Skip to content

RDR2: Жабайы Батыстағы әйел рөлі мен гендерлік стереотиптер

Rockstar Games жасаған бұл ойын 1899 жылғы Американы, капитализм мен заңсыздық қақтығысқан дәуірді бейнелей отырып, әйелдің қоғамдағы орнын да қайта қарастырады. Бұл жай ойын емес, ол қоғамның гендерлік құрылымына арналған мәдени зерттеу секілді.

Red Dead Redemption 2 (RDR2) — Rockstar Games әзірлеген, Жабайы Батыс дәуірінің ақырғы кезеңін, яғни 1899 жылды суреттейтін ашық әлемдегі экшн-ойын. Оның басты кейіпкері — Артур Морган, Датч Ван дер Линде басқаратын қылмыстық топтың мүшесі.

Ойынның жанры — ревизионистік уестерн, яғни классикалық Батыс бейнесін қайта қарастыратын, қоғамнан шеттетілген кейіпкерлерді, олардың өмірлік таңдауын және билік құрылымдарына қарсы күресін сипаттайтын бағыт. Rockstar тарихи шынайылықты сақтауға тырысқанымен, ойын әлемін ойыншыны қызықтыруға бейімдеп, «синтетикалық көңіл көтеру кеңістігін» жасаған.

RDR2-нің күші — оның тек оқиға желісінде емес, қоғамдық және философиялық мазмұнында. Капитализмнің қанаушы табиғаты, үкіметтің екіжүзділігі, нәсілшілдік, аз топтар мен әйелдердің жағдайы — бәрі де ойында астарлы түрде өріледі.

Ван дер Линде қылмыстық тобы. Фото: rockstargames.com

Әйел кейіпкерлердің бейнесі: стереотип пен қарсылық

Rockstar-дың бұрынғы ойындары әйел бейнесін көбіне стереотип түрде — әлсіз, енжар, ерлердің зорлығына тәуелді етіп көрсеткені үшін сынға ұшыраған. Ал RDR2-де бұл тәсіл өзгеріп, әйел кейіпкерлердің гендерлік нормаларға қарсы тұруы байқалады.

Жабайы Батыс кезеңі — әйелдердің өз орнын қайта қарастырып, өз «менін» іздеген уақыт. Ойын осы тарихи сәтті Датчтың қылмыстық тобындағы әйелдердің тағдыры арқылы көрсетеді.

RDR2 ойынындағы әйел кейіпкерлер. Фото: rockstargames.com

Сәди Адлер: гендерлік рөлдерді бұзушы бейне

Сэди Адлер — RDR2-дегі ең ерекше әйел кейіпкер. Ол күйеуінен айырылып, қылмыстық топқа еріксіз қосылады, бірақ уақыт өте Жабайы Батыстың қатал заңдарына бейімделеді. Қару ұстап, қатыгездік танытудан қорықпайтын Сэди қоғамның әйелге қойған шектеулерін бұзады.

Француз философы Симона де Бовуардың «Екінші жыныс» еңбегінде айтылғандай, дәстүрлі қоғамда әйел — «Басқа» (Other), ал еркек — «Мән» (Essential). Әйел пассивтіктен («имманенттік») бас тартып, еркін әрекет етуге («трансценденттікке») ұмтылғанда ғана өзін тұлға ретінде аша алады. Сэди Адлер дәл осы процестің символына айналады — ол «әйелдік мифті» бұзып, еркін болуға талпынған бейне.

Сэди Адлер. Фото: rockstargames.com

Тарихи контекст: суфражист әйелдер қозғалысы

RDR2-нің бір миссиясында Артур Морган суфражист әйелдерге (әйелдердің сайлау құқығы үшін күресушілер) көмектеседі. Бұл тарихи мазмұнға сай: шынымен де XIX ғасырдың соңында АҚШ-тың батыс штаттарында әйелдердің дауыс беру құқығын талап етіп, алғашқы саяси қозғалыстар басталған еді.

Суфражист әйелдердің «бұл елді шынайы демократияға айналдыру керек» деген үндеуі қоғамның қатал қарсылығына ұшырайды. Алайда, дәл сол қарсылық олардың күресінің мәнін күшейте түседі.

1848 жылы Сенека-Фоллстағы конференцияда қабылданған «Сезім декларациясында» (Declaration of Sentiments) «барлық ер мен әйел тең жаратылған» деп жазылғаны сияқты, ойын да теңдік идеясын мәдени деңгейде еске салады.

Ойындағы суфражист әйелдер. Ойыннан скрин.

Ойыншылар және уытты маскулиндік

RDR2 — ашық әлемдегі ойын. Сондықтан ойыншылар кез келген әрекетке бара алады, соның ішінде зорлық-зомбылыққа да. Интернетте кей ойыншылардың суфражист әйелдерді ұрып немесе өлтіріп жатқан видеолары тарады. Бұл видеолар миллиондаған қаралым жинап, уытты маскулиндік туралы пікірталас тудырды.

Уытты маскулиндік (toxic masculinity) — ерлердің үстемдігін, агрессия мен бақылауды қалыпты деп көрсететін мәдени модель. Мұндай мінез-құлықтар ойын әлеміндегі ғана емес, нақты өмірдегі гендерлік зорлық-зомбылықты ақтауға әкелуі мүмкін.

Кейбір сыншылар Rockstar-ды мұндай әрекеттерге мүмкіндік беріп отырғаны үшін айыптайды. Ал басқалары, керісінше, «егер әйел кейіпкерлер ойынға қосылса, олар да барлық салдарға тең қатысуы тиіс» деп, бұл жағдайды теңдік ұстанымымен түсіндіреді.

Гендерлік теңдік пен ойынның әлеуметтік ойы

RDR2 ерлердің тарихы туралы болғанымен, оның астарында әйелдің өзін-өзі табу идеясы жатыр. Ван дер Линде қылмыстық тобының ішкі динамикасы — патриархал билік пен еркіндік арасындағы күрестің символы.

Бовуар мен Жүдит Батлердің идеяларына сүйенсек, гендер — биологиялық емес, әлеуметтік құрылым. Батлердің айтуынша, гендерлік нормалар — «жыныс/гендер/қалаудың міндетті тәртібін» (the compulsory order of Sex/Gender/Desire) қалыптастыратын шектеулер жүйесі. Яғни, адамдарды жынысына қарап белгілі бір гендер мен сексуалдық бағытқа «мәжбүрлейтін» әлеуметтік және мәдени жүйе. Суфражист әйелдер мен Сэди сияқты кейіпкерлер осы шектеулерді бұзып, өз субъективтігін қорғауға тырысады.

Ван дер Линде қылмыстық тобы және Сэди Адлер. Фото: rockstargames.com

RDR2 ойынына феминистік идеяларды енгізгені үшін екіұшты реакция болды:
– Бірі — оны «саяси дұрыстыққа» ұмтылған өнім деп сынайды;
– Екіншісі — әйел кейіпкерлерге қарсы зорлықты көрсету арқылы ойын индустриясындағы сексизмді әшкереледі деп бағалайды.

Motherboard сияқты басылымдар ойыншылардың «анти-феминистік» әрекеттерін сынға алып, оларды #MeToo қозғалысына қарсы реакция ретінде түсіндіреді. Ал Gamergate кезінде байқалған әйелдерді қорлау мәдениетінің қайта жандануы да осы ойын төңірегінде байқалды.

«Барлығының мәні енді ашылды»*: ойыннан тыс мағына

Red Dead Redemption 2 — жай ойын емес. Ол тарихи шындық пен мәдени идеологияны тоғыстырып, гендерлік рөлдер мен еркіндік туралы философиялық ой тудыратын шығарма.

Ал Сэди Адлер мен суфражист әйелдердің бейнесі RDR2-ні ерлердің зұлмат өмірі туралы емес, қоғамның өзгеруі мен теңдік үшін күрес туралы туындыға айналдырады.

Ойыншылардың өз әрекеттері арқылы көрсеткен көзқарастары RDR2-нің мәдени әсерін айқындайды: бұл — Жабайы Батыс әлемі ғана емес, қазіргі қоғамдағы гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылық туралы пікірталастың айнасы іспетті.

*It All Makes Sense Now

Соңғы