Өскеменде тұратын Аяулым мен Берік үш айдан бері әлеуметтік желіде спорт пен қаржы сауатын дәріптеп жүр. Ерлі-зайыптының «Prime era-ға оралу» челленжі қазір көптің назарын аудартып отыр. Олар дұрыс тамақтануға көшу мен бөліп төлеуден бас тарту жолын 365 күндік челленж аясында жасырмай көрсетіп келеді. nükte. ерлі-зайыптымен сұхбат құрып, олардың жаңа әдеттері мен өзгерістері туралы сұрап білді.
Бұл челленжді неге бастадық?
Аяулым: Бізде екі үлкен проблема болды. Бірі — тамаққа тәуелділік, екіншісі — бөліп төлеуге зат сатып алу. Кейінгі бес жылда тамақ туралы ойдан арыла алмадық, үнемі жеткізу қызметі арқылы тапсырыс бердік, өзімізге жоқ деп айта алмадық. Солай спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтануды шештік. Одан бөлек, қолда ақша болса да, көп затты бөліп төлеуге ала бердік, ол біртіндеп жинала берді. Олардың саны жүзге жетіп, айлық төлемі мың долларға келді.
80 күнде не өзгерді?
Берік: Энергия көбейді, кортизол (стресс гормоны — ред.) азайды деуге болады. Көңіл-күйіміз де жақсы бола түсті.
Аяулым: Денсаулығымыз жақсарып келеді, екеуіміз де осы сәтте 12-13 келіден тастап жатырмыз. «Денсаулық — зор байлық» дейді ғой. Сол үшін бұл өзгерістер бізге өте жақсы әсер етіп жатыр. Қазір жеке бапкермен жұмыс істеп жатырмыз және калория дефицитін жақсы сақтап жүрміз, бұл біз үшін өте маңызды.
Қаржылай жағдайға келсек, ол да жақсы. Адам өміріндегі үлкен стресстің бір себебі — ақша. Ақша жоқ болса немесе жетпесе, ол тіпті адамның өмір сүру ұзақтығына да әсер етеді. Көп адам уайымнан, жүрегі ауырып қайтыс болып жатады. Осы челленжді істеп жүргенімізге өте қуаныштымыз, көңіліміз толады. Біз ең алдымен өз өмірімізді өзгертіп, жаман әдеттерімізбен күресіп жатырмыз. Дәл осындай мәселесі бар адамдарға «сіздердің де қолдарыңыздан келеді» деп үлгі болғымыз келеді.

Бөліп төлеуден бас тартқалы қаржы сауатымыз қалай өзгерді? Қандай жаңа әдеттер пайда болды?
Берік: Бөліп төлеуді тоқтатқанның ең басты артықшылығы — қалтаңда қолма-қол ақшаң болады. Бұрын бәрін бөліп төлеуге ала беретіндіктен, ол үсті-үстіне жиналып, ақшамыздың бәрі соған кететін. Қазір қаржылай сауатты болып, ақырындап ақша жинауды үйреніп жатырмыз.
Аяулым: Челленжді бастағанымызға үш айдай болды. Қатты өзгердік деп айта алмаймын, бірақ ең маңыздысы — әлдебір затты бөліп төлеуге сатып алуды тоқтаттық. Бұл — психологиялық тәуелділік, біздің қоғамда мұндай тақырыпты айтуға ұялады. Өкінішке қарай, қазір тойды да несиеге жасайтын қоғамбыз ғой, бөліп төлеу қалыпты нәрсе болып кетті.
Сондай-ақ «алтын сандық» деген қорымызды бастап, жинаған ақшаға тиіспеуді үйреніп жүрміз. Бұрынғы нүктеден осы жерге келгеніміздің өзі — біз үшін үлкен жетістік. Өзіңе артық қысым жасамай, асықпай, қадам-қадаммен өзгеру керек.
Тағы бір жаңа әдет: қазір кішкентай зат алсақ та, соны ойланып, пікірлерді оқып, ақылдасамыз. Бұрын 30-40 мың теңгенің затын ойланбай, үстіне тағы бірнеше зат қосып, бөліп төлеуге ала салатын едік. Ал қазір керек затты екі апта ойланатын болдық.
«Алтын сандық» не үшін керек?
Аяулым: Ең алдымен, әр адам өзінің қазіргі қаржылай жағдайына, бастапқы нүктесіне қарауы керек. Бөліп төлеуге тәуелді, қолында артық ақшасы жоқ адам болса, «алтын сандық» қорын жинап алуы қажет. Ол үшін ай сайын жұмсайтын ақшаңыздың үш-алты айға жететін сомасын жинап қоюыңыз керек. Бөліп төлеуге зат ала беріп, жалақымыздың жартысын немесе толықтай соған беріп отырғанымызды байқамай қаламыз. Қолында ақшасы қалмаған соң адам амалсыздан қайтадан несиеге немесе ломбардқа жүгінеді. Сондайға бармау үшін, жанымыздың тыныштығы үшін бұл қор өте маңызды. Мысалы, көлігіңіз бұзылса немесе денсаулығыңыз сыр берсе, несие алмай, «алтын сандықтан» алып жөндейсіз.
Ал пайызы бар несиелері көп адамдарға snowball (кішкентай қарыздардан үлкеніне өту) немесе avalanche (үлкен несиеден кішкентайына өту) деген әдістер бар. Бізде пайызы жоқ бөліп төлеу болғандықтан, тосын жағдайда қиналып қалмайық деп «алтын сандыққа» жинап жатырмыз. Бұл күйзелісті қатты азайтады. Бөліп төлеу қалтамызға қатты салмақ түсіріп тұрған жоқ. Сол себепті оны ай сайын асықпай төлей береміз.
«Ақша жинау мүмкін емес» дейтін адамдарға айтарым: ең алдымен өзіңізге «енді қайтадан қарызға кірмеймін, бөліп төлеуге зат алмаймын» деп сөз беріңіз. Екіншіден — қосымша табыс көзін іздеңіз, басқа амал жоқ.
Тапқан ақшасының бәрін қарызға беретін адам — іштей үміті үзіліп, тығырыққа тірелген, психологиялық түрде қатты шаршаған адам. Сондай жағдайда жүрген жандарға тек қолдау білдіргім келеді. Сіздердің қолдарыңыздан келеді! Бұл қиын күндер де бітеді, несие де аяқталады. Өзіңізге сеніп, әдеттеріңізді өзгертіңіз!

Спорт пен дұрыс тамақтануға көшкен соң шығынымыз артты ма, әлде үнемдедік пе?
Берік: Шығынымыз көбейді, өйткені ақуыз мөлшеріне байланысты тамақтануымыз өзгерді, бапкердің қызметі бар, бәріне ақша кетіп жатыр. Бір жақсысы, ол ақшаның өз денсаулығыңа жұмсалып жатқанын білесің, жақсы жағына қарай өзгеріс болып жатыр. Бұрын ауыр салмақ көтеріп көрмегендіктен, жеке бапкер алып, жаттығу техникасын, жарақат алмауды үйреніп жатырмын. Ақшаның осындай пайдалы нәрсеге жұмсалып жатқаны ұнайды, содан рахат аламын.
Тіпті ұйқымыз да жақсарды. Өйткені зиян тағамдарды жемейміз, қазір ақсерке, ет аламыз. Өзіңді әлдеқайда жеңіл сезінесің, ас қорыту жүйесінің жұмысы да жақсарды.
Аяулым: Челленжге дейін аптасына екі-үш рет фаст-фуд алатынбыз. Соның өзіне 60–80 мың теңге кететін. Ал қазір азық-түлікке қанша кететінін алдын ала есептеп, жоспарлаймыз. Өткенде бір айға 160 мың теңгеге ет, тауық, жаңғақ сияқты өте көп азық-түлік алдық. Видеомызға «екі адамға 160 мың теңге деген не сұмдық?», «біз бес адам айына 30 мың теңгеге тамақ ішеміз» деген пікір жазғандар болды. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы қаншалықты төмен екенін білдіреді, болашақта жағдай өзгереді деп үміттенемін.
Бірақ дұрыс тамақтанудың қаржы сауатына әсері өте үлкен. Не жейтініңді нақты білсең, қанша ақша жұмсайтыныңды да нақты білесің. Не жейтініңді білмесең, ақшаның қайда кеткенін де байқамай қаласың. Қазір алдын ала тізім жасап, тек сол бойынша аламыз.
Табысымыз болса да, бөліп төлеу көбейіп кетті. Бұл жердегі басты қателігіміз не болды?
Аяулым: Бюджет жүргізбеу. Адам қолындағы ақшасын тиынына дейін есептеп, әрқайсысын тиісті орнына бөліп отырмаса, ол ақша қолда тұрмайды. Табысымыз жақсы болғанымен, бұрын оның қайда кетіп жатқанын есептемейтінбіз. Әлдебір затты бөліп төлеуге алғанда «айлығымыз бар, ақшамыз жетеді ғой» деп шамамен ғана болжап жүре бердік. Бір күні қарасақ, ай сайынғы төлеміміз өте үлкен сомаға жетіпті. Бұл — өте қорқынышты жағдай.
Сондықтан ақшаны әрдайым бақылауда ұстап, апта сайын, ай сайын бюджетті тексеріп отыру керек. Қазір біз бюджетімізді Google Sheets кестесінде жүргіземіз. Сол жерге міндетті төлемдерді, «алтын сандық» қорына жиналатын ақшаны белгілеп, бақылап отырамыз. Кішкене босаңсып, қарамай жүрсек, ақша қолдан су сияқты ағып кетеді.
Ақшаны қалай бөлеміз?
Аяулым: Біз бүкіл міндетті төлемдерді (бөліп төлеу, коммуналдық қызметтер) бір-екі ай бұрын төлеп қоямыз. Бір жылға құрған кестемізде азық-түлік, үйдің шығындары, несиелер сияқты әрқайсының өз категориясы бар. Соңғы тиынына дейін бәрі жазылады. Төлем жасаған сайын белгілеп отырамыз, соңында бәрі қосылып, айлық жалпы шығын шығады. Айына қанша ақша кететінін көріп, бақылап отыруымыз керек.
Тағы бір ереже — оны отбасы болып бірге талқылау. Аптасына немесе екі аптада бір рет жексенбі күні кәдімгідей «отбасылық қаржылық жиналыс» өткіземіз. Кофе ішіп отырып, ноутбук пен калькуляторды ашамыз да, ақшамызды есептейміз. «Қайда ақша жұмсауымыз мүмкін?» деп ақылдасамыз. Той немесе біреудің туған күні болса, аяқ астынан болғандай сасып қаламыз. Бюджет жүргізгенде соның бәрін алдын ала есепке кіргізу керек. Арнайы «мерекелер мен туған күндер» деген категория ашып, соған ақша бөліп қоямыз. Оны қолданбасақ, ақша келесі айға қалады.
«Нәтижеге жету үшін бәрін шектей беруге болмайды»
Аяулым: Мен қаржы тақырыбындағы америкалық шоу-бағдарламаларды жиі көремін. Солардың бірінде жүргізуші қаржылай тығырыққа тірелген адамдарға кеңес бергенде киноға, концертке немесе театрға баруға ақша бөлу туралы айтады. Телефондағы ақылы жазылымдардың бәрін алып тастамай, бір-екеуін қалдыруға рұқсат береді.
Өйткені өзіңді барлық нәрседен шектеп, мүлде тыйып тастасаң, түбінде шыдамай кетесің. Сондықтан өзіңе кішкентай болса да еркіндік қалдыру керек.
«Челленж кезінде жаңа телефон алмақ болдық, бірақ...»
Берік: Екі рет екі iPhone 17 Pro-ны бөліп төлеуге тапсырыс беріп, кейін бас тарттық. «Осы маған шынымен керек пе, жоқ па?» деп ойланып қалдық. Шынымды айтсам, телефонды жаңартқым келді. Оны жасырмай, оқырманға да ашық айттық. Өйткені өз әрекетімізден өзіміз шошып кеттік. Тапсырысты көргенде кәдімгідей уайымдай бастайды екенсің. Біздің ескі телефонымыз қызып кетеді, видео түсіріп тұрғанда өшіп қала беретін. Бір сағат түсірген еңбегің жазылмай қалғанда, «осы мәселені тез шешейікші» деп амалын іздейсің. Ал ақшаны жинап алып сатып алу — ұзақ процесс, оған көбінің шыдамы жете бермейді.
Челленжді бастағанда неден қорықтық?
Аяулым: Қаржы мәселесі — интим тақырып. Бізге жекеге бір жас қыз «шағын несие алып қойдым, ата-анама айтуға қорқамын» деп жазыпты. Мен оған «қорықпа, ата-анаңа ашып айт» десем, «жоқ, ұрсады, айта алмаймын» деді. Бес саусақ бірдей емес, бірақ қазір көп отбасыда осындай мәселе бар. Бір-бірінен ұялады, жасырады. Керісінше, мұны ашық талқылау керек. Челленжді бастағанда туыстарымыз «өшіріңдер, ұят емес пе?» деп айта ма деп ойладық, қорықтық. Бірақ бәрі қолдады.
Берік: Туыстардың немесе таныстардың біреуін де желіде бұғаттаған жоқпыз, бәрі көріп отырады. Достарым хабарласып, «өте күшті, әрі қарай түсіре беріңдер!» деп қолдап жатыр.
Аяулым: Жаман сөздер жазатындар бар, маңдай термен ақша тауып жүргеннен кейін ондай орынсыз пікірлер ауыр тиеді, хейтерлерді бірден бұғаттап тастаймыз. Оқырмандарға тиімсіз нәрсені жарнамалап, алдай алмаймыз, өйткені әрқайсын бағалаймыз. Әлеуметтік желіде олардың көңілін түсірмей, тек позитив сыйлағымыз келеді, себебі бұл қысқа өмірді негативсіз өткізген дұрыс.

Челленж аяқталғанда қандай нәтижеге жеткіміз келеді?
Берік: Өмірімізді сәл де болса жақсартсақ деймін. Менде тамаққа тәуелділік (РПП) бар, үнемі қарным аша береді. Келесі мамырға дейін осыны жеңгім келеді.
Аяулым: Негізі ақшаны екінші орынға ысырғанымыз рас. Өйткені салмақ тастау екінші жұмыс сияқты, өте көп энергия мен ақшаны талап етеді. Күніне үш рет дұрыс тамақ дайындау, оны ойлау да уақыт алады. Сол уақытты екінші жұмысқа арнап, көбірек ақша табуға да болар еді, бірақ біз бәрін қатар алып жүре алмаймыз. Дегенмен «алтын сандығымызға» ай сайын ақша жинап отырмыз. Болашақтағы басты мақсатым — инвестиция жасауды үйрену. АҚШ-тың ірі қорларына ақша салып, қартайған шағыма дайындалғым келеді. Ата-анамызға көмектескіміз келеді, алдағы уақытта соларға үй алып берсек дейміз.