Кейінгі жылдары трейдинг әлеуметтік желілерде «жылдам табыс көзі» ретінде кеңінен насихатталып жүр. Курстар көбейгенімен, бұл қаржы құралы туралы айтатындар оның тәуекелі мен көлеңкелі тұстарын ашып түсіндіруге бейіл емес. Nukte бұл материалында трейдингтің қалай жұмыс істейтінін және неге оны кей сарапшы құмар ойынмен салыстыратынын талдап шықты.
«Табысты шәкірттерім көп»
— Трейдингтің арқасында төртінші шәкіртім үйлі болды! — дейді видеода отыз жас шамасындағы азамат. Өзін трейдинг бойынша экспертпін деп таныстырады. Бұдан әрі баспанаға мұқтаж болып жүрген көп балалы шәкірті екі жыл ішінде пәтерден жеке үйге көшкенін айтады.
Үй алдым деген кейіпкердің өзі түрін көрсетпейді. Бірақ трейдинг экспертінің курсын мақтап, соның арқасында «үлкен үйге көштім» дейді.
Әрі қарай трейдинг курсын сататын азаматтың өзі де бір кездері баспанаға мұқтаж болғанын, трейдингтің арқасында үй алып, үйсіз жүрген басқа «шәкірттері» де баспаналы болса деп армандағанын айтады.
— Трейдинг — оңай ақшаға қиын жол. Көп еңбек ету керек. Сонда табысқа жетесің. Үйренуге дайынмын десең, маған қосыл, — деп видеосын өз курсының жарнамасымен аяқтайды.
Бұл қолданушының парақшасында трейдинг курсын жарнамалайтын осыған ұқсас видео өте көп: бірінде көлік алған «шәкірттерін», енді бірінде өзі үй шаруасын істеп жүріп, биржада сауда басталғанда трейдингтен көп ақша табатыны туралы айтады.
Әлеуметтік желілерде осыған ұқсас контентпен трейдинг курсын жарнамалайтын адам көп. Оларға жүздеген мың адам жазылған. Бұл парақшаларда курс сатушылар трейдингті қиын болса да, үйренуге болатын және көп табыс әкелетін құрал деп көрсетеді. Бірақ біз көрген парақшалардың ешқайсында трейдингке ақша салып, шығынға батқан адамдар туралы айтылмайды.
Трейдинг деген не?
Анықтама
Трейдинг
Бағалы қағаздарды қысқа мерзімде алып-сату арқылы табыс табу. Трейдерлер нарықтағы баға өзгерістерін ұдайы қадағалап, активті ұзақ уақыт ұстамай, пайда түскен бойда қайта сату жолымен кіріс алуға ұмтылады. Яғни, трейдингте негізгі мақсат — активті иелену емес, оның бағасының құбылуынан пайда көру.
Трейдерді алып-сатар деуге болады: ол нарықтағы күнделікті жаңалықтарды оқып, сұраныс пен ұсыныс трендтері негізінде шешім қабылдап, тез табыс әкелетін сауданы іздейді.
Трейдингтің бірнеше түрі бар: мысалы, күндізгі сауда — трейдер позицияларды бір күн ішінде ашып жауып отырады, суинг-сауда — бірнеше күн немесе апта аралығындағы алып-сату, алготрейдинг — арнайы бағдарламалар мен алгоритмдер арқылы автоматтандырылған жылдам сауда.
Трейдерлердің негізгі ресурсы — уақыт. Олар нарық бағытын жіті қадағалап отырып, жылдам шешім қабылдайды. Бағаның болашақ бағытын дәл болжаған өте қиын, сондықтан трейдинг жоғары тəуекелмен байланысты кәсіп саналады.
Тəжірибелі трейдерлер баға өседі деп күтсе — сатып алады, төмендейді деп күтсе — сатады, бірақ ешкім де белгілі бір акцияның қай күні құлайтынын не өсетінін нақ болжап айта алмайды.
Мұндай курс сататындар адамдарға белгілі бір сомада ақша салып, акциялар өскенде оны сатып жіберіп, айырмада табыс табуды үйретеді.
«Ұятымен келісімге отырғандар»
Трейдингпен айналысу үшін арнайы диплом не кәсіби сертификат қажет емес. 18 жасқа толған кез келген азамат брокерлік шот ашып, трейдингті үйрене алады. Дегенмен табысты трейдер болған оңай емес: нарықты зерттеу, техникалық және іргелі талдау дағдылары, жылдам реакция, эмоцияны бақылай білген өте маңызды.
Инвестиция, акция мен облигация туралы видеолар түсіріп, қаржы сауаты туралы жиі айтатын Еркебұлан Әріпбайдың Instagram-да 650 мыңнан аса жазылушысы бар. Ол да бірнеше жылдан бері қор нарығындағы инвестиция туралы курс сатып, жүздеген адамды осы салада оқытқан. Кезінде трейдинг туралы сабақ та берген.
Басында курстың нәтижесі туралы ойланған жоқпын. 5-6 айдан соң қарасам, мен трейдингті оқытқан студенттердің 7-10 пайызы азды-көпті табыс тауып жүр екен. Қалғандары тастап кеткен немесе құнығып, лоторея сияқты ойнап, ақшаларын жоғалтқан. Мен соны көрдім де, сол күні оқытпаймын деп шештім.
Оның сөзінше, мұндай статистика өзіне ғана емес, жалпы нарыққа тән.
— Қазір менің студентім осынша мың доллар тапты деп жарнама жасап, курс сатып жүргендер өзінің ұятымен келісімге отырғандар немесе алаяқтар. Олар өтірік айтып жүргендерін біледі де, сәтсіз мысалдың бәріне көзін жұмып, табысқа жеткен трейдерлерді ғана жарнамалайды. «Үйде отырып, аз ақша саласың. Күнде табыс табасың. Аса көп күш керек емес, ешкіммен де сөйлеспейсің» дейді. Бұл идеяны сатқан оңай, — дейді сарапшы.
— Тура осы әдіспен құмар ойынды да жарнамалауға болады. Олардың да арасында 50 доллар тігіп, 1000 доллар ұтқан адамдар кездеседі. Сондай жеңімпаздарды жинап-жинап, «ставка» тігуді де жарнамалауға болады.
Халал акция деген не және пәтуаны кім шығарады?
Әлемдегі үрдіс
Кейінгі жылдары трейдинг бұрынғыдай қаржыгерлердің ісі болудан қалып, мобильді қосымшалар мен әлеуметтік желілердің арқасында биржа есігі айқара ашылды.
Алайда бұл ашықтықпен бірге «тез байып кеткісі келетін» адамдарға жарнамасын сатқан псевдоэксперттер нарығы да қатар келді. Олар трейдингті мамандық не жоғары тәуекелді қызмет ретінде емес, кез келген адам меңгере алатын табыс көзі ретінде көрсетеді. Бұл үрдіс әлемдегі біраз елге тән.
АҚШ-та бұл құбылыс пандемия кезінде айқын көрінді: трейдингке миллиондаған жаңа адам келді, ал TikTok пен YouTube-та «гурулар» қаптады. Алайда академиялық зерттеулер ең белсенді трейдерлердің табысы төмен болатынын көрсетті: тым жиі сауда жасайтын трейдерлер жылына шамамен 6-7% кем табыс тапқан. Бірақ курс сатушылар бұл статистиканы айтпайды. Олар бірнеше сәтті мәмілені көрсетіп, сәтсіздікті «дұрыс оқымадың», «тәртіп сақтамадың» деп жаба салады, яғни жауапкершілікті әрдайым адамның өзіне ысырады.
Ұлыбританияның Қаржы нарығын қадағалау басқармасы (Financial Conduct Authority) былтыр наурызда трейдингті жарнамалайтын инфлюенсерлерге қатысты талаптарды күшейтіп, тәуекел туралы ескертусіз «оңай табыс» уәделері бар контентті заң бұзушылық деп танып, айыппұл мен қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ресми мәлімдеді.
Ал Еуропалық бағалы қағаздар және нарықтар жөніндегі басқарма (European Securities and Markets Authority) жоғары тәуекелді қаржы өнімдерін «табысты өмір салтымен» байланыстырып насихаттауға шектеу қойып, шығын ықтималдығын міндетті түрде ашық көрсету сияқты шараларды енгізді.
Үндістанда трейдинг тіпті әлеуметтік лифт ретінде ұсынылды: «кедейліктен шығудың жолы» деген ұран жиі айтылды. Бірақ елдегі қаржы нарығын реттейтін қор жүргізген зерттеу бойынша, кейінгі жылдары деривативтермен, яғни активтің өзін емес, оны белгілі бір бағада сату не сатып алу бойынша келісімдерді саудалаған жеке трейдерлердің 90%-дан астамы шығынға ұшыраған. Соған қарамастан, YouTube пен Telegram-да трейдингті үйрететін мыңдаған «оқытушы» бар. Олардың ортақ сипаты — нақты есеп, аудит немесе ұзақ мерзімді статистика жоқ, тек уәде мен мотивация бар.
Әлемнің әр елінде курс сататын псевдотрейдерлердің белгілері ұқсас. Біріншіден, олар табысты ғана көрсетіп, шығынды жасырады. Екіншіден, табысты саудадан емес, оқытудан табады. Үшіншіден, «оңай», «тез», «әркімге қолжетімді» деген сөздерді көп қолданады.
Заң тұрғысынан Қазақстанда жеке тұлға трейдер деп арнайы көрсетілмейді, жалпылама инвестор санатына кіреді. Нарықтағы табысқа да, шығынға да инвестор (немесе трейдер) өзі жауапты. Қазақстанда бағалы қағаздарға салынған инвестиция нарықтық тәуекелден сақтандырылмайды. Бұл туралы биржа да ескертеді. Қате таңдау жасап ақша жоғалтсаңыз, оны сізге үкімет не басқа мемлекеттік қор өтеп бермейді.
Трейдингпен айналысқан өте қиын. Өзім де айналысып көрдім. Трейдинг дегеннің табиғаты да сол — ол қиын болуы керек. Өйткені нарық сондай. Сондықтан трейдингті қарапайым курстан үйреніп алған адамның нарықтағы қарсыласы — елдегі, шетелдегі мықты университетте қаржы мамандығын бітірген, ірі қаржы қорларында аналитик болып істейтін, суперкомпьютері бар маман екенін ескерген жоқ. Оның мүмкіндігі, ресурсы қандай екенін қараңыз. Аспан мен жердей. Бұл мүмкін емес бәсеке.
— Трейдингке көп дайындық керек екен, — дейді алматылық Жанарыс (аты өзгертілді — ред.). Ол да бір жылдары акция алып-сатумен айналысқан. Трейдингті өз күшімен үйреніп, нарыққа ақша құя бастаған. Бірақ бір жыл ішінде оны тоқтатқан.
— Қазір акцентті инвестицияға қойдым. Инвестициядан күймейсің, ұзақмерзім ішінде әйтеуір салғаның ақталып, ақшаң құнсызданбай тұрады. Трейдинг істеп жүргенде қымбатқа сатамын деп алған криптовалютам 50% құнсызданып кетіп, аузым күйді. Оған жол ортадан қосылып кете алмайды екенсің. Біраз дайындық керек, — дейді Жанарыс. — Трейдингті жаппай үйрету дегенді шектей алмайсың деп ойлаймын. Заңсыз нәрсе емес қой. Адамдар кіріп, көріп, қателеспейінше, көзі жетпейді бәрібір.