Amazon компаниясы биыл 14 мың кеңсе қызметкерін қысқартатынын мәлімдеді. Бұл шешім жасанды интеллект (AI) технологиясын кеңінен енгізуге дайындықтың бір бөлігі ретінде қабылданған. Компания өкілдері қысқарту жүріп жатқанымен, негізгі бағыттарда жаңа мамандар алатынын және бұрын жұмыстан кеткен қызметкерлерге осы жаңа орындарға басымдық берілетінін хабарлады.
«Біз стратегиялық маңызды салаларда жалдауды жалғастырамыз, бірақ сонымен қатар құрылымдағы артық қабаттарды азайтып, тиімділікті арттыру жолдарын іздей береміз» деп жазды Amazon-ның кадрлар жөніндегі аға вице-президенті Бет Галетти компания блогында жарияланған хатында.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, жұмыс орындарының жалпы қысқаруы 30 мыңға дейін жетуі мүмкін. Галеттидің айтуынша, компания бас директоры Энди Жасси Amazon-ды «әлемдегі ең ірі стартап» ретінде басқаруды көздейді. Бұл мақсатқа жету үшін компания ықшам, тез бейімделетін және өзгерістерге дайын болуға тиіс.
«Әлем жылдам өзгеріп жатыр. Бұл буындағы жасанды интеллект — интернеттен кейінгі ең үлкен технологиялық бетбұрыс. Біз тұтынушылар үшін тез әрі тиімді қызмет ету үшін құрылымымызды ықшамдап, иелік пен жауапкершілікті арттыруымыз керек» деді Галетти.
Amazon-ның корпоративтік қызметкерлер саны — шамамен 350 мың адам. Бұл қысқарту жалпы кадрлардың шамамен 4 пайызын қамтиды.
Қысқарту сейсенбіден бастап жүзеге асады. Қызметкерлерге Amazon ішінде басқа жұмыс табу үшін 90 күн беріледі. Жаңа орын таба алмаса, оларға өтемақы мен әлеуметтік пакет ұсынылады. Маусым айында Жасси басқа блог жазбасында жасанды интеллектінің арқасында компания адам ресурстарын азайта алатынын айтқан еді.
«Біз генеративті AI мен агенттерді енгізген сайын, жұмыс істеу тәсілдері өзгереді. Қазір бар кейбір жұмыстарды аз адам атқаратын болады, ал жаңа бағыттарда жаңа жұмыс түрлері пайда болады» деген Жасси.
Оның айтуынша, AI тек Amazon емес, барлық саладағы жұмысты түбегейлі өзгертеді. «Көптеген AI агентті әлі жасалған жоқ, бірақ олардың келе жатқаны анық. Олар өте жылдам келе жатыр» деді ол.
Amazon бұл қадамды алғаш жасап отырған жоқ. 2023 жылы компания 27 мың адамды жұмыстан босатқан, олардың көбі кадр бөлімі, Amazon Stores және Amazon Web Services сияқты негізгі бөлімдерден еді. Сол кезде де Жасси бұл шешімді әлемдік экономиканың әлсіреуімен байланыстырған.
GlobalData зерттеу компаниясының директоры Нил Сондерс инвесторларға жолдаған жазбасында «Әлемдік нарықтар тарылып барады, ал шығындар өсіп келеді. Amazon бұдан тыс қалмайды. Бұл — адами капиталдан технологиялық инфрақұрылымға бет бұру кезеңі» дейді.
Қысқарту АҚШ еңбек нарығы әлсірей бастаған тұста болып отыр. Сарапшылар жасанды интеллектінің жаппай енгізілуі көптеген мамандық мен кеңсе қызметтерін алмастыруы мүмкін деп қауіптенеді. Дегенмен AI саласының мамандары бұл үрейдің көпшілігі ғылыми тұрғыдан дәлелденбегенін айтады.