Мазмұны
Amazon – жасанды интеллектке орасан зор қаржы құюды жалғастыратынын жариялаған соңғы ірі технологиялық компания. Бұған дейін Google, Microsoft және Meta да қаржыландыруды жалғастыратынын айтқан еді. Бұл шешім қытайлық DeepSeek стартапының жетістігінен кейін де өзгермеген.
Amazon компаниясының бас директоры Энди Джасси кіріс туралы есеп беру жиынында компанияның соңғы тоқсандағы $26,3 млрд көлеміндегі капитал шығындары (CapEx) 2025 жылға арналған бюджетпен шамалас екенін айтты. Егер бұл қарқын сақталса, Amazon биыл 100 млрд доллардан астам қаржы жұмсауы мүмкін, оның басым бөлігі жасанды интеллект қызметтері мен технологиялық инфрақұрылымға бағытталады.
«Бұл капитал шығындардың басым бөлігі AI-ға (Amazon Web Services) жұмсалады», – деді Джасси. Оның айтуынша, бұл AWS үшін «жақсы белгі», себебі «бүгінде біз білетін барлық қосымшалар AI арқылы қайта жасалып, жасанды интеллект есебі (inference) негізгі құрылымдық элементтердің бірі ретінде есептеу, сақтау және деректер базасымен қатар тұрады».
Amazon соңғы жылдары бірнеше AI негізіндегі жаңа өнімдерді ұсынды және OpenAI-дың бұрынғы қызметкерлері құрған "Anthropic" стартапына ауқымды инвестиция салды. Сондай-ақ, компания 2023 жылғы желтоқсанда "Trainium3" деп аталатын AI-ды оқытуға арналған чиптерін таныстырды. Олар 2025 жылдың соңына қарай қолжетімді болуы мүмкін.
Бәсекелестер де AI-ға миллиардтаған қаржы бөліп жатыр
The Wall Street Journal-дың жазуы бойынша, Amazon ғана емес, басқа да технологиялық алпауыттар жасанды интеллектке миллиардтаған қаржы құюды жоспарлап отыр.
Microsoft 2024 жылғы қаңтар айының басында "2025 жылы AI деректер орталықтарына 80 млрд доллар жұмсайтынын" мәлімдеді. Бұл дата орталықтарды жасанды интеллект модельдерін оқытуға және бұлтта қолданбаларын орналастыруға пайдаланады. Microsoft президенті Брэд Смиттің айтуынша, осы инвестицияның жартысынан көбі АҚШ аумағында жұмсалады.
Қаңтар айының соңында Meta Platforms компаниясының бас директоры Марк Цукерберг капитал шығындар аясында AI-ға 60-65 млрд доллар аралығында қаржы салатынын жазды. Оның айтуынша, Meta-ның жаңа Llama 4 моделі биылғы жылы «ең алдыңғы қатарлы AI моделі» болады. Сонымен қатар, компания «AI инженер» деп аталатын жүйені жасап шығаруды жоспарлап отыр. Бұл жүйе Meta-ның зерттеу және әзірлеу жұмыстарында белсенді түрде код жазып, үлес қоса алады.
Google-дың иесі Alphabet 2024 жылы жасанды интеллектке 75 млрд доллар жұмсайтынын хабарлады, бұл Уолл-стриттің күткенінен 29% жоғары. Google компаниясының бас директоры Сундар Пичайдың айтуынша, «AI-ды пайдалану құны төмендей бермек, бұл жаңа мүмкіндіктердің жүзеге асуына ықпал етеді».
DeepSeek дауы: AI дамуында жаңа сұрақтар туындады
Өткен айда SoftBank және Oracle қолдауымен OpenAI "Stargate" деп аталатын құны 500 млрд долларлық AI инфрақұрылым жобасын жарияланды. Бұл қаражат алдағы төрт жыл ішінде бөлінеді деп жоспарланып отыр.
Алайда, қытайлық DeepSeek стартапы OpenAI және Meta жасаған модельдермен бәсекелесе алатын AI моделін небәрі 5,6 млн долларға әзірлей алғанын мәлімдегеннен кейін Кремний алқабының AI-ға бағыттаған ірі инвестициялары күмән тудыра бастады. Бұл жаңалықтан кейін Уолл-стриттегі технологиялық акциялар құлдырап, чип өндіруші Nvidia тарихтағы ең ірі біркүндік нарықтық құнын жоғалтуға ұшырады.
Дегенмен, технологиялық көшбасшылар DeepSeek жетістігінің шынымен осындай аз бюджетпен жүзеге асқанына күмән келтіріп отыр. Мысалы Microsoft DeepSeek-тің OpenAI технологиясына заңсыз қол жеткізіп-жетпегенін тексеріп жатыр.
Жасанды интеллектке миллиардтаған инвестициялар жасалғанымен, технологиялық компаниялар бұл қаржының тиімділігіне қатысты жаңа кедергілерге тап болып отыр.