Skip to content

Проблемалық кредитті реттеудің жаңа жолы. Finkelisim қалай жұмыс істейді?

Бірнеше несие алған адам үшін ең қиын кезең — қарыз бен төлемдерді уақытында өтеу. Осы мәселені шешу үшін барлық берешекті бір жерге жинайтын жаңа қаржы сервисі қосылды.

Қазақстанда бір уақытта бірнеше банк пен микроқаржы ұйымынан несие алып, оны төлей алмай жүрген азаматтардың мәселесін шешуге арналған Finkelisim.kz деген платформа іске қосылды. «Бір терезе» қағидатымен жұмыс істейтін бұл жүйе борышкердің барлық қарызын бір жерге жинауға және ай сайынғы төлемді азайтуға мүмкіндік береді. Жаңа жобаның шарттары қандай? Түсіндіріп берейік.


Nukte.io — Card (Scoped, Safe for Menu)
1

Бұл не жоба?

Finkelisim.kz платформасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының бастамасымен 2026 жылдың басында іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты — елдегі халықтың шамадан тыс несиелік жүктемесін азайту және борышкерлерге сотқа жетпей-ақ, «бір терезе» жүйесі арқылы қарызын қайта құрылымдауға мүмкіндік беру. Бұл — жекеменшік немесе ақылы компания емес, мемлекет пен қаржы ұйымдарының бірлескен ресми цифрлық сервисі.

Яғни, бұл — бірнеше банкке, микроқаржы ұйымына не коллектор агенттіктеріне кепілсіз несие бойынша берешегі бар азаматтарға арналған платформа. Мұнда «бір терезе» қағидаты жұмыс істейді, яғни әр несие берген мекемеге жеке-жеке бармай-ақ, оларға осы платформадан ортақ өтініш жолдауға болады. Несие берушілер келісім берсе, платформа бүкіл қарызды бір жерге жинайды. Осылайша қарыздарды бірге төлеуге мүмкіндік беретін бірыңғай төлем кестесін жасап береді.

2

Борышкерге қандай талап қойылады?

Бұған бір ғана банктен қарызы бар адамдар қатыса алмайды. Кем дегенде екі немесе одан да көп жерде, мысалы, екі түрлі банкте немесе микроқаржы ұйымында берешегі болуы керек.

Ал жалпы қарыз сомасы 648 750 теңгеден (150 АЕК) аз болмауы керек және 6 920 000 теңгеден (1 600 АЕК) аспауға тиіс.

Әр несиенің төленбеген күні тоқсан күннен (үш айдан) асқан болуы керек. Несие бойынша әлі сот шешімі шықпаған және іс жеке сот орындаушыларына өтпеген болуы қажет.

3

Кім қатыса алмайды?

  • Борышкер несие алғанда кепілге үйін, көлігін қойса немесе ипотекасы бар болса;
  • Кәсіпкерлік қызметпен айналысу үшін несие алса;
  • Үстінен сот арқылы, соттан тыс банкроттық немесе төлем қабілетін қалпына келтіру бойынша іс қозғалған жағдайда;
  • Несие алаяқтық жолмен алынған болса;
  • Банкпен арада медиация келісімі бар болса;
  • Әскери қызметте жүрген кезде несие төлеу уақыты уақытша тоқтатылған азаматтар бұл қызметті қолдана алмайды.
4

Қызметті қалай қолдануға болады?

Қызметті қолдану үшін платформаға тіркеліп, жеке басыңызды растау қажет. Жүйе несие тарихыңызды тексеріп, талапқа сай келсеңіз, жеңілдетуге болатын қарыздар тізімін банктерге жібереді. Олар нақты қанша қарызыңыз бар екенін растаған соң, сізге ортақ төлем кестесі мен медиация құжаттарын жолдайды. Бұл құжаттарға 72 сағат ішінде қол қою керек.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін, банктер мен микроқаржы ұйымдары өтініштегі қарыздарды сізден талап етуді уақытша тоқтатады. Әрі қарай сіз ортақ кесте бойынша бір жерге төлем жасайсыз, ал платформа бұл ақшаны кредиторларға автоматты түрде бөліп отырады.

Жаңа кесте бойынша төлемді кешіктірсеңіз және ол 40 күннен асып кетсе, несие берушілер қарызды заң аясында, мысалы, сот арқылы немесе шотты бұғаттап, қайта талап ете бастайды.

5

Сонда қанша төлеуіңіз мүмкін?

    Арнайы жеңілдігі жоқ азаматтарға:

    • Жалпы қарыз 1 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем ең көп дегенде 84 мың теңге болады (төлеу мерзімі — 1 жылға дейін);
    • Жалпы қарыз 5 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем ең көп дегенде 117 мың теңге болады (төлеу мерзімі — 5 жылға дейін).

    Әлеуметтік жағынан осал топтарға жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алатындарға жеңілдетілген шарттар қарастырылған:

    • Жалпы қарыз 1 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем ең көп дегенде 56 мың теңге болады (төлеу мерзімі — 1 жыл 6 айға дейін);
    • Жалпы қарыз 5 миллионнан 7 миллион теңгеге дейін болса, ай сайынғы төлем ең көп дегенде 84 мың теңге болады (төлеу мерзімі — 7 жылға дейін).

    Бұл қызметті қолдану — тегін. Тек медиатор қызметі ақылы, бірақ 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін оның ақысын банк пен микроқаржы омбудсмендері төлеп береді. Несиелеріңізді бұлай жеңілдетуге екінші рет өтініш бере алмайсыз. Қарызды мүлде төлей алмайтын жағдайда болсаңыз және заң талаптарына сай келсеңіз, соттан тыс банкроттыққа өтініш бере аласыз.

6

Қаржы сарапшысы не дейді?

Қаржы, биржа, макроэкономика сарапшысы Айбар Олжаев Finkelisim.kz платформасын борышты қайта құрылымдауға ыңғайлы тетік дейді.

«Бұл әсіресе әр кредит бойынша төлем мерзімі мен талаптары әртүрлі болып, шығынын бақылай алмай қалған азаматтарға тиімді. Борышкер әр кредитормен бөлек келіссөз жүргізуге уақыт пен қаражат жұмсамайды. Бірақ бұл платформаны қарызды кешіру немесе барлық өсімпұл мен сыйақыны автоматты түрде алып тастау тетігі деп қабылдауға болмайды. Түпкілікті шарттар кредиторлардың келісіміне байланысты болады, сондықтан әр өтініш бойынша оң шешім шығатынына кепілдік жоқ.»

Сарапшы суреті
Айбар Олжаев
сарапшы

Олжаевтың айтуынша, қарыз мерзімін ұзарту ай сайынғы төлемді азайтқанымен, кей жағдайда жалпы төленетін соманы көбейтуі мүмкін, сондықтан ұсынылған кестенің барлық шартын мұқият есептеу қажет.

«Несиені төлеу мерзімі ұзарған сайын, оның үстінен қосылатын пайызы да өсе береді. Мысалы, 20 пайыздық несиені 5 жылдың орнына 7 жыл бойы төлесеңіз, ай сайынғы төлем азайғанымен, жалпы артық төлеміңіз көбейе түседі»

Сарапшы суреті
Айбар Олжаев
сарапшы
7

Бұл жоба неге өзекті?

Қазақстанда халықтың несиеге деген сұранысы әлі де жоғары. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің 2025 жылғы есебіне сәйкес, азаматтардың банктер алдындағы берешегі 19,8 пайызға өсіп, 24 772 миллиард теңгеге жеткен. Бұл жерде бизнестің несиесі есепке алынбаған, яғни бұл — халықтың өз қажетіне, күнделікті тұрмысына алған жеке қарызы.

Елде несиесін төлемегеніне 90 күннен асып кеткен азаматтардың жалпы қарызы 1 575 миллиард теңгеге жеткен. Бұл — жеке тұлғаларға берілген барлық несиенің 3,6 пайызы.

Соңғы