Басын ашып алайық.
Кейбір инвестор салық төлемейтіні рас па?
Иә, рас. Қазақстан азаматы болсаңыз, Қазақстанда тіркелген компанияның акциясынан дивиденд алсаңыз, жыл бойы алған табысыңыз 30 мың АЕК-тен (яғни ~117 млн теңгеден) аспаса, салық төлемейсіз. Бұл — бірінші жағдай.
Екіншіден, биржада айына жиыны 25 миллион теңгеден көп және 50-ден астам сауда-саттық жасайтын болсаңыз, KASE немесе AIX биржаларындағы белсенді трейдер ретінде тіркеліп, дивиденд салығынан босатыласыз. Себебі мұндай адамдар қатардағы инвестор емес, іс жүзінде кәсіби инвестор деп саналады. Мемлекет мұндай белсенді трейдерлерді салықтан босатады. Өйткені бұл азаматтар қаржы нарығының дамуына үлес қосады, ішкі биржаны дамытады деген сенім бар.
Эх, мен бұл екеуіне де жатпайды екем.
Салық төлеуге кім міндетті?
Елдегі акцияларыңыздан — 30 мың АЕК-тен көп, шетел биржаларында кез келген сомада дивидендке кенелген болсаңыз, 10 % мөлшерінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге тиіссіз.
Акция, облигация немесе пай сатып тапқан табысқа да 10% салық салынады.
Тіпті алтынға инвестиция салып, оны кейін сатқаннан пайда тапсаңыз, оған да 10 % салық төлеуге міндеттісіз.
Жақсы, төлейін салықты.
Қай жерде төлеймін?
Әуелі барлық акцияңызды тізіп, декларация толтыруыңыз қажет. Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми порталына ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) немесе eGov Mobile арқылы кіресіз.
«Электронды декларациялар» бөлімінен 270 формасын таңдап, салық декларациясын тапсырасыз. Бұл форма «Жеке тұлғаның кірістері мен мүлкі туралы декларациясы» деп аталады.
Декларацияға акциялардан түскен дивиденд сомасын жазасыз. Брокер автоматты түрде салық ұстап қалған болса (мысалы, Freedom, Halyk Finance және т.б.), оны да белгілеп қою керек — сонда екінші рет төлемейсіз. Ал шетелдік брокерде (мысалы, Interactive Brokers, eToro, т.б.) жұмыс істесеңіз, салықты өзіңіз есептеп көрсетесіз.
«Қалай салық төлеймін деп қиналудың қажеті жоқ. 270 деген форма бойынша декларацияны толтырып жатқаныңызда-ақ акцияларыңыз бен табысыңыз туралы сұрақтар түгел қойылады. Бастысы сол сұрақтарды мұқият оқып, бәрін ашық әрі анық жазуыңыз керек.»
акционер
Қанша төлеймін?
Пайдаға да, дивидендке де 10 % салық төлейсіз. Мәселен, бір компанияның 50 акциясын 500 000 теңгеге сатып алдыңыз. Біраз уақыттан кейін оларды 570 000 теңгеге саттыңыз.
- Пайда: 570 000 ₸ – 500 000 ₸ = 70 000 ₸
- Салық мөлшерлемесі: 10 %
- Салық сомасы: 70 000 ₸ × 10 % = 7 000 ₸
Яғни, декларация тапсырғаннан кейін 7 000 теңге салық төлеуіңіз керек. Осы принцип басқа бағалы қағаздарға да қолданылады.
Декларацияны толтырып шықтым.
Салық төлейтін жері қайда?
Жүйе төлеуіңіз керек соманы автоматты түрде есептеп береді.
Төлеу тәсілдері:
- eSalyq Azamat немесе cabinet.salyk.kz.
- Банктердің мобильді қосымшалары арқылы (Kaspi, Halyk, Jusan т.б.) «Салықтар» бөлімін ашасыз. Төлеу кезінде «101202 — жеке табыс салығы» кодын таңдайсыз.
«Акционер ретінде биыл бірінші рет салық төледім. Негізі салық төлеген өте оңай екен. Тек декларацияны толтыруға біраз уақытым кетті. Ал банк қосымшасы арқылы салық төлеу кәдімгі төлем жасағандай бес секунд алады екен.»
Қаракөз
акционер
Ешқандай жеңілдік жоқ па?
Бар-бар. Қазақстан әлемнің ондаған елімен қосарланған салықты болдырмау жөнінде келісім жасасқан. Шетелдік компаниядан дивиденд алып, оныңыз үшін сол елге салық төлеп қойсаңыз және ол ел Қазақстанмен қос салықты болдырмау туралы келісім жасасқан болса, Қазақстанға салық төлемейсіз не салық мөлшері азаюы мүмкін. Бірақ шетелде салық төленгеніңізді растайтын ресми анықтама (әдетте сол елдің салық органының қағазы) керек болады.
Шетелде төленген салық сомасы Қазақстан салатын салық мөлшерінен артық болса, айырма ақшаны қайтара алмайсыз. Ал шетелде ұсталған салық Қазақстандағы мөлшерден аз болса, жетпей қалған соманы Қазақстанға өтеп беруіңіз керек.
АҚШ-тың Салық қызметі қолданатын W-8BEN формасын алайық. Ол шетел азаматының АҚШ-тағы кірістерінен қосарланған салық салуды болдырмау үшін толтырылады. Яғни, Қазақстан азаматы ретінде америкалық компаниядан дивиденд алсаңыз, осы форманы тапсырып, АҚШ-та ұсталып қалатын салық мөлшерін азайта аласыз. Қазақстан мен АҚШ арасында қос салық төлеуді болдырмау туралы келісім бар, сондықтан W-8BEN формасын толтырған жағдайда салық тек бір елде ғана төленеді.
Салықты қашан төлеуім керек?
Төлем мерзімі декларация тапсырған мерзімге байланысты.
270 формасы бойынша, декларация тапсырған айдан бастап келер айдың 25-іне дейін төлеуіңіз керек. Яғни, декларацияны қыркүйекте тапсырсаңыз, салықты 25 қазанға дейін төлеуіңіз керек.
Салық төлемесем не болады?
Салық төлемеу — кәдімгі қылмыс.
Декларация тапсырмасаңыз, мемлекет әуелі ескерту береді. Кейін 15 АЕК көлемінде айыппұл салады.
Мәліметті қате не толық етіп бермесеңіз, 3 АЕК айыппұл төлейсіз. Салықтан әдейі жалтарсаңыз, мемлекет 200 % айыппұл салуы мүмкін.
Қазақстан табысымды білмей қалмай ма?
Жоқ, мемлекет бәрін біліп отыр. Қазақстанның салық органдары шетелдік шоттар туралы мәліметті халықаралық ақпарат алмасу келісімдері арқылы алып отырады.
Шетелдік платформаларда сауда жасап, табысыңызды шетел банктеріне аударсаңыз да, бұл ақпарат салық органдарына көрінеді.
Дұрысы — дер кезінде тиісті салық төлеп, өзіңізді де, шотыңызды да қудалаудан аман сақтап қалыңыз.