Skip to content

Азаматтардың банктен кредит алуы қиындай түспек

Сурет Inbussiness.kz сайтынан алынды.

2026 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстанда тұтынушылық несиелерге жаңа талаптар күшіне енеді. Бұл — Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің былтыр бекіткен реформасының соңғы кезеңі. Ереже сол күннен бастап банктер мен микроқаржы ұйымдарына міндетті түрде қолданылады.

Себебі жаңа нормативтер мен шекті мөлшерлемелерді енгізу үшін банктерге уақыт берілген. 2025 жылы қаржы ұйымдары өз капиталын есептеп, тәуекел портфелін қайта құрылымдауы тиіс. Ал 2026 жылдың сәуірінен бастап:

  • жаңа капитал талаптары ресми түрде күшіне енеді;
  • жылдық тиімді мөлшерлеме (ГЭСВ) ең көбі 40%-дан аспауға тиіс.

Бұл күннен кейін бұрынғы ережемен несие беру заңсыз саналады.

Ұлттық банк банктер мен МҚҰ тәуекелін азайтып, халықтың шамадан тыс қарыздануын тоқтатқысы келеді. Сондықтан енді әр банк клиенттің табысын, несиесін және салық декларациясын мұқият тексереді.

Inbusiness.kz сайтына сұхбат берген экономист Бауыржан Шорманов «Бұрын банктер табысы бейресми адамдарға да несие беретін. Енді мұндай тәуекелге бармайды. Тек тұрақты табысы бар, "таза" клиенттерге рұқсат беріледі» дейді.

Келер жылы сәуірден бастап қысқа мерзімді микрокредиттер мен тауарды бөліп төлеу несиелері және аз сомаға және жоғары пайызбен берілетін қарыздар беру азая түседі.

Мұндай өнімдер енді банктер мен микроқаржы ұйымдарына тиімсіз болады. Несие көбіне ресми табысы бар, декларация тапсыратын азаматтарға; кредит тарихы жақсы, қарызы табысының 50%-ынан аспайтын адамдарға беріледі. Яғни, несие алу көпке қолжетімді қызмет түріне емес, қаржы мүмкіндігі бар азаматтар жүгінетін мүмкіндікке айналмақ.

Ресми дерек бойынша, Қазақстанда шамамен 500 мың адамның банктер алдында, ал 350 мыңға жуық азаматтың микроқаржы ұйымдары алдында проблемалық несиесі бар деп есептеледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл ақпанда елде борышкерлердің жалпы саны 1,5 миллион адамнан асып, бұл «аса өзекті әлеуметтік және саяси мәселе» деген.

Соңғы