Инвестиция жасауға арналған Tabys Islamic мобильді қолданбасын Play Market пен App Store-дан жүктеп алуға болады. Бұл туралы Forbes Kazakhstan хабарлады7
Қолданбаны Teniz Capital компаниясы әзірлеген. Ондағы барлық бағалы қағаздар исламдық қаржы талаптарына сәйкестігін тексеретін Ailat сервисінің шариғаттық скринингінен өткен.
Teniz Capital Investment Banking басқарушы директоры Ерлан Солтановтың айтуынша, компания бұған дейін Tabys Pro қолданбасында Halal инвестициялау режимін іске қосып, оған мұсылман инвесторлар тарапынан сұраныс жоғары болғанын байқаған. Осыдан кейін серіктесі Ailat-пен бірге жеке Tabys Islamic қолданбасын әзірлейміз деп шешім қабылдаған. Компанияның мәліметінше, Ailat үш кезеңнен тұратын тексеру жүргізеді. Алдымен жасанды интеллект компаниялардың қаржылық есептерін, табыс көздерін және қызмет бағытын талдайды. Кейін нәтижені сарапшылар тобы қарайды. Ақырғы шешімді шариғаттық бақылау кеңесі шығарады.
Қазіргі таңда Tabys Pro платформасында шариғат талаптарына сай деп танылған шамамен 1 400 инвестициялық құрал бар. Скрининг халықаралық AAOIFI стандарттарына негізделген.
Тексеру барысында алкоголь, құмар ойындары, темекі өнімдері, қару-жарақ, шошқа өнімдері және ислам қағидаларына қайшы келетін басқа да салалармен байланысты компаниялар іріктеуден өтпейді. Сондай-ақ компанияның пайыздық қарызға тәуелділігі мен табыс құрылымы да бағаланады. Ailat негізін қалаушы Азат Өтепбайдың сөзінше, мұндай шешімдер инвесторларға өз қаражатының қай салаға бағытталатынын түсініп, жеке ұстанымдарына сай инвестиция жасауға мүмкіндік береді.
Халал инвестиция — бұл ислам діні талаптарына, яғни шариғат заңдарына сай инвестициялау түрі. Мұндай инвестицияларда дәстүрлі қаржы құралдарынан түбегейлі ерекшеленетін шектеулер мен шарттар бар. nukte. бұған дейін халал акция деген не және оның өсімі қандай деген сұраққа жауап берген.