Астанада сайлау мен адам құқығы мәселесі талқыланды
23 қарашада Астанада TedxAstana қауымдастығы тоғызыншы конференциясын өткізді. TedxAstana Salon атты жиынға ондаған адам қатысып, Қазақстандағы және әлемдегі сайлау процесі мен адам құқығы мәселелерін талқылады. Редакция жиын кезінде айтылған ойларды қысқаша шолып шықты.
Биыл жер бетіндегі ересек халықтың жартысына жуығы сайлауға қатысып, алдағы бірнеше жылда әлемді өзгертуі мүмкін таңдау жасайды.
Жиынға келген адамдар бұл науқандар жаһандық демократиялану үрдісі мен әлемдегі саяси жағдайға, соның ішінде қазақстандықтар мен Орталық Азия азаматтарына неге маңызды деген сұраққа жауап іздеді.
Орталық Азия елдеріндегі халықаралық саясат пен ұлттық құрылыс тақырыбын зерттеуші Әсел Битабар, Саяси шешімдер орталығының директоры Шалқар Нұрсейіт, халықаралық қатынастар саласының зерттеушісі Жәнібек Арынов пен PaperLab зерттеу орталығының жетекшісі, әлеуметтанушы Серік Бейсембаев шара спикері болды. Бұл шараның ерекшелігі сол — тыңдарман да кез келген сәтте талқыға араласып, пікірін айтады.
Зерттеуші Әсел Битабар «Сайлау демократиялық мемлекеттерде ғана болмайды. Мәселен, сайлау өткізетін мемлекеттердің ішінде Қазақстан да бар» деді.
Саясаттанушы Шалқар Нұрсейіттің айтуынша, 2010 жылы әлемде автократиялық режим орнаған елдерде өмір сүрген адамдар саны 3,1 миллиард болса, бар болғаны он жылдың ішінде оның саны 5,7 миллиард адамға жеткен. Бұл — адамзат халқының 72 пайызы. «Оның ішінде 20 миллион қазақстандық та бар» деді саясаттанушы.
Конференция қатысушылары жастар, соның ішінде 1997-2012 жылдары туған Z толқыны сайлауға баруға, дауыс беруге неге құлықсыз деген сұраққа жауап іздеді.
Саясаттанушы Нұрсейіт «Билікте де, олар ұйымдастыратын сайлауда да жасандылық көп. Қазір ешқандай партия мардымды жұмыс істеп жатқан жоқ. Адам нәтиже көрмейтін жерде әрекет етпейді. Сол үшін дауыс беруге барғысы келмейтіні анық» деп жауап берді.
Зерттеуші Ғалым Жүсіпбек адамның жалпыға ортақ қадір-қасиет ұғымын талдады. Оның сөзінше, демократияның негізгі мақсаты — әр адамға тең мүмкіндік беріп, әділет пен адамгершілікке негізделген жүйе құру. «Алайда қазір әлемде демократиялық жолмен билікке келген кейбір саясаткерлер қоғамды жіктерге бөліп, нәсілшілдік, мигрантофобия, мизогония, исламофобия немесе гомофобияның таралуына жол беріп отыр. Ал бұл шынайы демократияның қағидаттарын бұзады» дейді зерттеуші.
Zertteu Research Institute директоры Шолпан Әйтенова бюджет ашықтығы деген не, оның жемқорлықпен қандай байланысы бар, ашықтық қаржы кризисінің алдын алуда нендей рөлге ие деген сауалды талқыға салды.
Әйтенованың айтуынша, әлемдегі қаржы кризисінің негізгі себептерінің бірі — ақпараттың көпке жария болмауы. 2008 жылғы әлемдік қаржы кризисінен кейін Халықаралық валюта қоры «бюджет ашықтығы» ұғымын енгізген. Бұл тұжырым бойынша, мемлекеттің қаржы есебі көпке жария болуы керек. Сол арқылы азаматтар мен қоғамдық ұйымдар мемлекет шығындарын бақылап, қаржыны жымқырудың алдын алады. Бюджет ашықтығы экономикалық тұрақтылықты нығайтып, азаматтардың саясатқа белсенді ықпал етуіне жағдай жасайды.
Конференция кезінде PaperLab зерттеу орталығының маманы, саясаттанушы Әлия Тілегенова қазақстандықтардың саяси құндылықтары туралы зерттеуін таныстырды. Оның сөзінше, елде азаматтардың саяси ұстанымы туралы түрлі таптаурын бар. «Шын мәнінде, қазақстандықтардың көбі елде демократиялық өзгерістер болғанын, халыққа ашық есеп беріп жұмыс істейтін жүйе орнағанын қалайды» деді.
Бұған дейін TedxAstana қауымдастығы сегіз конференция ұйымдастырып, онда тоқсаннан аса адам спикер болған. Шараларға екі мыңдай адам қатысқан.