Skip to content

160 мың айлықпен үй алған Арайлымның хикаясы. Бұл мүмкін бе?

Үйлі болу үшін жоғары жалақы алу міндетті емес. Түркістандық Арайлым 160 мың теңге айлықпен алғашқы жарнасын жинап, баспаналы болды. Ол nükte-ге бұл жолдың қалай басталғанын баяндап берді.

Фото: Jakub Żerdzicki / Unsplash

31 жастағы түркістандық Арайлым бірнеше жыл бұрын тұрмысқа шығып, ата-енесімен тұра бастаған. Үй іші алаяқтарға тап болып, біраз қаржылай қиындық көрген. Бірақ Арайлым жағдайын тез түзеді. Ол 160 мың айлығынан артылған ақшасын жинап, барыншы үнемшіл болып, аз уақытта пәтердің алғашқы жарнасын жинап, үйлі болды. Арайлым қазір сол жайттан бергі өмірі, қаржылық сауат пен үнемшілдік туралы айтып, блог бастап жүр. nükte. Арайлымның хикаясын сөзбе-сөз ұсынып отыр.

Қаржылай сауат қалай қалыптасады?

Мен Түркістан облысы Мақтаарал ауданында туып-өскенмін. Сол жерден мектеп бітіріп, Алматыға оқуға түстім. Кейін тұрмысқа шыққан соң Шымкентке көштік. Қазір қайта Алматыға келдік.

Мамандығым — ағылшын тілі мұғалімі, бірақ қазір үш баламмен декреттік демалыстамын. Бос уақытымда жеке жобаларымды жүргізіп, білім беруге қатысты консультациялар жүргізіп отырамын.

Кейіпкердің жеке архивінен

Қаржыға деген қарым-қатынасым кішкентай кезімнен қалыптасқан. Мен жалғыз анаммен, толық емес отбасыда өстім, әкем үш жасымда қайтыс болған. Анам үш баланы асырау үшін түрлі-түрлі кәсіппен айналысып көрді. Мен өзім үшінші, яғни кенже баламын. Тоғыз-он жасымда анам азық-түлік дүкенін ашты, сол кезден бастап үйімізге береке кіре бастады. Содан бері қатты қаржылай қиындық көрген емеспін. Бауырларыммен үнемі жұмыс істедік, қолымызда ұдайы ақша жүретін.

Ысырапшыл емеспін деп айта алмаймын, бірақ есепті жақсы білемін — бұл дағды кішкентай кезден қалыптасқан. Анам ылғи ақшаны ақылмен жұмсауды үйретіп отыратын. Ол әртүрлі «копилка» сатып әкеліп, «саған мынандай нәрсе аламыз ғой, соған жинайық» дейтін. Сөйтіп керек затымызға өзіміз ақша жинап алатынбыз.

Қазір ойлап қарасам, анам менің role model-ім болған екен.

Сөйтіп жинаған ең көп ақшам мектеп бітіргенде болғаны есімде. Ол кезде доллар құнды еді, шамамен 1000 доллар жинадым. Анам сол ақшамды депозитке өз атыма аударып берді.

Университетте оқыған кезде де қатты қиналған емеспін: шәкіртақым болды, өзім де қосымша жұмыс істедім. Өз пәтерімді алып, өз үйімде тұруды сол кездерден-ақ мақсат ете бастадым.

«Ақша оңай келмейді» деген ұғым дамуыңа кедергі болады»

2019 жылы тұрмысқа шықтым. Жүрегім қалаған, ой-өрісіміз бір-біріне сай келген адаммен отбасы құрдық. Бірақ жолдасымның ата-анасы бір кезде алаяқтарға алданып, барлық қаржысынан, үйінен айырылып қалған екен. Мен мұны біле тұра, «жарайды, енді бірге көтерілеміз» деп ойлап, тұрмысқа шыққанмын. Шын өмірде бұл мен ойлағаннан әлдеқайда қиын болып шықты.

Тұрмысқа шыққан соң, жаңа қалаға — Шымкентке көштім. Ол жерде жұмыс таба алмадым, оның үстіне аяғым ауыр болды, содан кейін баламен жұмысқа алатын мекеме де көп болмады. Осылайша үйде қаржылай қиындықтар басталды.

Ол кезде жолдасымның жалақысы 150 мың теңге болды, оның 110 мыңы үй жалдауға, қалған 40 мыңы оның жұмысқа жүріп-тұруына кетеді. Азық-түлікті енем екеуіміз бөлісіп алатынбыз. Менің айлығым 160 мың, тағы 21 мың теңге баламның жәрдемақысы бар. Бірақ ол түкке жетпейді ғой. Оның үстіне сол кезде әлеуметтік желі қатты дамып жатқан кез еді, барлық жерде «бай өмір» көрсететін контент қаптап жатты. Соны көріп, стреске түсе бересің: сонша жыл оқып, неге мен пәтерден пәтер жалдап жүрмін, ал басқалар осылай бай өмір сүріп жатыр деген ойлар мазалай береді.

Ата-енем өте жақсы, ақкөңіл кісілер, ешқашан көңіліме тиетін ауыр сөз айтқан емес. Бірақ дегенмен ескі заманның адамдары ақша туралы басқаша ойлайды. Әсіресе «маған ақша оңай келмейді», «маған ақша қиындықпен келеді» дегенді көп еститінмін. Мұндай ойлар адамның алға өсуіне кедергі келтіретінін жақсы түсінемін. Бірақ жас келін болып алып, үлкен кісілерге «бұларың дұрыс емес» деп айта алмаймын.

Десе де әрекет жасамасам, мұндай ойға өзім де сеніп қалатынымды ұқтым.

«Алыс екен», «ескі екен» демей, бастысы шамаң келетін пәтер алу керек»

Сөйтіп алдымен Құдайдан көмек сұрап, ниет ете бастадым — 25 жасымда, пәтерден пәтерге көшіп-қонбай, өз пәтерімде тыныш өмір сүрсем деген ниет. Мерзімін де нақты белгіледім, 25 жас. Дұға еткен соң, ойыма «өзіңді ешкіммен салыстырма, тек өз мақсатыңа айқын жолмен бара бер» деген жауап келгендей болды. Сол сәттен бастап барлық әлеуметтік желімді өшіріп тастадым. Қосымша курстарда сабақ беріп, табысымды арттыра түстім, екінші баламды босанғаннан кейін онлайн сабақ беруге көштім. Мұғалімнің жалақысы қазірдің өзінде көп емес, бірақ соған қарамастан жинай бердім.

Отбасымызда әркім өз қаржысына өзі жауапты болатын: жолдасым өз жалақысына, мен өз табысыма жауап бердік. Өзім студент кезімнен бері кредиттік тарихымды таза сақтауға тырыстым. Қаншама қиындық көрсек те, кредитке жоламадым.

Меніңше, кез келген үлкен мақсат, соның ішінде үй алу үшін нақты стратегия керек: мақсат қойып, оны кішкентай қадамдарға бөлесің де, тек соған қарай жылжи бересің.

💡 Арайлымның стратегиясы
  1. Кіріс-шығысты есептеу керек. Бұл — міндетті қадам.
  2. Кредиттік тарихты таза ұстау маңызды. Кез келген мекемедегі мерзімі өткен төлем не қарыз кредиттік тарихта көрініп қалады, ал бұл кейін пәтер сияқты үлкен нәрсе алғың келгенде алдыңнан шығады.
  3. Шығындарды азайту керек. Мен күнделікті нендей шығын кеткенін нақты санап отырдым. Мысалы, киім алмадым, тойға бармадым — той дегеннің өзі көйлек, макияж, тойана деген қосымша шығынды талап етеді ғой, осының бәрін қысқарттым.
  4. Кірісті көбейтуге тырысу керек. Тым қатты үнемдеп өмір сүрсең, стреске түсіп кетесің. Сол себепті кішкене қосымша жұмыс тауып, күнделікті қажеттілікті содан жабуға тырыстым.
  5. Өзіңді аяй бергенді қою керек. «Мен қиналып жатырмын, маған бұған жету қиын» деген сияқты ойлардан арылу керек. Басқа адамдар жетіп жатса, сен де жете аласың — жай ғана нақты мақсат қой, болды.

Бірінші пәтерін алғысы келетін адамдарға айтарым: бастапқы жарнаңды беретін адам болмаса, өзің жетіп тұрған соманы жина да, «алыс екен», «ескі екен», «жаман екен» деп таңдамай, шамаң келетін пәтерді ал. Мен өзім бар-жоғы 20 пайыз жинадым. Себебі уақыт өткен сайын үй бағасы қымбаттай береді, ал сен ол уақытта тағы жинаймын деп отырғанда, ақшаң құнсызданып кетеді. Сол себепті шамаң келгенін сол кезде алып қалған дұрыс — кейін оны бірнеше жылда төлеп болып, асықпай келесі, үлкенірек пәтерге көшуге болады.

Бірінші пәтер – сен мәңгі тұратын жер емес.

Мен де дәл солай істедім: Шымкент қаласында ол кезде пәтер бағасы қатты қымбат емес еді, бірақ мен алғаннан кейін көп өтпей екі есе өсіп кетті. Бір бөлмелі пәтерді 7 миллион теңгеге алдым, ал жинағаным — 1 миллионнан сәл асатын сома, яғни шамамен 20 пайыз. Ипотеканы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасымен алдым. Қазір шарттары сәл қиындаса да бұл әлі де өте жақсы бағдарлама деп есептеймін: небәрі 7 пайызбен, тек 20 пайызын жинасаң жетеді. Кезекте тұру керек болады, кезегің келген сәтте үш күн ішінде таңдаған пәтеріңді, бағдарламаңды брондап үлгеруің қажет.

Ақшаны шамамен бір-бір жарым жылдай Отбасы банкте жинадым. Ай сайын қанша салғаным нақты есімде жоқ. Бірақ әйтеуір сол айдағы өмір сүруге қажетті минимум ақшадан ауысқанның бәрін салып отырғанымды білемін. Себебі салмасаң, ақша жиналмайды, жұмсалып кете береді.

Осылай Шымкентте алғашқы пәтерімді сатып алдым. Бірақ көп өтпей жолдасымның жұмысы Алматыға ауысып, ол жақтан көшіп кеттік. Шымкентте бас-аяғы екі жылдай тұрған екенбіз.

«Жылына екі рет тапсырыспен киім алдырамын»

Жалпы бюджетті бір жылға жоспарлаймын. Өзімнің минимал табысым мен жолдасымның табысын қосып, бір ортақ кіріс деп есептеймін. Жылдың басында-ақ «биыл бізде қандай үлкен шығындар болады?» деген сұрақ қоямын. Үлкен заттарға да, кішкентай заттарға да, балалардың күзгі-қысқы киіміне де тізім жасап қоямын.

Сосын шығынды айлар бойынша бөлеміз. Міндетті төлемдерге — пәтерақы, балалардың оқуы, курстары, спорт секциялары, ипотека, азық-түлік, бәрін ай сайын есептейміз. Сонымен қатар қыдыруға не сырттан тамақ жеуге кететін шығынды да алдын ала белгілейміз. Мысалы, ай сайын 50 не 100 мың теңгеден аспауы керек дегендей. Үш бала болған соң, олардың демалысы да біраз ақшаны талап етеді. Бірақ шығын жоспардан асып кетсе, аса қымбат емес қызық табамыз. Мысалы, балаларымды айына бір рет музейге не театрға апарамын: музейге кіру 6-7 жасқа дейінгі балаларға тегін, театр билеті де қымбат емес — шамамен 1500 теңге. Су мен тамақты үйден алып шығып, барып-қайтамыз.

Өзіме жылына тек екі рет, оны да онлайн тапсырыспен зат аламын. Дүкендерге — «Мега», «Зара» секілді жерлерге жеті жылдан бері бармаймын. Бұрын түрік сайттарынан алатынмын, қазір керек затымды байерлерден табамын. Бірақ күн сайын «маған мынау керек еді, анау керек еді» деп отырмаймын, жылына екі рет киімдеріме қарап шығамын да, шынымен қажет затты ғана аламын. Бұл арзанырақ шығады: Қазақстанда дүкеннен бір ғана киім алатын сомаға байерлерден 2–3 сапалы зат алуға болады.

Әлеуметтік желілерді өшіргеннен кейін өзімді сыртқы қысымнан, ФОМО-дан еркін (Fear Of Missing Out – бірдеңеден құр қалам деп қорқу), тәуелсіз сезінетін болдым. Енді басқа біреудің не сатып алғанына, қайда барғанына мән бермеймін. Өзіме әрдайым «бұл маған шынымен керек пе?» деген сұрақ қоямын. Мысалы, ақшам жетпей тұрса да, Түркияға үш балам, жолдасым екеуіміз — жалпы бес адамға кредит алып, демалып қайтқан қаншалықты дұрыс? Бұл кейін менің тұрмысыма, ай сайынғы бюджетіме зиян тигізетінін білемін. Сол себепті ондай тілекті кейінге қалдырып, қала маңындағы таулы, суы бар жерлерді іздеймін. Ал үлкен саудаларды алдын ала жоспарлап, соған арнап қаражат жинауға тырысамыз.

Көбіне адамдар эмоция ерік бергенде кредитке жүгінеді. Біреу «той жасауым керек» деп, біреу «шаршадым, ақшам болмаса да кредитке барып демалып келейін» деп жүгіреді. Instagram-нан, әлеуметтік желіден «бәрі шетелге шығып жатыр, мен де шығуым керек» деген ой қалыптасады да, кредитке барады, сосын оны төлеуге қиналады. Бюджетіңе сай соманы алып, оны емін-еркін төлей алсаң — бұл проблема емес, кез келген техниканы, керек затты кредитке алуға болады. Ал шамаң жетпей жатса, «көрпеңе қарай көсіл» демекші, кредиттік тарихыңды құртпай, барыңа қарай өмір сүрген жөн. Оның орнына қосымша табыс табуға тырысу керек — тамақ пісіре аласың ба, сантехника жөндей аласың ба, СТО-да істей аласың ба?

Қолыңнан келетін нәрсемен қосымша ақша табу керек, кредитпен емес.

«Адамдар күнделікті өмірінен ләззат ала алса деймін»

2026 жылдан бастап тредс жүргізіп жатырмын. Әр адам басқаның өміріне қызықпай, өз өміріне үңілсе деймін. Әркім өзінің әр сәтіне, Алла берген демалысына, тыныштығына шүкіршілік етіп, бар қаражатымен өмір сүрсе деген ниетпен жазамын.

Әлеуметтік желіде қазір «өмір қысқа ғой, соны сүріп қалмайсың ба, өйтіп қиналғанша не істейсің?» деген ойлар айтып жатады. Ал мен армандарымыз, мақсаттарымыз биік болуы керек деп есептеймін. Бірақ өз биігімен үркітіп, бетіңді қайтарып тастамас үшін оны кішкентай қадамдарға бөле білу қажет. Жайлап-жайлап байыппен мақсатқа жетуді үйренуіміз керек.

Әркім өз өмірімен айналысып, барына шүкіршілік жасап, күнделікті өмірден ләззат алса деген ниетпен блог жүргізсем деймін.

Соңғы