Skip to content

Шексіз қиял мен еркіндік. Майнкрафт ойынының мәні қандай?

Майнкрафт — ойын ғана емес, шексіз қиялға ерік беретін, еркіндік пен шығармашылыққа құрылған виртуалды әлем.

Фото: minecraft.net

Жаздың шыжып тұрған шағы. Ағам екеуіміз қораның іргетасын құйып жатқанбыз. Түске қарай үйге кірдік. Бірақ мен әуелі тамаққа емес, ноутбук тұрған бөлмеге жүгіріп, шағын экранға сүңгіп кеттім. «Не істеп отырсың?» деген ағамның дауысы естілді. «Қорамызды салып бітірдім». «Қайдағы бітірген, іргетасын енді құйдық қой» деді. Мен оған экранды көрсеттім — кірпіштен қаланған, іші-сырты түгел дайын қорама қызыға қарады. Терезесі де, төбесі де бар. Қорамыздың макет күйін виртуал әлемде қалай салғанымды түсіндірдім. «Мынауың сәулетшілерге жақсы екен. Қандай бағдарлама?» деді. «Бағдарлама емес, ойын ғой. Бұл ойынның аты — Майнкрафт».

Minecraft ойынынан скрин
Minecraft ойынынан скрин

Ойында қиялыңдағы кез келген нәрсені құрастыруға болады. Басқаша айтқанда, бұл — виртуал әлемдегі LEGO. Оған қоса қауіп-қатерге толы түндерде түрлі шытырманды бастан кешіп, қызық саяхатқа шыға аласың. Ештеңе істемей-ақ, өзі бетіңше қыдырып жүрсең де болады.

Шынайы әлем масштабымен салыстырсақ, ойын аумағы біздің ғаламшардан жеті есе, Қазақстан аумағынан 1300 есе үлкен.

Бұл ойын адамды шығармашылық тұрғыдан дамытып, білім алу процесінде зор көмекші болып жүр. Ал сөз еркіндігі шектелген елдерде азаматтар үні естілетін алаңға айналды.

Жоқтан бар жасау

Майнкрафттағы негізгі механизм — құрастыру. Ойыншы ойланып, жобалап, құрастырып шаршайды. Бірі зәулім де салтанатты үй салса, басқалары идеяларының макетін жасау үшін кәсіби мақсатта қолданады. Майнкрафт сәулетке қызығатын адамдарға — AutoCAD, кодтаумен айналысатындарға Python бағдарламасы сияқты.

Онда құрылысқа арналған блоктардың шамамен 600 түрі бар. Соның арқасында сәулетшілер, дизайнерлер ғимарат жобаларын, өз қалаларын, тіпті әлемнің жеті кереметін салып шығады. Мысалы, Голландиядағы Роттердам қаласының әр көшесін, ғимараты мен әр бұрышы куб әлеміне айнытпай салып шыққандар бар. Мұндай туынды софт және хард дағдыларын ұштырған таланттардың ғана қолынан шығары анық..

Роттердам қаласы (Нидерланд). Фото: GeoCraft ютуб арнасы

Майнкрафтта қой, сиыр, тауық сияқты жануарлардан бастап зомби, алып өрмекші секілді мақұлықтарға дейін бар. Тіршілік иелері — осы мобтар мен өзің.

Майнкрафттағы мақұлықтар (мобтар). Фото: minecraft.wiki
Майнкрафттағы мақұлықтар (мобтар). Фото: minecraft.wiki

Өз бетінше ештеңе қозғалмайды. Оны ойындағы қызыл тозаң (redstone) деп аталатын элемент арқылы ойыншының өзі қозғалтады. Қызыл тозаң арқылы «жансызға жан бітіруге» болады — өзі ашылатын есік, егінді өзі жинайтын ферма, лифт құрастыра аласың.

Майнкрафтпен оқыту

Қазақстанда Майнкрафтты ағарту мақсатында қолданып жүрген мұғалімдер бар. Мектепте тарих пәнінен сабақ беретін алматылық Болат Мыңбаев оқушыларға Майнкрафт форматында тақырып өту ұнағанын айтады.

Болат карантинге дейін қорғандарды макет ретінде жасап әкелетін болған. Оқу онлайнға өткенде вижуал түсіндірмені Майнкрафтқа көшіру туралы ой келген. Бұл идеясын оқушылары қолдай кеткен.

— Сақ қорғандары жайлы тақырыпқа келгенбіз. Кітапты оқып, қорғандар қандай болғанын түсіну қиын. Себебі сипаттамасына қарап оны елестетуге қиын, қолмен ұстап та көре алмайсың, — дейді мұғалім. — Сөйтіп бәріміз бірге онлайнда отырып, Майнкрафта қорғандарды соға бастадық.

Тарих сабағы. Қорғандар. Фото: Болат Мунбаев

Оқушылар сабақтағы бұл форматқа зор құштарлық танытқан. Бұдан соң олар мұғаліммен бірге Орбұлақ шайқасын, ондағы шатқалды, соғыс жағдайын жасап шыққан. Дегенмен Болат сабақ пен ойынды ұштастырғанда шектен шықпау керек деп есептейді.

— Мұндай әдіс арқылы балалардың шығармашылығы дамиды, әрине. Жаңалықтарға ашық болуымыз керек, бірақ оның да қауіп-қатері бар екенін де ұмытпаған дұрыс. Ойындарды оқу бағдарламасына жүйесіз қоса берген жөн емес. Меніңше, сабақтағы ойын үлесі он пайыздан аспауы керек — дейді ол.

Болаттың тәжірибесі Қазақстанға тың болғанымен, әлемге таңсық нәрсе емес. Мысалы, АҚШ-тағы Чикаго, Кент, Дюваль округтеріндегі мектептердің оқу бағдарламасында «Minecraft: Education Edition» бар. Бұл — Майнкрафттың білім беруге бағытталған арнаулы нұсқасы.

Онда математика, физика, химия, биология, тарих және география сияқты сабақтарды ойын арқылы оқытуға болады. Майнкрафттағы қызыл тозаңды реттеу жүйесі физикадағы тоқ пен механизмдерді модельдеуге келеді, элементтерді тәжірибе жасауға қолдану — химияда, пирамида, қорған салу, оқиғаларды жаңғырту тарих пәнін оқытуда қолданылады. Ал студенттер дизайн, архитектура, бағдарламалау курстарындағы жобаларын Майнкрафт ішінде дайындады. Кейбір университеттер бұл ойында тіпті түрлі жобалар іске асырды.

Цензурадан қашу

Майнкрафт — әлемдегі ең танымал ойынның бірі. Оған ай сайын 145 миллионнан астам адам кіреді. Әлемдегі баспасөз еркіндігін бақылайтын «Шекарасыз тілшілер» ұйымының айтуынша, Майнкрафт саяси емес, бейтарап платформа деп қабылданғандықтан оған көп елде еркін кіруге болады.

Осылайша Майнкрафт сөз еркіндігі жолындағы күрестің тағы бір алаңына айналды. Uncensored Library («Цензурасыз кітапхана») атты жоба дәл осы ойынның мүмкіндігін пайдаланып, цензураға ұшыраған шындықты көпке таратуға жол ашты.

Uncensored Library («Цензурасыз кітапхана») ғимараты. Фото: uncensoredlibrary.com

Бұл виртуал кітапхана 2020 жылы киберцензураға қарсы халықаралық күрес күніне орай ашылған. Идея «Шекарасыз тілшілер» ұйымының бастамасымен жүзеге асқан. Кітапхананы британдық Blockworks студиясы салып шықты. Оған 16 елден 24 адам қатысып, құрылысына шамамен 250 сағат жұмсаған.

Кітапхана ішіндегі әр бөлме — баспасөз еркіндігі шектелген елдерге арналған арнайы кеңістік. Онда тәуелсіз журналистердің бұғатталған, тыйым салынған мақалалары Майнкрафт кітабына айналып, қайта жарық көрген. Виртуал кітапханаға 75 елден төрт мыңдай ойыншы кіріп, картасын 7 мыңдай адам жүктеп алған.

Қуғын-сүргін көріп, шетелге кетуге мәжбүр болған, түрмеге қамалған немесе қастандықпен өлтірілген журналистердің еңбектері автордың не туыстарының рұқсатымен ғана жарияланған.

Кітап сөресінен 2018 жылы Сауд Арабиясының арнайы қызметі өлтірген Жамал Хашоггидің мақалаларын табуға болады. Ойыншылар жоба идеясына, сәулеті мен мазмұны туралы көп пікір жазған. Соның бірі «Солтүстік Кореяға арналған жаңа зал болса» деген ұсыныс айтқан.

Іштегіні шығару

Психолог Диана Кәрімнің сөзінше, бұл ойын адамға эмоциясын шығаруға, жанының күйін көрсетуге немесе өзін тануға көмектеседі.

— Психикалық қорғаныс механизмдерінің бірі — сублимация. Адам ішке бұққан сезімдерін, ойларын, болмысын шығармашылық арқылы жеткізеді. Сол сияқты ойындағы шығармашылық нәрсе де адамның ішкі дүниесінен шығуы мүмкін, — дейді маман. — Адам үйден шықпай-ақ қабілетін шыңдап, ішіндегі ой-толғанысын сыртқа шығара алады. Бастысы виртуал әлеммен шекараны ажырата алу керек.

Диана Кәрім бұл ойын бір нәрсеге ұзақ зейін қоя алмай жүрген адамдарға жүйелі ойлануға дағдыландыруы мүмкін екенін айтады.

— Қазір адамның көңілін аулау үшін геймификация өте қажет нәрсе. Өйткені жыл сайын бір нәрсеге фокус қою нашарлап барады, — дейді психолог. — Мәселен, көп адам бір спикерді тыңдап отыратын лекцияға емес, трениң, уоркшоптарға барғысы келеді. Ол жерде тренер мен қатысушылар арасында интерактив болады. Бұл ойында да сондай құрылым бар.

Фото: minecraft.net

Майнкрафтта белгілі бір тапсырма не сценарий жоқ. Бірақ әлденені құрастыру үшін ойыншы логикалық ережелерді ұстануы керек. Алдымен блок жасайды, сосын оны белгіленген жерге дәл орналастырады, үй төбесін шатырға ұқсатып үшбұрыш етіп жасайды — мұның бәрі бірінен соң бірі орындалатын әрекет.

Майнкрафттың альфа нұсқасы 2009 жылы мамырда шықты. Ал ресми түрде алғашқы 1.0 нұсқасы екі жыл өткен соң, 2011 жылы қарашада жарық көрді.

Қазір әлемнің барлық кинотеатрында «Майнкрафт» фильмі көрсетіліп жатыр. Бұл — осы ойын туралы шыққан алғашқы киноадаптация. Фильмнің премьерасы 4 сәуір басталды.

Соңғы