Skip to content

Илон Маск Grokipedia энциклопедиясын іске қосты. Оның ерекшелігі қандай?

Илон Маск. Сурет AP сайтынан алынды.

Америкалық өнертапқыш кәсіпкер Илон Маск дүйсенбі күні жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Grokipedia атты жаңа онлайн энциклопедиясын іске қосты. Өткен айда Маск Трамп әкімшілігіндегі жасанды интеллект және крипто жөніндегі кеңесші Дэвид Сакс ұсынған идеядан кейін Wikipedia-ға қарсы жоба әзірлеп жатқанын айтқан.

Маск бұрыннан Wikipedia-ны «woke», яғни саяси көзқарасқа қарай ақпараты бұрмаланған қызмет деп сынап, оның материалдарына The New York Times пен NPR сияқты ақпарат құралдарын жиі дереккөз ретінде қолданатынын алға тартатын. Маск X желісінде (бұрынғы Twitter) AI көмегімен жазылатын энциклопедияны «адамзат өркениеті үшін аса маңызды қадам» әрі «ғаламды түсінудің жаңа баспалдағы» деп сипаттады.

Grokipedia-ның негізгі ерекшелігі — онда нақты автор жоқ. Wikipedia-да еріктілер мақала жазып, түзету енгізсе, Grokipedia мәтіндері Масктың xAI стартапына тиесілі Grok атты чатботтың «тексеруінен» өтеді. Пайдаланушылар материалға түзету енгізе алмайды, тек қате мәліметті хабарлауға арналған форма толтыра алады. Бастапқыда кейбір мақалалар Wikipedia-дан алынған. Кей беттердің төменгі жағында «Бұл мазмұн Creative Commons Attribution-ShareAlike 4.0 лицензиясы бойынша Wikipedia негізінде бейімделген» деген ескерту бар.

Алайда Маск биыл жыл соңына дейін Grok-тың Wikipedia материалдарын пайдалануды тоқтататынын мәлімдеді.

Маскқа тиесілі Grok мазмұны қандай?

Мысалы, Дональд Трамп туралы Grokipedia бетінде оның Катардан люкс ұшағын сыйға алғаны немесе криптовалюта-токен жарнамалағаны айтылмайды. Ал Wikipedia осының бәрін қамтып, «мүдделер қақтығысы» деген бөлек тарау арнаған еді.

Ал Илон Масктың өзі туралы Grokipedia мақаласында оның саяси дүрбелеңге үндегенін, көптеген тарихшы мен саясаткер «нацистік ишара» деп бағалаған қимылы жөнінде ештеңе жазылмаған. Wikipedia бұл тақырыпқа бірнеше абзац арнаған.

Wikipedia-ны басқаратын Wikimedia Foundation дүйсенбі күні мәлімдеме жасап:

«Wikipedia-дағы білім — әрқашан да адам еңбегінің жемісі. Түрлі көзқарастағы адамдардың бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде бейтарап әрі үнемі жаңарып отыратын ортақ энциклопедия қалыптасқан. Дәл осы адам қолымен жасалған білімді жасанды интеллект компаниялары пайдаланып отыр: тіпті Grokipedia-ның өзі Wikipedia-сыз өмір сүре алмайды» деді.

Қор өкілдері Grokipedia сияқты балама нұсқалар бұрын да болғанын, бірақ олардың Wikipedia миссиясына кедергі келтірмейтінін айтты.

Grokipedia жобасы — әлемдегі ең бай адам Маск пен интернеттегі ең танымал сайттардың бірі Wikipedia арасындағы жаңа қарсылас. Similarweb дерегінше, Wikipedia әлем бойынша ең жиі қаралатын тоғызыншы сайт саналады.

Wikipedia — 2001 жылы Джимми Уэйлс пен Ларри Сэнгер құрған, жарнамасыз, еріктілердің үлесімен жұмыс істейтін бейкоммерциялық платформа. Дегенмен Сэнгер кейінгі жылдары Wikipedia-ны тым солшыл көзқарасты ұстанады деп сынап жүр. Өткен айда ол бұл ойын Тукер Карлсонның онлайн-шоуында қайталап, оны Дэвид Сакс X желісінде бөліскен.

Қазір Wikipedia-да ағылшын тілінде шамамен 7,1 миллион мақала бар, ал Grokipedia алғашқы нұсқасында 885 мың материал ұсынған. Сайт «0.1 нұсқасы» ретінде тіркелген, яғни алдағы уақытта жаңартулар көп болмақ.

Соңғы