Редакция саясаты
nükte. медиасы этиканың халықаралық кәсіби стандарттарына сай жұмыс істеп, қоғамға шынайы және әділ ақпарат беру арқылы бірлік пен ынтымақты нығайтуды, адам құқықтары мен бостандығын құрметтеу маңызды құндылық деп санайды. Бұл саясат арқылы біз редакция мүшелеріне нақты ережелер белгілеп, бағыт-бағдар көрсетуді, ал аудиториямыздың бізді құндылықтарымыз арқылы жақынырақ тануын қалаймыз.
Ақпарат кеңістігінде кез келген күрделі жағдай мен этикалық дилемманы бір құжатпен шектеп қою мүмкін емес. Сондықтан біз күрделі сәттерде редакция мүшелері мен басшылық арасындағы ашық диалогты, кәсіби коммуникацияны дұрыс шешім қабылдаудың негізгі құралы деп санаймыз.
Формат та, тақырыптар да, редакция мен аудиторияның қажеттілігі де, талаптары да өзгеруі мүмкін. Бірақ мызғымайтын бір нәрсе бар — негізгі құндылықтарға адалдығымыз өзгермейді. Редакция саясаты сайт және бүкіл әлеуметтік медиа контентін реттейді.
nükte. медиасының редакция саясаты
Миссия
nükte. миссиясы — күрделі әлемді оңай түсіндіру. Біз күрделі тақырыптарды қарапайым тілмен түсіндіріп, ғылым, мәдениет, технология, қаржы & бизнес саласындағы маңызды құбылыстарды адам өміріне жақын, пайдалы әрі сенімді контентке айналдырамыз. Ақпарат адамның көзқарасын кеңейтіп, сауатын арттырып, жақсырақ шешім қабылдауына ықпал етуі керек деп сенеміз.
Біздің құндылықтар
Ашық болу — сенімнің негізі
Редакциямыз қоғамға маңызды да пайдалы деп таныған тақырыптарды танымдық форматта қамтуға тырысады. Материалға қатысты кез келген мүдделер қақтығысы алдын ала ескертіледі. Материалда қолданылатын ақпарат сенімді, ашық дереккөздерден алынады.
Анонимді дереккөз басқа ақпарат көзі болмай, дереккөзді ашық қолдану оған қауіп төндіретін кезде ғана қолданылады. Ол кезде журналист пен редакция дереккөздің сенімділігіне жауапкершілікті өз мойнына алады.
Біз редакциямыздың көзқарасы, ақпарат жинау әдістері, қаржы және басқа маңызды процестері ашық болуы керек деп есептейміз. Сол үшін материалдағы өзгерістер мен мәселелерді аудиториямызға алдын ала хабарлап отырамыз.
Біз мінсіз емеспіз және кез келген кәсіби медиа сияқты қателесуіміз бек мүмкін. Қателікті жасыру емес, оны ашық мойындап, уақытылы түзету — аудитория сенімін сақтаудың жалғыз жолы деп білеміз. Сондықтан қатемен жұмыс істегенде мына ережелерді ұстанамыз:
- Фактіге қатысты қателер: Егер материалда фактіге қатысты, цифрлық, есімдерге қатысты немесе мағыналық қате кетсе, ол дереу түзетіледі. Бұл ретте материалдың соңында қандай ақпараттың қате болғаны және оның қашан түзетілгені туралы «Түзету:» белгісімен ашық көрсетіледі. Біз оқырманға білдіртпей мәтінді астыртын өзгертпейміз.
- Грамматикалық және техникалық түзетулер: Мәтіннің мағынасына, мазмұнына және контексіне әсер етпейтін кішігірім емле қателері немесе техникалық қателер (әріптердің қалып қоюы т.б.) оқырманға қосымша ескертусіз-ақ түзетіле береді.
- Әлеуметтік желілердегі түзетулер: Егер қате ақпарат әлеуметтік желілерде (Instagram, Youtube т.б.) жарияланса, біз қате постты өшіріп немесе түзетіп қана қоймай, сторис немесе жаңа жазба арқылы жіберілген қателік туралы аудиторияға нақты түсініктеме береміз.
Аудиторияға адалдық
Бізге аудиториямыздың сенімі маңызды. Сол үшін материалдарымыз оқырмандар үшін жазылып, аудиториямызды фокусқа алады.
Зиянды азайту, оны құрықтау және қоғам игілігі — біз үшін маңызды құндылықтар. Аудитория мен кейіпкерлеріміздің қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін барлық материалдар ерекше назарға алынады. Қоғам игілігіне қызмет ететін маңызды ақпарат жасырын қалмауы керек.
Біз үшін түсіндірмелі журналистика аудитория білгісі келетін тақырыптардан бөлек, білуіміз керек тақырыптарға назар аудартуға көмектеседі. Сол үшін оқырмандардың оқиғаның не екенін ғана емес, не үшін, қалай болып жатқанын және неге маңызды екенін де білгенін қалаймыз.
Кез келген ғадауатқа толы мәлімдемелерге жол берілмейді. Пікірлер бөліміндегі ғадауат тіліне толы жазбалар редакция тарапынан өшіріледі.
Технология әрдайым адамға қызмет етуі керек деп есептейміз. Бізде контент өндіру барысында жасанды интеллект құралдарын қолданудың шекарасы бар: біз үшін ЖИ – автор емес, тек көмекші құрал.
Жасанды интеллект жинақтаған, өңдеген немесе аударған кез келген ақпаратты адам (автор мен редактор) міндетті түрде тексереді. ЖИ-дің фактілерді бұрмалау (галлюцинация) тәуекелі жоғары болғандықтан, соңғы өнімнің дәлдігіне, этикасына және сапасына тек редакция мүшелері тікелей жауапты. Біз фактчекинг процесін ЖИ-ге толық сеніп тапсырмаймыз.
Материалды әрлеуге келгенде нейрожелі синтездеген кескін, бейнені қолдануымыз мүмкін. Контент визуализациясында 70%-дан астамы ЖИ көмегімен жасалса, біз оқырман алдында ашық болу үшін материалда (немесе сурет астында) «Контент өндіруге ЖИ пайдаландық» деген арнайы белгіні міндетті түрде қосамыз.
Бейтарап болу
Редакциямыз журналистердің өзіндік көзқарастары бар екенін және олардан хабардар болуымыз керек екенін мойындайды. Біз адамның бейтарап болатынына емес, журналистер бейтарап әдістерді қолдану жүйесін қалыптастыру керек деп сенеміз. Сол үшін кез келген материалдағы баланс пен бейтараптықты сақтау үшін тақырыпты кеңінен қарастырып, жан-жақты қамтуға тырысамыз.
Редакциямыз қоғамдық маңызы бар, аудитория өмірін жақсарта алатын тақырыптарға, әлсіздің үнін естіртуге көңіл бөледі.
Редакция журналистері мен авторлары жеке өмірде белгілі бір саяси партияның немесе белсенді топтардың мүшесі болса, мүдделер қақтығысын болдырмау үшін сол тақырыптар бойынша материал дайындаудан шеттетіледі.
Журналистеріміз медианы өз көзқарасын таратуға және басқа да біржақты көзқарасты тарататын платформа ретінде қолдана алмайды. Сондай-ақ, дискриминацияға толы пікірлерге редакцияда орын жоқ.
Әлеуметтік жауапкершілік
Біз жасайтын контент адамдар арасында араздық немесе қарым-қатынасты қиындатуға себепкер болмауы керек. Редакция шешімімен қоғамның бөлінуіне жол беретін контентті шығармаймыз. Ақпараттың әсері мен салдарын алдын ала талдап, контент өндіруде қоғамның әралуандығын ескере отырып бірлігін нығайтуға, адамдарды жақындастыруға мән береміз.
Қорытынды
nükte. медиасы қоғамға әділ, шынайы және объективті ақпарат беруді, аудиториямен сенімді қарым-қатынас орнатуды, сондай-ақ қоғамның дамуы мен бірлігін қолдауды көздейді. Бұл саясат біздің құндылықтарымызды көрсетіп қана қоймай, редакция мен аудитория арасындағы өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді деп сенеміз.