Skip to content

Көп сөз – көмір, аз сөз – стикер. Желідегі жаңа тіл қалай қалыптасты?

Бір ғана стикер кейде эмоцияны сөзден дәл жеткізеді. Неге адамдар сөзден гөрі суретпен сөйлесе бастағанын талдап көрдік.

Фото: nükte. Қазақша стикерлер

Чаттағы диалогті елестетіп көріңізші. Сіз біреуге «рақмет» деп жазудың орнына күлімсіреп, қолымен жүрек көрсетіп тұрған мультфильм кейіпкері бейнеленген стикер жібересіз. Ол да лайк көрсетіп тұрған стикермен жауап қайтарады. «Сәлем», «қалайсың?», «шаршадым» деген сияқты сөздердің орнын желіде көптен бері қысқа да нұсқа стикерлер басты. nukte цифрлық коммуникациядағы жаңа тілдің тарихын шолып шықты.

Стикер деген не өзі?

Стикерді эмодзи мен мемнің қоспасы деуге болады. Эмодзи стандартталған белгі ретінде қызмет етеді. Ал стикер нақты жағдайға бейімделген визуал жауап болып саналады. Ол эмоцияны да, әрекет пен контексті де анық көрсетеді. Сондықтан ол кей жағдайда толық сөйлемнің қызметін атқарады. Визуал семиотика теориясы белгілер мағынаны жеткізудің негізгі құралы деп түсіндіреді. Бұл бағыттағы зерттеулер визуал ақпараттың тез қабылданатынын көрсетеді.

Пайда болу тарихы

Алғашқы мессенджерлер 1990 жылдардың соңында қарай пайда болды. Солардың ішінде ICQ кең таралды. Бұл кезеңде адамдар негізінен мәтін арқылы сөйлесті. Бірақ эмоцияны жеткізу үшін қарапайым таңбалар қолданылды. Мысалы, :-) немесе :-( сияқты белгілер алғашқы эмотикондар, яғни эмоциялық белгілер болды.

Ал 2000 жылдардың басында MSN Messenger және кейінірек Skype визуал элементтерді дамыта бастады. Бұл платформалар дайын смайликтер мен анимациялық эмотикондарды енгізді. Бірақ олар әлі де мәтінге қосымша құрал ретінде ғана қолданылды. Негізгі ойды бәрібір сөз жеткізді.

Тек 2007 жылдан кейін смартфондардың жаңа таралу кезеңі басталды. iPhone сияқты құрылғылар мобильді коммуникацияны өзгертті. Қолданушылар мессенджерлерді жиі қолдана бастады. 2010 жылдары WhatsApp сияқты қолданбалар мәтіндік чаттарды мобильді форматта кеңейтті.

Бірақ стикерді негізгі коммуникация құралы ретінде енгізген 2011 жылы LINE платформасы еді. Пайдаланушы бір ғана стикер арқылы толық жауап бере алатын жүйе дәл осы жерде қалыптасты. LINE арнайы кейіпкерлер экожүйесін жасап, оларды эмоция, ситуация мен мәдени контекспен байланыстырды.

Сөйтіп 2013–2015 жылдары Telegram-да стикерлерді өз қалауыңша жасап бастауға болатын еді. Бұл қолданушыларға өз мәдениетіне сай стикерлер шығаруға жол ашты. Сол кезеңде Facebook Messenger менWhatsApp та стикер форматтарын қосты.

Ал 2020 жылдары визуал коммуникация одан әрі күшейді. Мемдер, GIF форматтар және стикерлер қатар қолданылды. Стикерлер тек эмоция емес, мәдени код пен юморды жеткізетін құралға айналды. Бүгінде мессенджерлер мен телефондардың өздерінде жасанды интеллектті қолдана бастады. Жүйелер қолданушының мәтініне қарай автоматты түрде стикер ұсынады.

Стикерлер неге керек?

Адамдар мәтін арқылы эмоциясын дәл жеткізе бермейді. Бір сөйлемді әр адам әртүрлі түсінуі мүмкін. Мысалы, қысқа ғана «жақсы» деген жауап бір жағдайда қолдау сияқты көрінеді, ал басқа жағдайда салқын не ренішті білдіруі мүмкін.

Ғалымдар бұл құбылысты бұрыннан зерттеп келеді. Social Presence Theory (Short, J et al., 1976) деген теория бойынша, мәтіндік хабарламада адамның әңгімеге деген ынтасы аз сезіледі. Себебі онда дауыс ырғағы, бет әлпеті не ишара жоқ. Сондықтан мәтін кейде эмоциясыз қабылданады.

Media Richness Theory (Daft, R. L., & Lengel, R. H, 1986) де осыған ұқсас тұжырым айтады. Бұл теория коммуникация тәсілдерін салыстырады. Бетпе-бет сөйлесу ең түсінікті форма болып саналады, өйткені онда эмоция бірден көрінеді. Ал жай мәтін ең қарапайым формаға жатады, сондықтан онда қате түсіну жиі болады. Зерттеулер де осыны дәлелдейді. Justin Kruger жүргізген тәжірибеде (Kruger et al., 2005) адамдар өз жазған хабарын қарсы тарап дұрыс түсінеді деп ойлаған. Бірақ іс жүзінде оқырман оның эмоциясын жиі қате қабылдаған. Әсіресе әзіл мен сарказм мәтінде дұрыс жетпеген.

Стикерлер дәл осы мәселені шешеді. Олар эмоцияны бірден көрсетеді. Адам ұзақ түсіндірмей-ақ, бір бейнемен өз көңіл-күйін білдіре алады. Сондықтан сөйлесу жеңілдейді және түсінбеушілік азаяды.

Визуал коммуникация тілге қалай әсер етеді?

Қазақстандық цифрлық кеңістікте де бұл үрдіс байқалады. Қазақ тіліндегі «цунбеятрм», «иә, сосын?», «болт-болт» секілді стикерлерді күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылады. Жастар жергілікті әзілді, сленгті және мәдени кодтарды визуал формада жеткізеді. Лингвистикалық зерттеулер мұндай құбылысты цифрлық диалект ретінде сипаттайды.

Бұл процесс тілдің қолдану аясын кеңейтеді. Қазақ тілі ресми ортадан бөлек, эмоциялық және бейресми кеңістікте де белсенді қолданыла бастайды.

Соңғы