Skip to content

Өсіру, қорғау һәм сақтау. Диверсификация неге керек?

Инвестициядан кейін білу керек маңызды ұғым — диверсификация. Бар ақшаны бір компанияға не бір нарыққа салу қауіпті, ал әртараптандыру тәуекелді азайтады. Осы мақалада портфельді актив, сектор және ел бойынша қалай дұрыс бөлуге болатынын түсіндірдік.

Фото авторы Anne Nygård / Unsplash

Нарық әліпбесінде әуелі инвестиция деген сөз тұрса, қаржылай сауатты боламын деген адам білуі керек екінші ұғым — диверсификация. Бар ақшаны бір компанияда не бір елдің нарығында ұстаған қауіпті. Ал әртараптандыру қағидасына сай бөлінген портфель шығынды азайтуы, тіпті табысты еселеп арттыруы да мүмкін. Nukte портфельді актив түрі, сектор, компания, ел мен валюта бойынша қалай сауатты диверсификациялауға болатынын түсіндіріп береді.

Инвестициядағы қаражатты әртүрлі актив, сала, компания, ел мен валютаға бөліп орналастыру стратегиясын диверсификация деп атайды. Оның мақсаты — бір ғана факторға тәуелдікті төмендету. Яғни, бір саланың басына бұлт үйірілсе, екіншісінің тасы өрге домалап жатуы мүмкін. Соның арқасында қорыңыз нарықтағы түрлі құбылыстан шайқалып кетпейді.

Мұны бір мысалмен түсіндірейік. Әлдебір инвестордың 1 миллион теңгесі бар делік. Ол бүкіл соманы бір компанияның акциясына салса және сол акция бағасы 50 пайызға құлдыраса, инвестор 500 мың теңге жоғалтады. 

Ал сол 1 миллионды бірнеше бөлікке бөліп: 200 мыңын — акцияларға, қалғанын депозитке, облигацияларға және басқа валютаға салса, жағдай мүлде басқаша болар еді. Мұндай диверсификация жағдайында акцияларыңыз 50 пайызға түссе де, бұл жалпы портфельдегі тек акцияға салған бөліктің жартысына, яғни 100 мың теңге көлемінде ғана әсер етеді де, портфельдің қалған бөлігіндегі табыс осы шығынды жауып, жалпы зиянды нөлге түсіруі немесе тіпті аз да болса пайда көрсете алуы мүмкін. 


Диверсификация дегенді өзім әртүрлі саладағы компаниялардың акциясын сатып алу деп білемін. Бір салада проблема болып, сол салаға қатысты компаниялардың акциясы түсіп қалғанда, сіз сатып алған басқа акциялар өседі немесе өз қалпында тұрады. Мысалы, атом саласындағы компаниялардың акция бағасы сәл құлады делік. Менде тек атом компаниялары болса, қатты минусқа кірер едім. Бірақ портфелімде банк, мырыш, IT бар. Яғни, портфелім диверсификацияланған.

Сарапшының суреті
Шыңғыс, 28 жаста

Әртараптандырудың кемшін тұсы да бар. Бүкіл қаражатты тез өсетін бір активке салып, ол шын мәнінде күрт өссе, табысыңыз да жоғары болады. Ал бөлінген портфельде сол өсім тек капиталдың бір бөлігіне ғана тиесілі. Ертең ол бөлік тағы құбылып күрт арзандап кетсе, шығыныңыз да соған сай болады. Сондықтан диверсификация сақтық стратегиясы екенін біліңіз. Ол жинақтың күрт өсу не азаю қаупін төмендетеді, есепсіз табысқа кепілдік бермейді.


Әртараптандырылған портфель теориясының негізін қалаған — экономист Гарри Марковиц. Ол 1952 жылы жариялаған еңбегінде түрлі активті біріктіру арқылы портфельге төнетін қауіптерді азайтуға болатынын математикалық тұрғыда дәлелдеген. Марковиц бұл тәсілді қаржы саласындағы табысты азайтпай-ақ тәуекелді төмендетуге мүмкіндік беретін сирек механизм деп атаған. 

Енді портфельді қалай диверсификациялау керегін түсіндірейік.

Алуан түрлі құралға жүгіну

Портфельді әртараптандыру ең алдымен құралдар деңгейінде басталады. Инвестор қаражатын тек акцияларға емес, облигацияларға, депозиттерге, алтынға не өзге де құралдарға үлестіріп салады.

Нарық құлдырағанда кейбір актив (мысалы, облигация не алтын) бағасы өседі я ең болмағанда қатты төмендемейді. Бұл әдіс портфельді үлкен шығыннан сақтап қалады. 

Мәселен, акцияларыңыздың бағасы бір айда 10 пайызға түссе, сол уақытта облигациялар 3 пайызға өсіп, алтын бағасы орнында қалуы мүмкін — осылайша портфельдің жалпы құлдырауы айтарлықтай азырақ болады.

Портфельді былай бөліңіз: өсетіндер (акциялар/ETF), қорғайтындар (облигациялар) және сақтайтындар (қолма-қол ақша мен депозиттер). Қорды осы тәртіппен жинасаңыз, инвестициялық қоржыныңыз тұрақты әрі қауіп-қатерге төзімді болады.


Мен 70-20-10 деген әдісті ұстануға тырысам. 70 пайыз акцияңды тұрақты компанияларға саласың. 20 пайызды тәуекелі жоғары акцияларға бөлуге болады. Қалған 10 пайызын нарықта ойнап, сарапшы ретінде байқап көргенге қолданамын.

Сарапшының суреті
Данияр, 33 жаста

Мысалы, 2008 жылғы қаржы дағдарысы кезінде АҚШ-тың S&P 500 индексі бір жылда шамамен 37 пайызға құлдыраса, мемлекеттік облигациялар оң нәтиже көрсеткен. Яғни, қорғаныс құралдары портфельдің жалпы шығыны ауыр сезілмеуіне көмектескен. Активтерді араластырудың мәні осындай кезеңдерде сезіледі.

Секторларға бөлу

Активтерді бір бағытта жұмыс істейтін көп компанияға бөлген әртараптандыру деп есептелмейді. Инвестор тек технологиялық компанияларды немесе тек мұнай-газ секторын таңдаса, ол бір экономикалық бағытқа тәуелді болып қалады.

2020 жылғы пандемия кезінде туризм мен әуе компанияларының акциялары құлдырады, ал фармацевтика мен IT секторы өсті. Бірнеше сектор қамтылған портфельде бір саланың дағдарысын екіншісі теңестіре алды.

Сондықтан инвестор портфельге әртүрлі саладан компаниялар қосқаны дұрыс. Мысалы, бір бөлігі — IT, бір бөлігі — медицина мен биотехнология, тағы бір бөлігі — банктер, өнеркәсіп, тұтыну тауарлары, энергетика деп кете береді.

Экономикалық циклдер әр салаға әртүрлі әсер етеді. Ахуал қалай өзгерерін дөп басып болжай алмайсыз, сондықтан кез келген жағдайда портфеліңіз өзін «сүйреп» шығатындай әртараптандырып қойған дұрыс. 

Бір компанияға байланбау

Бұл — инвестициядағы ең көзге көрінбейтін қауіптердің бірі. Кез келген бизнестің басына сот дауы, басқару дағдарысы, қаржылық есептегі проблема немесе санкциялық қысым түсуі мүмкін.

Сондықтан тәжірибеде бір компанияға портфельдің шағын үлесін ғана бөлу ұсынылады. Көп жағдайда 15-20 акциядан тұратын жиынтық жеткілікті деңгейде әртараптандырылған деп саналады.

Мысалы, 100 мың теңге 20 компанияға бөлінсе, біреуінің толық құлдырағаны портфельдің шамамен 5 пайызына ғана әсер етеді. Ал бар ақша бір акцияда болса, жағдайыңызды бір компанияның тағдырына байлап қойған боласыз.


Бір елде ұстамау

Бір елдің нарығына тәуелді болғаныңыз макроэкономикалық тәуекелді күшейтеді. Ел экономикасы баяуласа, валютасы әлсіресе не жергілікті билік тосын өзгерістер енгізсе, портфеліңіз зардап шегуі мүмкін.

Ал бірнеше нарыққа бөлінген капитал мұндай қауіп-қатерді азайтады. Бір елдегі тоқырауды басқа нарықтағы өсім теңестіруі ықтимал.

Шетелдік нарық әлемдік алпауыт компаниялардың азды-көпті үлескері болуға мүмкіндік беретінін ескеріңіз. Қазақстан нарығы салалық тұрғыда шектеулі болса, жаһандық нарықта технология, жасанды интеллект, биотехнология және әйгілі брендтер сияқты мол таңдау бар.

Әлемдік нарық әр кезеңде түрлі нәтиже көрсетеді. Мысалы, 2000-2010 жылдары АҚШ нарығы баяу өссе, дамушы елдер нарығы қарқынды нәтиже көрсеткен. Ал 2010 жылдан кейін жағдай керісінше өрбіді. MSCI индексінің деректері бойынша, елдер арасындағы табыс айырмашылығы кей жылдары ондаған пайызға жеткен. Географиялық әртараптандыру осы циклдік айырманы теңестіріп, қорыңыздың қауіпсіз сақталуына септеседі.

Түрлі валютада сақтау

Қазақстандық инвесторға валюта факторы ерекше маңызды. 

Теңге әлсіреген кезде шетел валютасындағы активтердің теңгедегі құны өседі. Ал портфель тек ұлттық валютада болса, сатып алу қабілеті төмендеуі мүмкін.

Сондықтан портфельдің белгілі бір бөлігін шетел валютасында ұстау инфляция мен бағам құбылмалығын теңестіруге көмектеседі. Бұл теңгедегі активтерден бас тартуға үндеу емес, қауіп деңгейін бәсеңдету жолын түсіндіру екенін ескерте кетейік.

Қазақстанда кейінгі он жылда теңге бірнеше рет күрт әлсіреді. 2015 жылы доллар еркін айырбас бағамына көшкен кезінде ұлттық валюта бірден 30 пайызға құнсызданғаны есіңізде шығар. 

Мұндай кезеңдерде доллармен немесе еуромен сақталған активтердің теңгедегі құны автоматты түрде өсті. Сондықтан валюталық әртараптандыру тек инвестициялық шешім емес, сатып алу қабілетін қорғау құралы деп те қабылданады.

Соңғы