Биыл қазақстандықтардың депозитте сақтаған ақшасы 24,7 трлн теңге болып, ел тарихындағы рекорд шамаға жеткен. Ал елдегі не шетелдегі биржаларға Қазақстан азаматтарының қанша қаражаты салынғанын анықтау мүмкін емес, себебі ондай есеп жүргізілмейді. nükte бұл мақаласында ақшаны депозитте сақтаған тиімді ме, акция сатып алған дұрыс па деген сұраққа жауап іздейді.

Депозит деген не? Қандай түрлері бар?

Қаражатты көбейтудің танымал жолдарының бірі — депозитке салу немесе акция сатып алу. Депозит — ақшаны банктен белгілі бір сыйақы, яғни пайыз алу үшін сақтау, ал акция — биржадан сатып алған компания үлесі. Екеуінің табысы да, тәуекелі де әртүрлі.

Депозит — адамның банктегі шоты. Онда салымшы ақшасын белгілі мерзімге сақтап, банк оған келісілген мөлшерде пайыздық сыйақы төлейді.

Депозиттің мерзімді, мерзімсіз және мақсатты деген түрлері бар. Мерзімсіз депозиттердегі ақшаны кез келген сәтте шешіп алуға болады. Пайыздық мөлшерлемесі ең азы да — сол. Ал мерзімді депозитте қаражатты үш, алты ай не бір жыл сияқты мерзімге салуға болады. Ондай жинаққа банк көбірек сыйақы төлейді. Бірақ ақшаңызды қалаған кезде шешіп ала алмайсыз. Олай етсеңіз, оған төленген сыйақыдан айырыласыз.

Ал мақсатты депозит — сыйақысы ең жоғары жинақ түрі. Мұндай шоттан ақшаны нақты бір мерзім біткенше шешіп алуға болмайды. Шешер болсаңыз, банкке алдын ала айтуыңыз керек, оған қоса, бұған дейін қосылған сыйақыдан қағыласыз.

2021 жылдан бері акцияға да, депозитке де ақша саламын. Ай сайын белгілі бір соманы депозитке аударамын, белгілі бір сомаға акция сатып алып қоямын. Оны екі балам оқуға түскенде шешемін. Біраз жыл бар. Өсе берсін деп, ол ақшаға тиіспеймін. Бір айда шығын көбейіп кетейін деп тұрса, акцияға азырақ жұмсаймын. Себебі маған ақша керек кезде биржада не боп жатады, акциям құлап жата ма, шешіп алғанға ыңғайлы уақыт бола ма — білмейсің ғой. Сол үшін дереу ақша керек боп қалады-ау деген жағдайда депозитке аудара тұрамын.

Сарапшы суреті
Мирас, 33 жаста.

Қазақстанда жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттерін мемлекет сақтандырады. Депозиттерге кепілдік беру қоры әрбір салымшының бір банкке салған депозитіне 10 миллион теңгеге дейін (мақсатты депозиттерге — 20 млн) кепілдік береді. Бұл — банк банкрот болса, мемлекеттік қор осы межеге дейінгі соманы өтеп береді деген сөз.

Ал акция шотында жатқан ақшаны мемлекет сақтандырмайды. Кей брокер қосымша сақтандыру полистерін ұсынуы мүмкін, бірақ олардың кепіл сомасы көп емес.


Депозиттегі ақшам құнсызданбай ма?

Депозит ашқан оңай, түсінгенге жеңіл. Сондықтан оны таңдайтындар көп. Қазақстанда теңгемен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін Ұлттық Банк пен Депозиттік кепілдік қоры бекітеді.

Депозиттің «жауы» — инфляция. Банктер беретін пайыздық мөлшерлеме ресми инфляциядан жоғары болуы керек. Әйтпесе қордағы ақшаңыз құнсыздана береді. Мысалы, қазір банктер беретін максимал пайыздық мөлшерлеме — 15-18%. Ал инфляция ресми түрде 12% шамасында.

Бірақ теңге бір жыл ішінде ғана емес, ұзақ мерзімде де құнсызданатынын ұмытпаңыз. Мұны девальвация деп атайды. Ұлттық валютаның АҚШ долларына шаққандағы бағамы 2013-2023 жылдары үш есе құнсызданған. Сондықтан ақшасын тек теңгемен ұстап отырғандар осыны ескеруі керек.

Депозитті доллармен (кез келген шетелдік валютамен) ұстап отырмын ғой деген адам бұдан қорықпауы мүмкін. Бірақ шетелдік валютадағы жинаққа банктер беретін сыйақы 1-2%-дан аспайды.

Ақшамды депозитте ұстаймын. Себебі он сегіз жастағы ұлым шетелде оқиды. Оқуына, жүріс-тұрысына, сабақ шығындарына аяқ астынан ақша керек болып қалады. Сонда дереу тауып беруім керек. Сондықтан маған акция алған қолайсыз. Одан қалаған күні, қалаған сағатта шешіп ала алмайсың. Мұндайға депозит жақсы. Бірақ депозиттен табыс табамын деп айта алмаймын. Жай әмиян сияқты қолданамын.

Сарапшы суреті
Бақтыгүл, 41 жаста.

Ал акция деген не? Одан қалай табыс табамыз?

Акция дегеніміз, бұған дейін материалымызда айтқанымыздай, үлестерін биржа базарына шығарған компанияның бағалы қағаздары. Акциясын сатып алсаңыз, сол компанияның акционері атанасыз.

Акция ұстайтын адам екі жолмен табыс табады. Біріншісі — акция бағасының өсуі (капиталдың өсімі), екіншісі — кейбір компания төлейтін дивидендтер (компания пайдасының акционерлерге бөлінетін бөлігі).

Акцияның табысы шектелмеген. Яғни компания өте табысты болып өссе, сіздің акцияларыңыздың бағасы бірнеше есе көтерілуі мүмкін.

Миллиондаған акционері бар ірі компаниялардың бір сәтте банкрот болуы — биржа тарихында сирек кездесетін жағдай. Тұрақты бизнес-моделі бар, капиталы зор әрі нарықтағы дауылдарға төтеп бере алатын компанияларға инвестиция жасаған дұрыс.

Ұсынамыз
Инвестор болғым келеді. Неден бастауым керек?
Инвестиция әлеміне қалай кіруге болады? Акцияны қалай аламын? Барлығын қарапайым мысалмен түсіндіретін материал.

Акция алсам, он жылда ақшам қалай өседі? Есептеші

Депозит пен акцияның табысын нақты сандармен салыстыру үшін кейінгі он жылға шолу жасап көрелік. Әрине, алдағы табыс өткен көрсеткіштерге дәл сәйкес болмауы мүмкін, бірақ өткен деректер бізге белгілі бір түсінік береді.

Ол үшін АҚШ-тың ең ірі компанияларының акциялары шоғырланған индекс — S&P 500-ді мысалға алайық. Бұл индекс АҚШ қор нарығының жалпы ахуалын көрсетеді. Оның құрамында Apple, Microsoft, Amazon, Googlе және Coca-Cola сияқты алып компаниялардың акциялары бар. S&P 500 ұзақ мерзімде тұрақты өсімді көрсетіп келеді.

Мысалы, сіз 2013 жылдың басында S&P 500 индексіне $100 көлемінде инвестиция салсаңыз, 2025 жылдың соңында шамамен $540 алған болар едіңіз (барлық дивидендті қайта инвестициялаған жағдайда). Бұл — жалпы +440% табыс, жылына доллармен орташа есеппен 14,3% кіріс деген сөз.

Бұл кезеңде АҚШ-та инфляция да болғанымен (12 жылда шамамен 40-50%), S&P 500 инвестициясының нақты табысы өте жоғары болған — жылына ~11%. S&P 500 индексі 2013–2023 жылдары бірнеше мәрте құлдырап, кей жылдары минус көрсетсе де, он жылдық нәтиже осындай өсімге жетіп отыр.

S&P 500 ішіндегі танымал компаниялар кейінгі он жылда біраз қымбаттады. Мысалы, Apple — әлемдегі ең ірі капитализациясы бар компаниялардың бірі. 2013 жылдан 2023 жылға дейін акция бағасын шамамен 750%-ға өсірді (яғни инвестициялаған ақшаны шамамен 8,5 есе көбейткен). 2013 жылы Apple компаниясына 100 доллар салсаңыз, ол ақша 2023 жылы шамамен 850 доллардай болар еді.

Сол сияқты, Amazon, Microsoft, NVIDIA секілді технологиялық компанияларға инвестициялаған инвесторлар да кейінгі он жылда бірнеше есе табысқа кенелді. Әрине, әр жылдары бұл акциялардың бағасы құбылып отырды. Кей жылы кері кетіп жатты. Мысалы, Apple акциясы 2022 жылы шамамен 26% төмендеді. Бірақ 2023 жылы қайтадан 48% күрт өсті.


Енді депозитті есептеші. Он жылда одан қанша табар едім?

Мысалы, 2013 жылы Halyk Bank депозитіне 100 000 теңге салып, жыл сайын пайызды капиталдандырып (яғни, оны да депозитке салып) отырдық делік. 2013 жылы Halyk Bank жеке тұлғаларға шамамен 9-10% жылдық сыйақы беретін. Орташа алғанда 2013-2023 жылдары теңгелік депозит мөлшерлемесі ~10% болғанын ескере отырып, он жыл бойы пайызды капиталдандырсақ, 100 мың теңгеміз шамамен 260-270 мың теңге көлеміне жетер еді. Яғни жалпы өсім ~160-170% шамасында. Бұл — жиынтық табыс тұрғысынан қарағанда акция нарығынан әлдеқайда төмен.

Оның үстіне, 2023 жылы 270 мың теңгені АҚШ долларына айырбастасақ, шамамен $600 шығуы мүмкін (дәл курсына байланысты), ал 2013 жылы 100 мың теңге шамамен $650 еді. Демек, валютаға шаққандағы нақты табыс жағынан депозит инвесторы ұтылуы да мүмкін, себебі теңгенің құнсыздануы әсерін тигізеді. Ал Apple не S&P 500 секілді шетелдік акцияларға 2013 жылы доллармен инвестиция салған адам, керісінше, теңгедегі құнсызданудан ұтып шығады — олардың долларлық инвестициясы өскен үстіне өсіп, оны теңгеге шаққандағы көлемі бірнеше есе артады.

S&P 500 vs Депозит: 10 жылды салыстыру
Көрсеткіш S&P 500 Депозит
Бастапқы
сома
$100 100 000₸
Мерзім 2013–2023 2013–2023
Жиынтық
табыс
Шамамен +300–350%
(S&P 500 он жыл бойы
тұрақты өскен)
Шамамен +160–170%
(пайызды жыл сайын
капиталдандырумен)
Жылдық
орташа табыс
~13–14% жылына ~10% жылына
(номинал)
Соңғы сома
(шамамен)
$100 → ~$350–$450 100 000₸ → ~260–270 000 ₸
Валюта және
құнсыздану
Доллармен сақталғандықтан
құнсыздану тәуекелі төмен
Теңгенің құнсыздануы
нақты табысты
айтарлықтай төмендетеді
Тәуекел деңгейі Бағасы құбылады,
бірақ ұзақ мерзімде
жоғары табысты актив
Табысы төмен,
есесіне тұрақты және
сақтандырылған құрал
*Бұл салыстыру – тарихи көрсеткішке сүйеніп жасалған қарапайым мысал. Алдағы уақытта мұндай болмауы мүмкін.

Тұрақтылық пен тыныштық ұнай ма, дауыл мен даму ұнай ма?

Табыспен қатар ескеретін ең басты фактор — тәуекел деңгейі. Депозит пен акция осы тұрғыда жер мен көктей.

Депозит — ең қауіпсіз қаржы құралдардың бірі. Сіз банкке ақшаңызды бересіз, банк оған келісілген пайыздық мөлшерлеме бойынша табыс төлейді. Нарықтағы өзгерістерге қарамастан, банк сізбен келісімшартта көрсетілген сыйақыны төлеуге міндетті. Банктің өзінде де тәуекел өте төмен. Стратегиялық маңызы бар банктердің банкрот болуы екіталай, ал шағын банк жабылған жағдайда сақтандыру қаражаты төленеді.

Сондықтан құбылмалы биржаға дайын емеспін, ақшам тиісті сыйақысын алып, тып-тыныш жата берсін десеңіз, депозитті таңдаңыз.

Декреттен шығып, жұмысқа кіріскенімде үйімді жөндеуге ақша жинай бастадым. Акция алайын ба, депозитке аударайын ба деп ойладым. Акциялар туралы оқып, ештеңе түсінбедім. Керек кезде қалай шешіп алып отырамын деп ойладым. Сөйтіп қарапайым депозитті таңдадым.

Сарапшы суреті
Айжамал, 31 жаста.

Акция — өте құбылмалы, тәуекелі жоғары құрал. Акция бағасы нарық жағдайына байланған. Жалпы экономикадағы жағдайдан не компанияның өзіне қатысты теріс бір жаңалықтан акция бір-ақ күнде 5-10% құнсызданып кетуі мүмкін. Бұл құбылысты инвестор есінде ұстап, дауылдарға дайын болғаны дұрыс. Ақша жиі шешіп алып отыруым керек десеңіз, жинақты депозитте ұстаған дұрыс. Себебі сіз акцияны сататын кезде ол 30% құнсызданып жатуы мүмкін. Мұндайда ұтыласыз.

Акция капиталды ұзақ мерзімге сақтап, өсуін байыппен күте алатын жандарға арналған тиімді құрал. Жоғарыда айтып өткеніміздей, тарихи деректер соны көрсетеді. Акцияға салған ақшаңыз мемлекет не ұйым тарабынан ешқалай сақтандырылмайды. Тәуекелді азайтамын десеңіз, портфелді әртараптандыра аласыз.


Қысқа-нұсқа

Депозит — табысы төмен, есесіне тұрақтылық бар, ақшаңызды мемлекет қорғайды және жинақты жедел шешіп алуға болады.

Акция — құбылып тұрады, бірақ табысы жоғары болуы мүмкін, ақшаңызды тез шешіп ала алмайсыз, ұзақ мерзімде жинақ еселеп артады.