқушыларға интернет пен әлеуметтік желілерді қауіпсіз пайдалануды үйрету сияқты шараларды қарастырып жатыр деген.
Kazinform-ның мәліметінше, арнайы SIM-карталар интернет-трафикті және мобиль қосымшаларға кіруді шектеуге, контентті фильтрден өткізуге және желіде отыратын уақытты бақылауға мүмкіндік береді деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, баланың телефонына тек ата-анасы алдын ала рұқсат еткен нөмірлер ғана хабарласа алуы мүмкін.
Мамырда мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов өзге елдердің тәжірибесін бақылап отырмыз, мысалы, Аустралия көздеген мақсатына толық жетпеген сияқты деді. Вице-министрдің сөзінше, олар қолданған механизм жеке деректерді талап етпеген, салдарынан балалар ата-анасының аккаунтымен желіге кірген. Сондықтан Қазақстанның қандай модельді таңдайтыны әлі белгісіз деді Кочетов. Дайын заң жобасын енді Құрылтай депутаттары қарайды.
Басқа елдердің тәжірибесі қандай?
Аустралия
Былтыр желтоқсаннан бастап Аустралияда 16 жасқа толмаған балаларға Instagram, TikTok, X, Facebook, Snapchat, YouTube және басқа да әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға немесе бұрынғы профильдерін сақтауға тыйым салынды. Бұл ереже заң бұзған жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына ешқандай айыппұл салмайды немесе жазаламайды. Платформалар 16 жасқа толмағандарға аккаунт ашуға шектеу қоюға тиіс, әйтпесе компанияларға қомақты айыппұл (32 млн АҚШ долларына дейін) салынады.
Аустралия үкіметі бұл тыйым балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы мен амандығын қорғау үшін қажет деді. Олардың мәлімдеуінше, әлеуметтік желінің пайдасынан зияны көп, кибербуллинг пен онлайн-алаяқтардан төнетін қауіп жоғары.
Үкімет интернет-платформаларды үш негізгі талап бойынша бағалайды: сервистің басты мақсаты — қолданушылар арасында онлайн-байланыс орнату ма; платформада қолданушылардың басқа адамдармен араласуына мүмкіндік бар ма және олар мұнда контент жариялай ала ма? YouTube Kids, Google Classroom және WhatsApp бұл талаптарға сай келмегендіктен, тыйым салынған платформалар тізіміне енгізілмеді.
Биыл маусымда BMJ журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, Аустралияда 16 жасқа толмаған жасөспірімдердің 80 пайыздан астамы тыйымға салынса да, әлеуметтік желіні бұрынғыдай пайдаланып жүргенін айтқан. Ньюкасл университеті 12–17 жас аралығындағы 408 жасөспірімге зерттеу жүргізген.
Респонденттердің үштен екісі жасы нешеде екенін растағанымен, 12-13 жастағылардың тек 5 пайызынан, ал 14-15 жастағылардың 11 пайызынан ғана жеке куәліктің фотосын талап еткен. Платформалар көбіне олардың жасын сұраған немесе селфи түсіріп жіберуді талап еткен. Зерттеуге қатысқандардың көбі жас шектеуін айналып өте алған. 12-13 жастағылардың 15 пайызы, 14-15 жастағылардың 19 пайызы фейк аккаунт қолданса, 3 пайызға жуығы VPN көмегіне жүгінген.
Зерттеу авторлары бұл тыйым әлеуметтік желіні қолданып жүрген жасөспірімдерге қарағанда, сегіз жасқа дейінгі балалардың платформаларға ерте кіруін алдын алуда немесе оны кейінге шегеруде тиімдірек болуы мүмкін деген қорытындыға келген.
Аустралиядағы ЮНИСЕФ өкілдері тыйым салу мәселені түбегейлі шешпейді, өйткені әлеуметтік желі балалардың білім алуына, достарымен араласуына керек дейді. Ұйымның пікірінше, платформалардың қауіпсіздігін арттырып, бұл мәселеде жастардың үніне құлақ асқан жөн.
Ұлыбритания
Ұлыбритания үкіметі де 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салуды жоспарлап отыр. Тыйым 2027 жылдан бастап күшіне енеді деп отыр. BBC-дің жазуынша, билік өкілдері қазір бұл тыйымның қалай қолданылатынын пысықтап жатыр.
Үкіметтің мәліметінше, бұл тыйым ең алдымен контент жариялауға және араласуға арналған желілерге қатысты болады. Сондықтан Snapchat, TikTok, YouTube, Instagram, Facebook және X сияқты платформаларға тыйым салынуы мүмкін. Үкіметтің айтуынша, WhatsApp пен Signal сияқты мессенджерлер бұл тізімге кірмейді. Жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік және ойын платформалары балаларға тікелей эфирге шығуға тыйым салуы керек.
BBC-дің жазуынша, 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желіні шектеуді талап еткендердің арасында балаларынан айырылған ата-аналар бар. Қызы кибербуллингіден қайтыс болған әке бұл шешімді «дұрыс бағыттағы өзгеріс» деп бағалаған. Тағы бір ата-ана шектеуді «саяси асығыс шешім» деп атап, тыйым салу мәселені шешпейді деген. BBC сөйлескен жасөспірімдер әлеуметтік желілер достарымен араласуға, өнерін бөлісіп, өзін танытуға мүмкіндік беретінін айтқан.
АҚШ
26 тамызда Meta Platforms компаниясы «балаларды әлеуметтік желілерге тәуелді етті» айыптаулар бойынша АҚШ штаттарымен келісімге келді. Оған сәйкес, компания он жыл ішінде 18 миллиард долларға дейін өтемақы төлейді және жасөспірімдердің Facebook пен Instagram-ды пайдалануын қатаң шектейді. Meta сабақ уақытында (сағат 08.00-ден 15.00-ге дейін) жасөспірімдерге келетін хабарламалардың көбін өшіретін болды. Дегенмен компания айыптауларға байланысты «ешқандай заң бұзған жоқпыз» деді.
Испания
Биыл ақпанда Испания премьер-министрі Педро Санчес Мадрид 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге кіруге тыйым салынатынын және платформалардан неше жаста екенін анықтайтын жүйелер енгізуді талап ететінін мәлімдеген.
Цифрлық трансформация министрі Оскар Лопес мамырда Reuters-ке берген сұхбатында IT-компаниялардың қарсылығына қарамастан, Испания әлеуметтік желілер мен жасанды интеллектінің қауіпсіздігін арттыруға арналған жаңа ережелерді енгізеді деп айтқан.
Франция
Биыл тамыздың ортасында Францияның Жоғарғы соты 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерге кіруге тыйым салатын заң жобасын тоқтатты. Сот мұндай шектеу сөз еркіндігі құқығын бұзады деп мәлімдеді.
Reuters-тің жазуынша, бұл заң жобасы 1 қыркүйектен бастап 15 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тыйым салмақ болған. Бұрын ашылған парақшаларды платформалар төрт ай ішінде жауып, Францияның жеке деректерді қорғау мекемесі мақұлдаған жасты тексеру жүйесін қолдануға тиіс болған.
Жалпы әлемдегі басқа да елдер, соның ішінде Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Малайзия, Дания, Түркия, Жаңа Зеландия жасөспірімдердің әлеуметтік желіге кіруін шектейтін немесе толық тыйым салатын заңдарды қабылдады, не болмаса осындай шараларды енгізуді жоспарлап отыр.
Қазақстандағы реакция екі түрлі
Қазақстан президентінің 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіге тіркелуге тыйым салу туралы мәлімдемесінен соң желідегі оқырманның пікірі екіге жарылды: бірі мұны қолдаса, екіншісі бұл тыйымның қалай орындалатынына күмәндана қарады. Instagram-да ата-аналар «балалар сабақ қарамайды, әлеуметтік желіге телміріп, мінез-құлқы өзгеріп бара жатыр» деп жазған. Кейбір қолданушы Free Fire, Roblox сияқты онлайн ойындарды да жабуды немесе жас шектеуін өзгертуді ұсынған. Тағы бірі «Еуропа елдері де тыйым салып жатыр, бізге де тезірек енгізу керек» деген.
TikTok-тағы жасөспірімдер бұл тыйымды тиімсіз әрі оны айналып өту оңай деп жазған. Олардың пікірінше, туған жылды басқаша көрсетуге, ескі аккаунтты қолдануға немесе VPN арқылы кіруге болады. Кейбірі «мемлекет қылмыскерлермен және зорлық-зомбылықпен күресудің орнына, жастарға шектеу қойып отыр» деген. Бұл тыйымды «Солтүстік Кореяға айналу», «Штрафстан» деп те әжуа қылғандар бар. Қазақстанда бұл заңның нақты қандай болатыны, қашан күшіне енетіні әзірге белгісіз. Нәтижесін уақыт көрсетеді.