Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін кәсіпкерлердің бір бөлігі салық режимін ауыстырған, енді бірі жұмысын тоқтатса, кейбірі бизнес жүргізу тәсілін өзгертуге мәжбүр болды. Бұған ҚҚС мөлшерлемесінің 12%-дан 16%-ға өсуі ғана емес, жалпы және жеңілдетілген салық режиміндегі кәсіпкерлердің бір-бірімен жұмыс істеу тәртібінің өзгергені де әсер еткен. nükte. жаңа ережелерден кейін кәсіпкерлердің жұмысы қалай өзгергенін шолып шықты.
Қазақстанда жаңа Салық кодексі 1 қаңтардан бастап күшіне енді. ҚҚС-тың базалық мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өсті, ал ҚҚС төлеуші ретінде міндетті тіркелу шегі екі есе төмендеп, 10 мың АЕК немесе шамамен 43 миллион теңге болды.
Үкімет реформаны салық жүйесін жеңілдету, бизнестің жасанды бөлшектенуін және көлеңкелі экономиканың үлесін азайту қажеттігімен түсіндірді. Алайда жаңа ережелер кәсіпкерлердің кіммен және қандай салық режимінде жұмыс істейтініне де әсер етті.
Кей кәсіпкер жұмысын тоқтатты
Бухгалтер әрі салық кеңесшісі Қымбат Лиманованың айтуынша, кәсіпкерлерге көбірек әсер еткен өзгерістің бірі — жалпы және жеңілдетілген салық режиміндегі бизнес арасындағы жаңа тәртіп.
Бұрын жалпы режимдегі компания жеңілдетілген режимдегі кәсіпкерден тауар немесе қызмет сатып алып, оған жұмсаған қаражатын салық салынатын табыстан шегере алатын. 2026 жылдан бастап мұндай шығын шегерімге жатпайды.
Сондықтан жалпы режимде жұмыс істейтін кей компания жеңілдетілген режимдегі мердігерлерімен жұмыс істеуден бас тартып немесе олардан жалпы режимге көшуді талап ете бастаған. Бұл әсіресе ірі компанияларға қызмет көрсететін шағын ЖК мен ЖШС-ларға әсер етті.
Егер жеткізушіңіз немесе мердігеріңіз жеңілдетілген салық режимінде болса, оның қызметіне кеткен шығынды шегерімге жаза алмайсыз. Соның салдарынан ірі компанияларға қызмет көрсететін немесе мердігерлікпен айналысатын шағын ЖШС мен ЖК-ның көбі жабылды.
Оның айтуынша, өзі де бұл өзгерісті клиенттерінен байқап отыр. Лиманова бухгалтерия саласында 13 жылдан астам жұмыс істейді, ал жеке кәсіпкерлікпен айналысқанына алты жыл болған. Реформадан кейін оның шығыны көбеймегенімен, табысы азайған. Кей клиенті кәсібін тоқтатқан, бухгалтерлік есеп бойынша оқыту курстарына сұраныс төмендеген. Оның есесіне ЖК мен ЖШС-ны жабу қызметіне сұраныс артқан.
Жаңа режимді түсінбей қалғандар бар
Кәсіпкерлердің тағы бір бөлігі салық режимін таңдау кезінде қиындыққа тап болған. Жеңілдетілген режимде қалғысы келген ЖК мен ЖШС 1 наурызға дейін салық органдарына хабарлама беруге тиіс еді. Мұны жасамағандар автоматты түрде жалпы режимге ауысты.
Лиманованың айтуынша, кей кәсіпкер бұл өзгерісті білмей, бұрынғы режиммен жұмыс істеп жүрмін деп ойлаған.
Кейбір кәсіпкер "былтыр жеңілдетілген режимде болдық, биыл да солай қалдық" деп ойлап, миллиондаған айналым жасап тастаған. Ал олардың салық режимі автоматты түрде жалпыға ортақ режимге ауысып кеткен. Енді "6 миллион айналым жасасам, 600 мың теңге салық төлеймін бе?" деп келіп жатқандар бар.
Салық кеңесшісінің сөзінше, жалпы режим мен ҚҚС төлеуші мәртебесін шатастыратындар да бар. Жалпы режимде жұмыс істейтін кәсіпкер автоматты түрде ҚҚС төлеуші болмайды. Жылдық айналым 10 мың АЕК-тен, яғни шамамен 43 миллион теңгеден асқан кезде ғана ҚҚС бойынша міндетті тіркелу қажет.
Кей кәсіпкер болашақ салық жүктемесін де дұрыс есептемейді дейді Лиманова. Оның айтуынша, 16% ҚҚС пен 10% табыс салығын есептегеннен кейін кәсібін тиімсіз деп санап, жұмысын тоқтатқандар бар. Ал бұрын келісімшарт жасап қойған кей кәсіпкер жаңа шығындарын бағаға қоса алмай, (шығын шексе де) бұрынғы бағамен жұмыс істеуге мәжбүр.
Маркетплейстегі сатушылар да жұмысын өзгерткен
Жаңа талаптар маркетплейс арқылы сауда жасайтын кәсіпкерлерге де әсер еткен.
Лиманованың айтуынша, Wildberries сияқты маркетплейстердегі кей сатушыдан жалпы салық режиміне өту талап етілген. Бірақ жалпы режимге көшкенде кәсіпкер тауарды қайдан және қаншаға сатып алғанын құжатпен растауы керек. Ресми жеткізушісі жоқ кей сатушы мұны жасай алмай, маркетплейстегі жұмысын тоқтатқан. Ал ірі сатушылардың бір бөлігі ҚҚС төлеуші ретінде тіркеліп, жұмысын жалғастырған дейді сарапшы.
Желілік маркетинг саласында да өзгеріс бар. Лиманованың сөзінше, кей компаниялар сатушыларынан жалпы режимге көшуді талап етіп, өтпеген жағдайда сыйақысынан 16% ұстап отыр.
«Компаниялар ҚҚС-ны өз қалтасынан төлегісі келмей, сатушыларынан ұстап отыр. Бұл — әділетсіз шешім», — дейді ол.
Кей кәсіпкер өзін-өзі жұмыспен қамтуға көшті
Жаңа Салық кодексі бизнесті жабуға немесе жалпы режимге көшуге ғана емес, кәсіпкерлік қызметтің басқа формасына ауысуға да алып келді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің шілдедегі мәліметінше, жыл басынан бері 688,8 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркелген. Олардың 597 мыңы Yandex, InDrive, Wolt сияқты цифрлық платформалар арқылы жұмыс істейді. Тіркелгендердің 84,2 мыңы бұрын жеке кәсіпкер болған, ал 546,4 мың адам бұған дейін кәсіпкер ретінде мүлде тіркелмеген.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимде айына шамамен 1,3 миллион теңгеге дейін табыс табуға болады. Олар жеке табыс салығын төлемейді, табысының 4%-ын әлеуметтік төлемдерге аударады. Бірақ бұл режимге бәрі бірдей өте алмайды: адам жалдамалы қызметкер ұстамай, рұқсат етілген қызмет түрлерінің бірімен айналысуы керек.
Лиманованың айтуынша, бұл режимнің шағын қызмет көрсетушілер үшін тағы бір артықшылығы бар: жалпы режимдегі компания өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамға төлеген қаражатын талаптар орындалған жағдайда шығын ретінде шегере алады. Сондықтан кей бұрынғы жеке кәсіпкер үшін ЖК болып қалудан гөрі осы режимге көшкен тиімді болған.
Кәсіпкерлер реформаның салдары әлі алда дейді
Жаңа салық талаптарына алаңдаған кәсіпкерлердің бірі — IT және финтех саласында жұмыс істейтін Қанат Әміркин. Ол бұған дейін Қытайдан тауар импорттау және жол-құрылыс бизнесімен де айналысқан.
5 тамызда Әміркин Facebook парақшасында жаңа салық саясаты шағын және орта бизнестің шығынын көбейтіп жатқанын жазды. Оның пікірінше, халықтың сатып алу қабілеті төмендеген кезде кәсіпкерлер өскен шығынды тауар мен қызмет бағасына толық қоса алмайды.
Бір жылдан кейін ШОБ тығырыққа тіреліп, дабыл қағады. Компаниялар жаппай жабылып, капитал сыртқа кетіп, білікті мамандар елден көше бастайды
Үкімет, керісінше, реформаның нәтижелерінің бірі ретінде салық жүйесіне жаңа төлеушілердің қосылғанын көрсетеді. 15 шілдедегі ресми мәлімет бойынша, көлеңкелі экономиканы қысқарту шараларынан кейін ҚҚС төлеушілер саны 22,3 мыңға көбейіп, 158,2 мыңға жеткен.
Қазір жаңа Салық кодексінің қанша кәсіпкердің жұмысын тоқтатуына тікелей себеп болғанын көрсететін толық дерек жоқ. Өйткені бір бөлігі кәсібін жапса, енді бірі жалпы режимге немесе өзін-өзі жұмыспен қамту режиміне көшкен.
Лиманованың пікірінше, реформаның бизнеске толық әсері 2026 жылдың қорытындысынан кейін анығырақ көрінеді. Бірақ алғашқы айлардағы өзгерістердің өзі шағын бизнестің жаңа салық жүйесіне бейімделу үшін жұмыс форматын, серіктестері мен салық режимін қайта қарауға мәжбүр болғанын көрсетеді.