«Қаржы сауаты бюджетті бақылаудан басталады». Қарыз бен несие қақпанына түспеудің жолы қандай?
Қазақстанда несие қарызы артып, әр азаматқа шаққанда 1 млн теңгеден асқан. Қаржыгерлердің айтуынша, қаржы сауаттылығын арттыру қажет. «Төрт конверт» әдісі мен «20 пайыз ережесін» ұстану шығындарды бақылауға, жинақ қалыптастыруға және қарыздан арылуға көмектеседі.
Ұлттық банктің дерегі бойынша, былтыр қазақстандықтардың несие бойынша қарызы 23 пайызға артқан. Азаматтардың жан басына шаққанда несие қарызы 950 мың теңгеге жуықтайды. Шағын несиелер мен коллекторлардың үстемесін қоса есептегенде, қарыз көлемі әр адамға бөлгенде 1 млн теңгеден асады. Қаржыгер маман қарыз бен кредит қақпанына түспес үшін қаржы сауатын арттыру маңызды екенін айтады.
ҚОСЫМША ТАБЫСҚА ТӘУЕЛДІК
26 жастағы Бақберген Сапаш Түркістан қаласында тұрады. Жергілікті әуежайда PR-маманы болып істейді.
— Жалақым 300 мың теңге, — дейді Бақберген. — Бойдақпын, пәтер жалдап тұрамын. Сондықтан жалақы алған бойда бірінші пәтерақы мен коммуналдық қызметтерге төлеймін.
Бақберген ағасымен бірге екі бөлмелі пәтерді 80 мыңға жалдап тұрады. Оның ақысын ағасы екеуі теңдей бөледі. Қосымша жұмыс істеуге ноутбук пен фотоаппаратты несиеге алған. Ай сайын 35 мың теңгесін соған береді.
— Жұмыстың көлігі бізді үйден әкетіп-әкеліп тастайды. Жолақыға көп ақша кетпейді. Тек өзім баратын жерлеріме айына 10 мың теңгедей жұмсаймын. Достарыммен уақыт өткізуге, кино көруге, Play Station, футбол ойнауға айына шамамен 30 мың теңге кетеді, — дейді ол.
Бақбергеннің табысының көп бөлігі азық-түлік пен тамақтануға кетеді. Сыртта тамақ ішуге күніне 2-3 мың теңге, айына 40 мың теңге жұмсайды. Киім-кешекке 20 мың, күнделікті ішіп-жемге айына тағы сонша ақша жаратады.
Бақберген болашақта пәтер мен көлік алғысы келеді. Қазір ол «Отбасы банкінде» депозитін толтырып, көлік алуға бөлек ақша жинап жүр. Шотында бір миллион теңгедей сома бар. Бірақ оған тұрақты түрде аудармайды. Көлік аламын деген ниеті де күшті болғанымен, «ақша жинайтын қобдишасын» жиі толтыруға мүмкіндігі жоқ.
— Тіпті келесі жалақыға дейін ақша қалмайтын кездер болады. Бірақ мен көбіне кем дегенде 20-30 мың теңгені алып қалуға тырысамын. Не болмаса, қосымша жұмыс істеп, келесі айға қарызсыз кіруге тырысамын. Әйтеуір барынша жоспарлап, қысып-қысып алып қалуға ыңғай жасаймын, — дейді Бақберген.
«ХАЛЫҚТЫҢ КӨБІНДЕ ҚАРЖЫ САУАТЫ ЖОҚ»
Жыл сайын қазақстандықтардың банк пен микрокредит ұйымдарына берешегі артып келеді. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың сөзінше, бұл халықтың табысы төмендеп жатқанын көрсетеді.
30 қазанда депутат Бейсенбаев Қазақстан халқының кредит алу көрсеткіші бұрын-соңды болмаған шамаға жеткенін айтты. Оның дерегінше, елдің 80 пайыздан астамы немесе 8,4 млн адам түрлі қаржы ұйымдарына қарыз.
«Жағдай жыл сайын нашарлап келеді: кейінгі бір жарым жылда қарыз алушылар саны 27 пайызға өсіп, мерзімі өткен төлемдер сомасы 1,4 трлн теңгеден асқан. Қиын жағдайға түскен, қара тізімге енген адамдардың саны тағы 300 мыңға артып, 1,7 млн болды» дейді депутат.
Бұған негізінен жыл сайын жедел өсіп жатқан инфляция мен табыстың аздығы себеп. Қазан айындағы жылдық инфляция 8,5 пайызға жетті. Былтыр бұл кезеңде жылдық инфляция 10,8 пайыз болған. Қазақстан ұлттық инвесторлар қауымдастығы былтыр қазақстандықтар жалақысының 54 пайызын азық-түлікке жұмсап, тамаққа ең көп ақша құртатын 67 елдің ішінен 60-орында тұр деген дерек келтірді.
Күнкөріс қиындағанда қаржы сауатын арттыруға қажеттік туып отыр. Қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясова «қазақстандықтардың көбі ақша жұмсауға келгенде сауатты әрекет етпейді» дейді.
Былтыр Қазақстанның қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықтың қаржылық сауаттылығының негізгі көрсеткіштеріне төртінші рет зерттеу жүргізіп, 18 жастан 63 жас арасындағы үш мың адамнан жауап алған. Зерттеу нәтижесі бойынша, ел азаматтарының қаржы сауаты көрсеткіші 40,5 пайызды құраған.
Респонденттердің 48% — кредит пен қарызын уақтылы төлейді, 46% — зат сатып аларда тиімділік тұрғысынан қарайды, ал 44% бюджетін бақылап отырады. Қазақстандықтардың тең жартысына жуығы ай сайын ақша жинайды. Бұл — елдің тең жартысы қарызын уақытылы төлемейді, тең жартысы қалтасына қарамайды, бюджетін бақыламайды, ақша жинамайды деген сөз.
«ТӨРТ САНАТҚА БӨЛУ КЕРЕК»
Қаржыгер Әйгерім Ілиясова айлығын күнкөріске жеткізе алмай жүрген азаматтарға «Төрт конверт» әдісін қолдануға ұсынады. Бұл әдіс бойынша жалақыдан артылған ақшаны адам төрт конвертке бөліп қоюы керек.
— Айдың әр аптасында бір конвертті ашып, соны ғана қолданасыз. Апта соңына дейін қаражат жетпей жатса да келесі конвертті ашпайсыз. Бұл ақша жұмсауда бір реттілікке, үнемді болуға машықтайды. Ал қаржылық сауатты жақсарту үшін, ең алдымен бюджетті жоспарлау аса маңызды, — дейді қаржыгер.
Маманның сөзінше, жалақы түскен сайын «20 пайыз» ережесін ұстану керек. Яғни, ай сайын еңбекақының 20 пайызын жоқ деп ойлап, жинап отыру керек.
— Мысалы, жалақыңыз 300 мың теңге болса, оның 20 пайызын, яғни 60 мың теңгесін депозитте жинаңыз. Оны еңбекақыңызды алған бойда бөліп, мүлде қозғамау керек. Көбіміз жалақыны алғанда ақша жинаймын деп бөлек қаражатты депозитке саламыз да, ай соңында ақшамыз бітсе, жиған қаржыны жұмсай бастаймыз, — дейді маман. — Жинаққа олай қарамау керек, өзіңізді қатаң тәртіпке салып, ақша жинауды әдетке айналдырыңыз.
Қаржыгер Әйгерім Ілиясова қаржы сауатын үйренгісі келген адам ең әуелі бюджетін бақылап отыруы керек деп есептейді. Себебі шығындарды жазып қою ғана емес, оған анализ жасап, қай жаққа қанша ақша кеткенін анықтап отыру да маңызды.
— Шығындарды құр түртіп жүргеннен пайда жоқ. Адам шығысы мен кірісін көріп, ақшаны қалай жұмсап жатқанына анализ жасай отырып, қалай үнемдеуге болатынын түсінсе, бюджет жүргізудің пайдасын көреді, — дейді қаржыгер. — Бұл белгілі бір реттілікке әкеледі, келесі айлыққа дейін ақшасыз қалудан сақтайды.
Бұл жоба Internews Kazakhstan гранты арқылы жүзеге асты.