Skip to content

Roblox-қа балалар неге құмар және бұл ойын қауіпсіз бе?

Кей елде ойын неге бұғатталып жатыр? Мақалада Roblox феноменін, оның балаларға неге қызық екенін және ашық виртуал әлемдегі қауіпсіздік мәселесін талдадық.

Фото: roblox.com

3 желтоқсанда Ресей билігі Roblox платформасын бұғаттап тастады. «Роскомнадзор» мұның себебін ойында «экстремизмді, терроризмді ақтайтын материалдар, зорлыққа шақыру және ЛГБТ-пропагандасы, сондай‑ақ балаларға қатысты жыныстық сипаттағы қауіптер бар» деп түсіндірді. Бұл шешімнен кейін ойынның қауіпсіздігі жөнінде сұрақ көбейді. Roblox деген не ойын? Балалар еркін жүретін ашық виртуал әлем қаншалықты қауіпсіз? Nukte осы сұрақтарға жауап береді.

Roblox — бір емес, ондаған миллион ойыннан тұратын үлкен экожүйе. Ол да Minecraft секілді sandbox-қа жатады. Оның негізін 2006 жылы Дэвид Баззукки мен Эрик Кассел қалаған. Бірақ одан екі жыл бұрын «DynaBlocks» деген атаумен тестілеуден өтіп, балаларға физика заңдарын тәжірибе арқылы оқытуға арналған құрал болғанын көпшілік білмейді. Кейін ол ойын жасайтын, бірге ойнайтын және виртуал әлемдер құруға мүмкіндік беретін ең танымал цифрлық ойын алаңдарының біріне айналды.

Қазірге Roblox-тың DAU (daily active users) көрсеткіші — 111,8 млн ойыншы. Statista деректеріне сәйкес, барлық пайдаланушының ішінен шамамен жартысы (40%) — балалар мен жасөспірімдер. Олар мұнда ойнап қана қоймай, сөйлеседі, танысады, топтарға кіреді, бірлесіп тапсырмалар орындайды. Сондықтан Roblox-ты ойын ғана емес, әлеуметтік кеңістік десек болады. 

Платформа тегін. Смартфоннан да, компьютерден де оңай ашылады. Оған қоса ойындарды компания емес, пайдаланушылардың өзі жасайды. Roblox ойыншыларға сонысымен ұнайды.

Оған көпшілік неге құмар? 

Roblox-та миллиондаған ойын (режим) бар. Бірақ олардың ішінде әлем бойынша ең көп ойнайтын, тұрақты түрде топта тұратын бірнешеуін айта кетейік. Бұл режимдер жылдар бойы трендте, TikTok-та, YouTube-та, стримерлер арасында танымал. 

Brookhaven RP — өмір симуляторы, roleplay. Бұл режим балалар мен жасөспірімдерді өзінің толық еркіндік беретін құрылымы арқылы тартады. Мұнда дайын сценарий де, міндетті миссиялар да жоқ. Әр ойыншы қалаған рөлін таңдап, виртуал қалада «өмірін құра алады». Ойын механикасы күрделі емес. Интерфейсі түсінікті. Үй салу, көлік жүргізу, достармен араласу, жаңа кездесулерге бару — мұның бәрі «үлкендер әлемін» қауіпсіз ортада модельдейтін мүмкіндік. 

Adopt Me! — жануар асырау, үй салу, трейдиң. Виртуал жануарларды асырауға және оларды жинағанға қызығатындар көп. Ойыншылар мал сатып алады, бағады, олардың түрлі қасиетін дамытады және өзгелерге айырбастайды. Бұл процесс пайдаланушыларға «жаңа дос табу», жеке коллекция жинау деген сезім береді. Сондай-ақ ойынның тұрақты жаңартулары мен жаңа «пэттерді» (pets) шығару балалардың қызығушылығын күшейтіп, ойынға тартып тұрады.

«Вирус» ойындар — Steal a Brainrot пен 99 Nights in the Forest. Кейінгі айларда тез таралып, TikTok пен стримиң платформаларын жаулап алды. Steal a Brainrot — мем-мәдениетке негізделген хаос ойын. Мұнда ойыншылар танымал «брейнрот» трендтерін жинап, бір-бірінен ұрлайды. Ал 99 Nights in the Forest — қараңғы орманда аман қалу туралы хоррор-режим. Оның күтпеген сюжеті мен ортақ мақсаты ойыншыларды біріктіріп, интернетте вирус секілді тарауына себеп болды. Екеуінің де формуласы бір. 

2025 жылы ең көп ізделген ойындар. Фото: roblox.com

Ашық виртуал әлемдер қалай қорғалған?

Сервиске тіркелу кезінде username жазасыз. Алайда шын есіміңізді қолданбауыңызды сұрайды. Аккаунт тіркеу үшін туған күніңізді көрсетесіз. 

Ұлыбританиялық Revealing Reality тәуелсіз әлеуметтік зерттеу агенттігі ойынның балаларға қаншалықты қауіпсіз екенін зерттеген. Мамандар «Roblox-тың балаларға қалыптастырып жатқан қауіпсіздігі шын мәнінде ойында басқаша» дейді. Зерттеушілер өзін 5, 9, 10, 13 жастағы және ересек адам ретінде көрсетіп, бірнеше фейк аккаунт ашқан. Тәжірибе кезінде бұл аккаунттар тек бір-бірімен араласқан.

Сөйтіп онда қауіпсіздік құралдары болғанымен, «оны бұзу қиын емес» деген қорытындыға келген. Ал «балаларға айтарлықтай қауіп бар». Мысалы, бес жасар баланың атынан ашылған аккаунт ересек пайдаланушымен еркін сөйлесе алған. 10 жасар баланың аккаунты жыныстық сипаттағы контенті бар ортаға оңай кіре алған. 

Зерттеу барысында балалардың аккаунттары дауыстық чатта өзге ойыншылардың жыныстық әрекетті суреттейтін әңгімелерін естіп отырған. Ересек адамның атынан ашылған аккаунт 5 жасар баланың аккаунтынан Snapchat контактісін сұрай алған. Бұл Roblox платформасында фильтрлер мен модерацияны айналып өткен қаншалықты жеңіл екенін көрсетеді.

Фото: roblox.com

Roblox өкілдері бұған жауап ретінде онлайн кеңістіктегі «зұлым қолданушылар» мәселесі тек бұл ойынға емес, бүкіл индустрияға тән екенін, балалардың жасын дәл анықтау да әлі жалпыға ортақ күрделі мәселе екенін айтқан. Компания қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру үшін ондаған жаңа құрал қосқанын айтқанымен, зерттеу платформаның толық қорғалмағанын әшкерелеп берді.

Платформаны қауіпсіз етудің амалы бар ма?

Roblox-тан қауіп болғанымен, бұл — баланы ойыннан түбегейлі шектеу керек деген сөз емес. Тыйым салу арқылы қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмайсыз. Оның орнына бұл ойынды саналы түрде қолдануды үйретуге болады

Баланың цифрлық мүддесіне ата-ананың қатысуы — ең мықты қалқан. Common Sense Media және eSafety Commissioner сарапшылары ата-ана баламен бірге ойынды талқылап, кейде бірге ойнап, оның әлемін түсінген кезде ғаламтордағы күмәнді жағдайларды жасырмай ашық айтады деген қорытындыға келген. 

Roblox-тағы Brookhaven немесе Adopt Me сияқты режимдер шын өмірдің кейбір элементтерін модельдейді. Қалада өмір сүру, жауапкершілік алу, жануарға қамқор болу, әлеуметтік рөлдерді түсіну сияқты дағдыларды үйренгенге бұл сөзсіз пайдалы. Психологияда бұл рөлдік оқыту situational learning (жағдайға негізделген оқыту) деп аталады.


Minecraft ойыны туралы аттас фильм жарыққа шыққанда әлеуметтік желілерде ата-аналар «Мен баламның неге қызығатынын енді түсіне бастадым» деп жаза бастады. Бұл құбылысты медиа зерттеушілері «joint media engagement», яғни ортақ медиатəжірибе деп атайды. Мұндай тәжірибе ата-ана мен бала арасындағы сенімді нығайтады және медиаөнімдерді (ойындарды) саналы түрде тұтынуға ықпал етеді.

Бұл ойынға қарсылық артында ұрпақтар арасындағы айырмашылық та тұрған болуы мүмкін. Үлкен буынға виртуал әлемдегі жетістік өмірдегі нәтижеге тең емес. Ал Gen Z мен Alpha толқынға цифрлық орта дамудың табиғи бөлігіне айналып кетті. Мәселен, кәсіби киберспортшы шынайы Formula 1 жарысында жоғары нәтиже көрсетіп, симуляторда жинаған дағдысының өмірде де пайдалы екенін көрсеткен. Сол сияқты Roblox-тағы әлем құру, тапсырма шешу немесе рөлдік жағдаяттар да болашақ дағдылардың іргетасы болуы мүмкін.

Roblox алғашында оқыту мен шығармашылық дағдыларды дамыту құралы ретінде құрылғанын ескерсек, платформаны толық тыйып тастау баланың потенциалын тежеуі мүмкін. Психологтардың беретін кеңесі — баламен ашық сөйлесіңіз, бірге қауіпсіздік параметрлерін баптаңыз, онлайн этиканы түсіндіріңіз және оның хоббиін бағалай біліңіз. Бала өзі сенетін, қызығушылығын түсінетін ата-анамен кез келген күмәнді жағдайды қорықпай талқылайды. Ал бұл — кез келген техникалық фильтрден де мықты қорғаныс.

Соңғы